Туған жер... Туған ел... Осы екі ғана сөзде қаншама мағына, қаншама ой жатыр десеңізші?! Туған жердің қадірін әр адам әрқалай түсінетін шығар. Ал мен үшін Туған жер қадірі дүниедегі ең ұлы деген нәрсемен пара-пар. Себебі, ол – менің әлпештеген анам, аялап өсірген әкем, туған-туысым, аға-әпкелерім, мені білім жолына жетелеген ұстаздарым, сол білімге ұмтылу жолындағы тай-құлындай тебіскен жора-жолдастарым дүниеге келген жер. Менің Туған жерім, Отаным – кішкентай болса да, мен үшін аса қымбат әрі киелі Қармақшы жері. Осы мекенде менің көңілді де шаттыққа толы, уайымсыз да бейкүнә балалық шағым өтті. Қызыққа толы балалық шағым өткен туған ауылдың ауласын еш уақытта ұмытпақ емеспін. Балабақшадағы күндерім... Мектеп табалдырығын алғаш аттаған күн... Сыныптас достарыммен алғашқы таныстық... Бәрі-бәрі қазіргідей көз алдымда. Осылайша мектеп табалдырығын аттаған күнімді көз алдыма әкелсем, бүгінгі білім ордасымен, санаптас достарыммен қоштасар сәттің жақындағанына да сене алмай қаламын. Әредік орта мектепті бітіруге санаулы ғана күн қалғанын, сыныптас достарымызбен жан-жаққа, Қазақстанның түкпір-түкпіріне білім іздеп кете баратынымызды, балалықпен қоштасуым тиіс екенін ойласам бітті – жүрегім атша тулап, қобалжып қоя береді. Енді әне-міне дегенше сүрлеу-соқпағы көп өмірдің үлкен белесіне аттанбақпын. Мен – жас түлекпін алға ұмтылған. Жас түлек – болашақ үлкен мамандық иесі, өмір атты керуеннің бір жолаушысы. Қалаған мамандығымның соңына түсіп, өмір-керуен қайда жетелесе – сонда жол тартпақпын. «Сен де бір кірпіш, дүниеге кетігін тап та бар қалан» деп қазақтың дара тұлғалы ақыны Абай атам айтпақшы, өмірден өз орнын тапқан дұрыс қой. Дегенмен «туған ауылымды тастап кете барамын» деген ойдың өзі менің киелі, құт мекеніме деген сағынышымды қазірден арттыра түседі. Туып-өскен жерім туралы толғанып, ой жетегіне берілген шағымда үнемі Авар елінің нағыз патриот ақыны Расул Ғамзатовтың мына бір шумақтары ойыма оралады да тұрады: Қымбат маған елімнің бар даласы, Балтық пенен Сахалиннің арасы. Қайда болсам қиям оған жанымды, Туған жерден қазсын бірақ қабірді. Туған елге, Туған жерге, Туған тілге деген ыстық сезімнің үздік үлгісі мен үшін осындай болмақ. Отан туралы ой толғасаң, жан толғанысын айтып тауыса алмассың, сірә. Туған жеріне деген шексіз махаббатқа ие жүрегіммен өзімнің сыныптас достарыма алда тұрған үлкен сын – ҰБТ-дан сүрінбей өтіп, өзі сүйген мамандықтың иесі болуын тілей отырып, Туған жердің – қазақ елінің қадірін біле жүрейік дегім келеді.
Қазақстанның көрікті жерлері туралы досыма хат.
Сәлем, Алина! Қал – жағдайың қалай? Үйіңе аман – есен жеттің бе? Мен қазір саған ауылдан хат жазып отырмын. Екеуміздің халықаралық балалар орталығында танысқаныма өте қуаныштымын, енді осы хатымда мен саған Қазақстанның көрікті жерлері жайлы айтып кеткенді жөн көрдім.
Менің кіндік қаным тамып, алғаш тәй-тәй басқан, алғаш «ана» деп күлім қаққан, киелі жерім, атамекенім бар, ол – тәуелсіз Қазақстан. Мен өз басым Қарағанды облысына қарасты Жаңаарқа ауданында тұрамын. Ұлан байтақ еліміздің ірі қалаларын аралау - менің арманым, себебі Қазақстанда көрікті жерлер жетерлік. Әзірге осы арманымды ата - анамның арқасында ақырындап жүзеге асырып келемін. Жазғы демалыста отбасымызбен демалуға бір қаланы таңдап, сонда жол жүреміз. Әзірше біз киелі Түркістан, жер жәннаты Жетісудың орталығы - Талдықорған, оңтүстік астанамыз Алматы және еліміздің бас қаласы Нұр - сұлтанға сапар шектік. Әр қаланың өзіндік қайталанбас ерекшеліктері бар. Мысалы, Түркістанда біз киелі жерлерді аралап, аптап ыстықта жер асты құдығының суын ішіп, бұрынғы заманның сәулет өнері туындыларына тамсандық. Ал Жетісу өңірінде таудан сырқырап аққан Қаратал өзенінің бойында серуендеп, таза ауада демалып, табиғаттың сұлулығына тәнті болдық. Оңтүстік астанамыз аталып кеткен Алматыда серуендеп қыдыру мен аты әлемге әйгілі Алматы апортын татып көрудің өзі арман ғой, Алматыны тіпті өлең - жырға қосқан ақын - жазушылар қаншама десеңші... Алматыда серуендейтін жерлер өте көп. Солардың ішінде біз Көктебеге көтеріліп, әсем Алматыны жоғарыдан алақанымыздағыдай көріп таң қалдық. Аты әлемге әйгілі Медеу мұз айдынында коньки тептік, Абай атындағы ұлттық опера және балет теартының кезекті қойылымын тамашалап, Ә.Қастеев атындағы сурет галереясына да барып үлгердік. Еліміздің жүрегі – Нұр – сұлтан қаласының да көрікті жерлері аз емес, жыл сайын олардың қатары толықтырылып келеді. Тәуелсіз Қазақстанның сәулеттік символына айналған «Бәйтерек» монументі, «Хан-шатыр» сауда және ойын-сауық орталығы және «Думан» ойын-сауық кешені біздің отбасымыздың сүйікті демалу орындары.
Келешекте Қазақстанның Қостанай, Павлодар, қарт Каспийдің жағасында орналасқан Ақтау, Атырау, сонымен қатар шырайлы Шымкент қалаларын аралағым келеді.
Ал сен бұрын Қазақстанда болдың ба? Болмасаң, мен сені қонаққа шақырамын, жазғы демалыс уақытында келіп, қонақ болып кет.
Хат жазып, хабарласып тұр.
Сәлеммен, досың Амира.
чининтгпяпньштацпетұьүр