Алтын адамның» бас киімі сақтардың ғарыш туралы танымының мысалы. Бұл үш әлемнің өзіндік үйлесімділігінен құралған модель: жерасты, ортасы – жер, жоғарғы жағы – аспан. Әлемнің төрт бұрышы бар – оң, сол, алды және арты.
Алдыңғы бөлігі – шығыс жақ, артқы бөлігі – батыс жақ. Бас киімдегі оюлар көлденең үш бөлікке бөлінген. Алтын таулар мен ағаш тізбесімен жиектелген. Тау етегінде «қыс аңдары» – жолбарыстар мен ешкілер бейнелеген. Ал шыңында – құстар, қанатты жолбарыстар (тигрогрифондар).
Ою-өрнектің жиегі әлемдік тау жотасын білдіреді, сақтардың көзқарасы бойынша, әлемді барлық жағынан қоршап тұр деген сөз. Ою әлемнің үш бөліктен құралғанының символы іспеттес: жерасты әлемі, жер, аспан.
Сақиналы фриздердің төрт айқас секілді орналасқан төрт жақтағы нүктеде аңдардың (барыс, тауешкі) бейнесі орналасқан.
Бас киімнің алдыңғы бөлігінде барлық ғарыштың символы – күн эмблемасы жайғасқан: төрт қанатты ат пен төрт алтын жебе. Бұл барлық үш әлемнің үстіндегі билік пен күн жолындағы әлемнің төрт бөлігінің белгісі.
Адамға мұндай тәжді кидіру – барлық ғарыш туралы аңызға билік ету. Көсем мен басындағы, үстіндегі киімдер әлемнің өсін, яғни орталығын білдіреді – бұл әлемнің құрылымы туралы сақтардың мифологиялық көріністері.
Жұмбақ айтыс.
Жұмбақ айтыс– айтыс жанрының бір түрі. Онда табиғат құбылыстары, адам, жан-жануар, қоғам тіршілігіндегі көріністерді жұмбақтау арқылы өнер бәсекесіне түскен әріптестер бір-бірінің ақыл-парасаты мен ой-түсінігін сынап, сөзден тосып, тізе бүктіруді көздейді. Жұмбақ айтыстың ең алғашқы түрі – қыз бен жігіт қайымдасуларында бір-біріне тосыннан сұрақ қойып, оған қолма-қол жауап қайыруды өзара мақсат еткендіктен, көбінесе олардың жауаптасулары барынша жинақы, терең мағыналы болып келеді. Қайым айтыстарының бір топ үлгілерінде (аты-жөні мәлімсіз көптеген қыз бен жігіт қайымдасулары, “Ұлбике мен Күдері қожа айтысы”, тағы басқа) қойылатын бір-екі ауыз жұмбақ айтыс тағдырын үзілді-кесілді шеше алмайды, көбінесе, қарсыласын оқыстан тосып тоқтатудың көп тәсілдерінің бірі ғана.
Қыз бен жігіт қайымдасуларының енді бір тобында айтыстың тоқтамды түйіні жұмбақ шешімдеріне келіп тіреледі. Мұнда жұмбақты қыз жағы бастап, жігіт шешуімен шектеледі де, ақыры қыздың дәстүрлі жол беруімен (жүзік, сақина, түйме, орамал – бір тоғыз) аяқталады. Жұмбақ арқылы айтысу ақындар айтысында кемелденіп, өзінің шырқау шыңына жеткен. Бұлардың бірсыпырасы ғылым-білім, өнердің пайдасын паш етсе, енді бір тобы деректі заттар мен өмірдегі жаңалықтарды жұмбақ етеді.