Кез келген елдің тілегі де, оның арманы да халқының бейбітшілігін сақтау екені сөзсіз. Елінің экономикасын дамытып, халқының қауіпсіздігін нығайту арқылы ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Өйткені, бейбіт өмір бақыт, береке, бірлік әкелумен бірге, өрлеу мен өркендеуге жол ашады. Дана халқымыз «Байлық байлық емес, бірлік – байлық» деп бекер айтпаса керек. Бұқара халық әрдайым тыныштықта, мәңгілік бейбіт өмір сүруді армандайды. Ал ұрпағының амандығы келешегінің кемелдігін білдіреді. Өткен тарихқа көз салсақ, адамзат небір сұрапыл соғыстардан көз ашпады. Қаншама елдер соғыс зардабынан құлдырап, азып-тозды. Талай жазықсыз жандар сол зұлматтың зардабын шекті. Мұның барлығы бейбітшілік кеткен жерді берекесіздік жайлайтындығын тайға таңба басқандай етіп анық көрсетуде. Бейбітшілікті сақтау, соғыс отын тұтатпау, бейбітшілік үшін күресу қазіргі ХХІ ғасырдың да ең өзекті мәселелерінің біріне айналды. Содан болар, халықаралық қоғамдастық бейбітшілікті жалпыадамзаттық құндылықтар қатарына қосып отыр.
1 Адам – ең жоғарғы құндылық. Еліміз егемендік алғаннан кейін адамды ең жоғары құндылық ретінде бағалау қалыптаса бастады. Адамның бар құндылығы – оның өмірі. Ол адамның мінезі мен темпераменті, мүддесі, көзқарасы, әдеті, тілегі, мәдениеті, тәрбиелік деңгейі, бір-бірімен өзара қарым-қатынасы, кішіпейілдігі, әдептілігі, жеке басының тазалығы, әсемдігі, сөйлеу мәдениеті т.б.
Адамның өмір сүру барысындағы қолданатын тәсілінде оның түрлі қажеттіліктері, ақыл-ойының қалыптасуы, еркіндік жауапкершілігі, қызметін ұйымдастыруы және болжамы анықталады. Оның іс-әрекеті және сол арқылы адамның қалыптасуы мен дамуы өз шешімін табады. Адам- дүниені өзгертуші күш.
Орыс жазушысы К. Г. Паустовский: «Адам ақылды, кішіпейіл, әділ, батыл да қайырымды болуға тиіс. Тек сонда ғана оның осынау Адам деген мәртебелі атпен аталуға құқы болады»;
Куба жазушысы, саяси қайраткер Х.Марти: «Адам бола білу – ең қиын мамандық» - деп жазған. Ең ұлы жеңіс- өзіңді-өзің жеңу. Өзіне-өзі ие бола білген адам ғана барша жұрттан мықты.