Жақсы дос – жан азығы. Досқа деген сыйластық сезімі – әр адамның бойында бар қасиет. Сыйластық сезім достар арасында берік орын алса, адам ешқашан жалғыздық көрмейді. Достардың бір-біріне деген құрметі зор болса, ол қиындықтан шығуда да, өмірдегі мақсатына жетуде де үлкен демеу болмақ.
Ол үлкен өмір жолынан өткен, тәжірибеде жинақталған, қиындықта сыналған сыйластық болса, анағұрлым берік болмақ. Көп жылдан бері қыры мен сырын білетін, өмірдің талай сынында жаныңа серік болып, үнемі қасыңнан табылатын дос туысқаныңдай болып жүрегіңнен берік орын алады екен. Халық даналығында «Киімнің жаңасы, достың ескісі жақсы» деп бекер айтпаған.
Достық - адамдардың бір-біріне адал, өзара жауапкершілік пен қамқорлықтың, рухани жақындықтың белгісі. Нағыз достық кісіге шабыт беріп, өмірде кездесетін түрлі сәтсіздіктерге мойымауға, басқа түскен қайғы мен қайшылықты бірге көтеруге жәрдемдеседі. Дос - жарандардың мінездері әр түрлі болып келуі заңды. Мысалы, біреуінде қызбалық, екіншісінде, тұйықтық не жігерсіздік байқалса да, бұлар достыққа кедергі бола алмайды, қайта нағыз дос осындай кемшіліктерден арылуға көмектеседі.
Әр халықтың ұлттық танымын, көзқарасын, өзіне тән жеке ұлттық ерекшелігін білдіретін наным-сенімі, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі бар. Ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүрдің қаймағын бұзбай, ұмытылып кетуіне жол бермей, қазіргі қоғамда өте жарасымды етіп қолданып жүрген халықтың бірі – қазақ халқы. Халқымыз дәстүрге өте бай. Ал салт-дәстүрге бай болу - елдің мәдениетті әрі тәрбиелі екендігінің айғағы.
Салт-дәстүр деген не, соған тоқталып өтейін. Салт-дәстүр – ел өмірімен біте қайнасып кеткен рухани және мәдени азық. Біздің халқымыз өз ұрпақтарын қасиетті салт - дәстүрмен, өнегелі әдет-ғұрыппен, ырым-тыйыммен тәрбиелеп, ұлағатты ұл мен инабатты қызды теріс жолға түсірмей тәрбиелей білген. Бауыржан Момышұлы «мен өзімнің ұрыстағы тәжірибемнен жауынгерлік қасиетті тәрбилеуде ұлттық дәстүрдің маңызы зор екеніне көзім жетті» деп жазады. Бұдан отаншылдық, ерлік, мәрттік, жомарттық, адамгершілік қасиеттердің бәрі салт-дәстүр арқылы даритынын түсінуге болады. Яғни, салт-дәстүр адамды адастырмас тура жолмен жүруге, жөн-жосықты біліп, үйренуге және өмірде қолдануға үгіттейтін мызғымас заң іспетті десем де қателеспесім анық.