Қазақта би болмаған» дейтіндердің аузына біржолата құм құйылды. Олай дейтініміз, көнеден келе жатқан ұлттық «Қара жорға» биі әйгілі Гиннесстің рекордтар кітабына алтын әріптермен жазылды. Ғасырлар қойнауында қалып, бертін келе арамызға қайта оралған осынау би үлгісі бүгінгі ұрпақтың орындауында тіпті жандана түскендей. «Қытайдағы ұлтжанды қандастарымыз 10 мыңдай адамның басын қосып, «Қара жорғаны» бір деммен орындап шығыпты» деген хабарды ел-жұрт бірден іліп әкетті. «Қара жорға» болмаса, тойдың сәні келмейді» демекші, бүгінде қазақтың көп жиындары мен той-томалақтары осы бір ерекше, ғажап бисіз өтпейді. Әйтсе де біз көп жағдайда өзіміздің түп-тамырымызға үңіле бермейміз. Соның салдарынан қаншама құндылықтарымызды күнделікті игілігімізге пайдалана алмай отырмыз. Себебі бүгінгі қазақтың баласы кешегі өткен тарихына мұражайлық экспонат ретінде қарайтын сияқты. Осылайша, бізде ұлттық мұраларымызды экзотика ретінде ғана қабылдау қалыптаса бастады. Десек те, мұндай қасаң қағидаларды өзгертіп, ұлттық өнерге деген жаңаша көзқарас қалыптастыруға әбден болады екен. Мұны 10 миллионға жетер-жетпес қазаққа «Қара жорғаны» серпіле билеген әлгі 10 мың биші дәлелдеп бергендей. Еліміздің басына екіталай күн туғызған сонау бір зар-заман нәубет жылдары қазақ қазақ болғалы бергі рухани байлығымыздан кәдімгідей ажырап қалдық. Қылышынан қан тамған Кеңес өкіметі де қазақтың небір жауһар дүниелерін өз қолымен жоюға тырысып-ақ бақты. Әйтсе де жылдар өте келе етек-жеңін жиған Алаш жұрты Тәуелсіздік алғаннан кейін шетте шашылып жүрген қандас бауырларын азат шаңырақ астына жинап, біріктіре бастады. О баста «оралман» деген атқа ие болған қандастарымызбен бірге бірте-бірте ұлтымыздың сан жылдар бойы жоғалып кеткен құндылықтары, салт-дәстүрлеріміздің кейбір нұсқалары мен өнері ортамызға қайта оралып, сәнін беріп әрі мәнін ұқтыра бастады.Бөркімізді аспанға атқызған «Қара жорға» да атамекеніне оралған қазақтармен бірге келген мол қазынамыздың бірі еді. Енді, міне, сол мұрамыз мерейімізді үстем етіп отыр. Әдетте әр халық өзінің бір өнерімен өзгелерден ерекшеленіп тұрады.
АЛМАТЫ. 22 маусым. ҚазАқпарат /Сара Мұстафина/ - Бүгін - Ұлы Отан соғысының басталғанына 70 жыл. 22 маусым - барлық посткеңестің елдердің тарихындағы ең қайғылы датаның бірі.
Осыдан 70 жыл бұрын, дәл осы күні таң қылаң бере фашистік Германия Кеңестік Социалистік Республикалар Одағына шабуыл жасады.
Соғысты бірінші болып қарсы алғандардың қатарында Кеңес Одағының батыс шебін күзеткен ондаған мың қазақстандық-шекарашылар болды. Атақты Брест гарнизонының өзінде 1941 жылдың көктемінде біздің 3 мыңдай жерлесіміз қызмет еткен, шілде айында олардың көпшілігі әскерден елге қайтулары керек болған. Бірақ жаудың шабуылы олардың бұл жоспарларын күл-талқан етті. Соғыс өрті ішке қарай тез еніп, Брест қамалының тірі қалған қорғаушылары партизандар қозғалысына қосылды. Олардың қатарында 190 қазақстандық болған және олардың көбісінің сүйегі беларусь жерінде қалған.
Соғыс кенеттен басталғанымен, Қазақстан, бүкіл Кеңес Одағы сияқты, алғашқы күннен бастап жұдырықтай жұмылды. Республиканың түкпір-түкпірінде әскери комиссариаттарға еріктілер ағылды. Кеше ғана мектеп партасында отырған бозбалалар мен бойжеткендер де, қала мен ауыл тұрғындары да соғысқа сұранды.
1939 жылдың дерегі бойынша, біздің республикамызда 6,2 миллион адам тұрып жатқан. Соғыс жылдары Кеңес Армиясының қатарына 1 миллион 200 мың қазақстандық шақырылған, 20-дан астам атқыштар дивизиясы мен басқа да құрылымдар жасақталған. Фашистермен болған шайқастарда 328-ші, 310-шы, 312-ші, 314-ші, 316-шы, 387-ші, 391-ші, 8-ші, 29-шы, 102-ші, 405-ші атқыштар дивиясы, 100-ші және 101-ші ұлттық, 81-ші, 105-ші, 106-шы кавалериялық дивизиялар, 74-ші және 75-ші теңіз атқыштар бригадасы, 209-шы Зайсан, 219-шы минометтік, 85-ші зениттік, 662-ші, 991-ші және 992-ші авиациялық полктер ерекше көзге түсті. Майданға 14 100 жүк және жеңіл автокөлік, 1 500 шынжыр табанды трактор, 110 400 жылқы, 16 200 арба жөнелтілді.
Қазақстан армия мен флот үшін офицерлік кадрлар және резервтік күштер дайындауға да лайықты үлес қосты. 1941-1945 жылдары әскери оқу орындарына 42 мыңнан астам жас қазақстандық жолданды, ал Қазақстанның аумағында сол жылдары жұмыс істеген 27 әскери оқу орны толық емес мәлімет бойынша 16 мыңдай офицер дайындап шығарған.
Біздің жерлестеріміз майдан даласында ерлікпен шайқасқан. Жауынгерлік ерліктері үшін жүздеген мың қазақстандық медаль-ордендермен марапатталса, 500-дей адам Кеңес Одағының Батыры, 100-ден астам адам - Даңқ орденінің толық иегері атанған. Төрт қазақстандық екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атанды, олар - Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский, Иван Павлов және Леонид Беда.