Ел мен жер тағдыры екіталай күйге түскенде қолына ер-азаматтармен бірге қару алып, ұрыс даласында атой салған қазақтың батыр қыздары мен аналарының көп болғаны қарт тарихтың еншісінде жатқан хақ ақпар. Бүгінде оларды дәріптеу былай тұрсын, есімін ұран еткендердің қатары мол. Бұл анасын ардақтаған текті ел үшін зор мәртебе, үлкен қуаныш болса керек-ті.
Қазақ қыздарының әрбірінің бойында қайсарлық пен батылдық, жанарында жалын бар. Олардың осындай қайсарлығы мәңгі өшпес алаумен тең. Үндінің Дели сұлтандығының басын XIII ғасырда қарумен қосқан Рәзия патшайымның да шыққан тегі қыпшақ екені белгілі болды, яғни, түбі қазақ деген сөз. Сондықтан да батыр аналарымыз жайлы тарихтың тереңінен мейлінше сыр суыртпақтауға болады. Домалақ ана, Қызай ана, Жанат, Қарқабар, Алтыншаш, Әлпеш, Момын аналар, Айсары, Таңсұлу, Айтолқын арулар, Ақбикеш, Мақпал, Бопай ханымдар, Айша бибі, Рабиға бегім, Қарашаш, Еңлік, Баян сұлу сынды қазақтың батыр қыздары мен аналары том-том еңбектер жазуға лайық.
Атақты Қабанбай батырдың жары Гауһар өте ақылды, тапқыр жан болған деседі. Соғыста әртүрлі тәсіл ойлап таба білген. Мәселен, түйенің өркешіне найза байлап соғыс алаңына алып келгенде жау жағы қазақтарға қосымша әскер келді деп қаша жөнелген екен. Осындай тәсілдерді соғыс үстінде таба білуімен ерекшеленген Гауһар мәңгі ел есінде.
Назым – Қаракерей Қабанбай мен Гауһардың қызы. Қаһарман қыз сан рет жау әскерін талқандап, әкесімен бірге қазақ-жоңғар соғысына қатысып, елін қорғаған оның ерлігі елге аңыз болып тараған.
Ақбикеш жауды алыстан көретін қырағылығымен танылған қыз екен. Соғыста жау жасағын бақылап, оның бағытын хабарлап отырған. Тіпті, жау бағытын анықтау үшін Қаратау өңіріне биік мұнара салдыртқан. Талай ұрыста қапы қалып, әбден өшіккен жау Ақбикешті қолға түсіріп, қырағы көздерін ойып тастаған көрінеді. Қаратаудағы «Ақбикеш мұнарасы» осы батырдың құрметіне аталған.
Ботагөз батыр – Есет баһадүрдің қызы. 1742 жылы Орынборға кеткенде елін қалмақтар шауып, жылқыны айдап алып кетеді. Сол тұста 150 сарбазды бастап барған Ботагөз жау әскерін тас-талқан етіп, тірі қалғанын тұтқынға алып жеңіспен оралған. Қыз бастаған қолдан ойсырай жеңілгенін естіген қалмақ қолбасшысы бас сауғалап үлгерген негізгі әскерді қатаң жазалаған екен.
Бопай батыр – Кенесары ханның қарындасы. 1837-1847 жылдары Ресей отаршылдығына қарсы жүргізілген көтеріліске қатысқан ол 600-ден астам сарбазды басқарған. Бірнеше рет тұтқынға түссе де ебін тауып құтылып отырған Бопай батыр сарбаздарды азық-түлік, қару-жарақ, киім-кешекпен қамтамасыз етуде айрықша қажыр-қайрат көрсеткен. Барлық істе табандылығымен, ақыл-парасатымен танылып отырған қазақ елінің мақтанышы, ардақты анасы.
Бақты батыр – әкесі жаужүрек болған текті жердің қызы. Алаш арыстарының бірі Мұстафа Шоқайдың әжесі. Бақты әкесімен бірге Түркістанды жаулаушы орыс отаршылдарына қарсы барлаушылық қызмет атқарған.
Міне, қазақтың осындай жаужүрек батыр қыздары мен аналары ел тарихын қалауда, елдігімізді берік етіп, мемлекетімізді құруда айрықша үлес қоса білген. Біз сондай-ақ Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Хиуаз Доспанова сынды майдангерлерді, Ләззат пен Сабирадай қайсар қыздарымызды атаусыз қалдыра алмаймыз. Олар да кешегі батыр аналардың жолын жалғаған, елдігіміз үшін, өр рухымыз үшін аянбай күрескен намысшыл аруларымыз еді. Сол намысты да рухты қыздарымыз бен аналарымыздың ізбасарлары егемен елден көптеп шыға бергей.
Туған жерді аңсау.
Менің кіндік қаным тамып, алғаш тәй-тәй басқан, алғаш «ана» деп күлім қаққан, киелі жерім, атамекенім бар, ол – тәуелсіз Қазақстан. Халық даналығы «Әркімге өз туған жері Мысыр шаһары» деп бекерге айтпаған.
Төбесі көкке тірелген таулары бар, көк-жасыл орман-тоғайлары бар, асу-асу белдері бар, қойнауы алтын астық пен малға толған кең жазира даласы бар Қазақстан әлемге әйгілі өте бай ел. Табиғаты әр алуан жан -жануарларға толы, аққулы көлдері бар, тулаған толқынды теңіздері бар, әсем қалалары бар достығы жарасқан көпұлтты мемлекет. Әнұранымен әйгілі, Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі егемен елімізге қызыға қарамайтын ел жоқ шығар.
Мен өз елімді мақтан тұтамын. Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында жыл өткен сайын еліміз қарқынды дамып келеді. Қазақстанның әлемдік картада өзіндік ерекше орны бар. Қазақстандай дархан елде қаншама ұлт өкілдері тату - тәтті, бейбіт өмір сүріп жатыр.
Туған жерін жырға қоспаған, туған жері жайлы толғанбаған ақын-жазушылар жер бетінде жоқ шығар.
Менің туып өскен жерім егеменді Қазақстан. Қазақстанның байлығы өте көп және қазынаға бай ел. Біздің еліміздің табиғаты өте сұлу. Биік-биік асқар тау, мөп-мөлдір көлдер, неше түрлі өсімдіктер мен дәрілік қасиеті бар шөптер өседі. Қазақстан жерінде аңдар мен құстар, неше түрлі жануарлар өмір сүреді.
Қазақстанның кең даласындай байтақ дала еш жерде жоқ шығар. «Отаның-алтын бесігің», «Отаны жоқтық нағыз жоқтық»- деп дана халқымыз бекер айтпаған. Өз Отанын сүю, өз ана тілін ардақтау әрбір азаматтың бірінші міндеті. Ал біздің халқымызда атамекенді ардақтау сезімі өте терең деп ойлаймын. халқымыздың басынан қандай қиын кезеңдер өткенде де ата-бабаларымыз елімізді сыртқы жаудан қорғай білген.