Бұл орайда елең еткізген жаңалық — тұңғыш мемлекеттік ресми идеология, яғни «Мәңгілік Ел» идеясының жариялануы. Бұл — Қазақстан Республикасының ұлттық идеясынан келген түйін-тұжырым. Мәңгілік Ел отандастардың бірегей тарихи мақсаты мен қаһармандық ұраны десек қателеспейміз. Аталған идея қазақ елінің ғасырлар бойы армандаған мақсаты ғана емес, Тәуелсіздік жолындағы жанқиярлық еңбегі мен тынымсыз шығармашылығының нәтижелері арқылы қол жеткен асу. «Мәңгілік ел» ұғымын тереңнен түсіндіру, тарихи негіздерін көрсету мәселелері маңызды болып табылады.
Қазіргі ұрпақ соғыс пен жорықта қиянкес ерлік көрсетіп, жауынгерлік рух танытқан ата-бабасына алғыс айтуы тиіс. Осынау кең байтақ жерді дұшпанның көзінен, жаудың бөзінен бекер сақтап қалған емес, келешек ұл-қыздары үшін аманаттап қалды.
Олардың ерлігін айтып, ата-бабасының батырлық болмысын есте ұстап, онымен мақтану – кез келген ұрпақтың парызы. Бабаның ерлігі ұрпаққа рух береді. Сонау Керей мен Жәнібектен бастап Қабанбай мен Бөгенбайдың, Шақшақ Жәнібек пен Ер Жәнібектің, соңғы хан Кенесары мен соңғы батыр Оспанның ерлігін жалғастырған жандар қазақ жерінде аз болмаған. Бұған Ұлы Отан соғысы кезінде ерлік көрсеткен қазақстандықтар дәлел бола алады.