Менің сүйікті жыл мезгілім.
Бір жылда төрт жыл мезгілі болса, әрқайсысының өзіндік қайталанбас ерекшеліктері бар. Менің сүйікті жыл мезгілім - қыс. Оның бірнеше себебі бар: біріншіден, менің туылған күнім қыс мезгілінде, екіншіден, Жаңа жыл тойлап, көптеген сыйлықтар аламын, ал үшіншіден, қыста достарыммен ойнағанды жақсы көремін.
Сонымен, менің сүйікті мезгілім қыс та келіп жетті. Айнала ақ ұлпа қарға оранып, аппақ болып жатыр. Қыс мезгілінде аяз болғанымен, бұл балалар үшін өте қызық мезгіл. Себебі, балалар қыста шаңғы мен коньки теуіп, төбешіктен шанаға мініп сырғанайды. Енді кейбіреулері қардан аққала жасап, басқалары қар лактырысып ойнайды. Мен үшін биылғы қыстың ерекшелігі - ата - анам туған күніме шаңғы сыйлады. Көптен бері шаңғы тебуді үйренгім келіп армандап жүрген болатынмын, енді міне, осы демалыста әкеммен бірге бірінші рет шаңғыға тұрып үйрендім. Әрине, мен ойлағандай оңай болмады, әсіресе тепе - теңдікті ұстау қиынға соқты, бірнеше рет құлап та алдым. Дегенмен, өте қызықты болды. Енді әкеме ұқсап, шыңғыда нық тұрып, тебуді үйренсем, менен бақытты жан болмас. Келесі жылы ата - анам "Шымбұлаққа барып, шаңғы тебеміз" деп уәде берді. Ал сіз үшін биылғы қыс несімен ерекше?
Мектеп... Бұл сөзде қаншама мағына жатыр десеңші! Ойын қуып жүріп, он бір жылдың қалай өткенін білмей де қалыппын. Артқа қарап, өткенді есіме алсам, балалық шағымның балдай тәтті кездерін көремін.
Әлі де есімде... Мектеп табалдырығын аттаған кезде мен тым кішкентай болсам да, бәрі де көз алдымда тіпті кеше ғана болған сияқты. Қолымда бір шоқ гүл, жанымда ата-анам, туған-туысқандарым. Мектептің жанында толған адамдар, мұғалімдер. Өзің сияқты кішкентай қыздар мен ұлдарды көріп, таңқалған едім. Сол кезде ата-анам маған: «Сен мектепте жалғыз оқымайсың. Көрдің бе, сен сияқты балалар қандай көп, солардың ішінен сен өзіңе өте адал дос табуға тырыс», - деп атқан еді.
Содан соң алғашқы ұстазымды көрдім. Осы кезден бастап мен ұстазымның арқасында мектеп туралы, мектептің не екенін, оның қандай мағына беретінін ақырындап түсіне бастадым. Сөйтіп айлар, жылдар өтті...
Достарыммен болашаққа жоспар құрып жүрген кезде соңғы қоңырау да соғылды. Не қуанарыңды, не жыларыңды білмейсің. Жүрегіңде бір қорқыныш сезімі бар сияқты. Өзіңе-өзің мыңдаған сұрақтар қоясың. Ал, міне, мектепті бітірдім, енді кім боламын? Болашағым қандай болады? Қандай мамандық иесі боламын? Осы және де басқа сұрақтар мазалап еді. Ал қазір мен бұл сұрақтарға сенімді түрде жауап бере аламын. Өйткені мен Инновациялық Еуразия университетінің студентімін. Өзіммен өзім мақтанамын. Және де мектептегі ұстаздарымның болашақта мен үшін мақтанғанын қалаймын! Бұл үшін мен қолымнан келетіннің бәрін істеуім керек. Мектептен алған білімдерімді, тәрбиемді болашақта тиімді пайдаланып, үлкен нәтижеге жетемін деп ойлаймын.