Ақ киімді, денелі, ақ сақалды, Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды. Үсті-басы ақ қырау, түсі суық, Басқан жері сықырлап, келіп қалды. Дем алысы - үскірік, аяз бен қар, Кәрі құдаң - қыс келіп, әлек салды. Ұшпадай бөркін киген оқшырайтып, Аязбенен қызарып ажарланды. Бұлттай қасы жауып екі көзін, Басын сіліксе, қар жауып, мазаңды алды. Борандай бұрқ-сарқ етіп долданғанда, Алты қанат ақ орда үй шайқалды. Әуес көріп жүгірген жас балалар, Беті-қолы домбығып, үсік шалды. Шидем мен тон қабаттап киген малшы Бет қарауға шыдамай теріс айналды. Қар тепкенге қажымыс қайран жылқы Титығы құруына аз-ақ қалды. Қыспен бірге тұмсығын салды қасқыр, Малшыларым, қор қылма итке малды. Соныға малды жайып, күзетіңдер, Ұйқы өлтірмес, қайрат қыл, бұз қамалды! Ит жегенше Қондыбай, Қанай жесін, Құр жібер мына антұрған кәрі шалды.
Бұл бір ұзақ ертегі. Қарлығаштың құйрығы неге айыр? Қысқаша айтатын болсақ, ертеде жылан патша болады, ол біраз жылдардан соң өз тамағының ерекше болғанын қалап, маса мен шіркейді өзіне шақырады. Оларға дүниеге ең тәтті қан кімдікі екенін біліп келуді тапсырады. Ең тәтті қанды анықтаған маса жылан хабарлауға асығып ұшып келе жатқанда қарлығаш жолығады. Масаны мақтап кімнің қаны тәтті екен, бізбен де бөліссеңші,- дейді, мақтағанға масаттанған маса, ең тәтті қан адам қаны екенің айтады. Қарлығаш оған сондай қанның дәмін татқан, тіліңді көрсетші,- дейді. Сол кезде масаның тілін жұлып алады. Маса жыланның алдын келіп ештеңе айта алмай, ызыңдайды, сонда қарлығаш, ең тәтті топырақ,- деп тұр дейді жыланға. Бірақ, маса еңіреп жылап, қарлығаштан болғанын көрсетеді. Жылан бар бәле сенен болған екен ,- деп тұр ұмтылғанда қарлығаш ұшып кетеді, ал құйрығы жыланда қалады. Содан бері қарлығаштың құйрығы айыр екен.