«Сауда жасай білесіз бе?» тақырыбына шағын эссе.
Нарықтық экономика заманына көшкеннен бері сауда – саттық адам өмірінің маңызды бір бөлшегіне айналды. Заман талабына сай «Клиенттің айтқаны әрқашан да дұрыс» деген қағида қалыптасты. Сауда жасау, саудамен айналысу бір көзге оңай көрінгенімен, бұл – қыр – сыры көп, арнайы білім мен біліктілік мен шыдамдылықты талап ететін мамандық түрі.
Сауда - бүкіл адамзат дамуының қозғалту күші. Біз сатумен күн сайын айналысамыз: тауарлар, қызмет көрсетулер, білім, уақыт, тіпті соңғы кездері өзімізді (яғни білімімізді) сатамыз. Маркетинг, PR және жарнама – бұл ғылым ретінде арнайы оқытылса, экономикалық қару да, басқару функциясы да, байланыс үрдістері де тікелей сату өнерімен байланысты.
Қазіргі таңда заманауи сатушыға қойылатын талаптар өте жоғары десек те болады. Оның себебі, сатып алушылардың талапшылдығы мен талғампаздығына, бәсекелестердің белсенділігі мен қайсарлығына біліктілікпен, құзыреттілікпен және асқан еңбекқорлықпен жауап беріп, болашақ клиентке дұрыс қызмет көрсете алсаңыз – 100%-тік табыс әкелетіні сөзсіз. Сондықтан, сауда – әркімнің қолынан келе бермейтін өнер. Өйткені, «клиенттің айтқаны әрқашан да дұрыс» деген қағида қалыптасқан заманда әрбір сатып алушымен жақсы қарым – қатынас орнату, жаңа клиенттер табу, тапсырысты орындай білу секілді мәселелер туындайды. Сонымен, сауда жасай білу нағыз өнер түрі деген қорытындыға келдім. Себебі, бұл сатып алушыны тыңдай біліп, қалаған затын толықтай түсіну, клиентке көңіл бөлу дегенді білдіреді.
Қазақтың ұлттық қолөнері.
Қай халықтың болмасын сан ғасырдан бері келе жатқан ұлттық мұрасы мен рухани қазынасы ұлттық нақыштағы өзіндік қолөнері болады. Халық шеберлері мен ұсталары ұлттық қолөнер бұйымдары арқылы халқымыздың дәстүрі мен тұрмыс – тіршілігін көрсете білген.
Халқымыздың ою, тігу, құрастыру, тоқу, мүсіндеу, бейнелеу сияқты ұлттық қолөнер түрлері бар. Бұлар сан ғасырлық тарихы бар, дегенмен қазіргі заман ағымына сай кейбір өзгерістерге ұшырап келе жатқан қолөнер түрлері.
Нақты қолөнер туындыларына тоқтала кетер болсақ, ұсталар: найза, қылыш, айбалта, семсер сияқты қару-жарақ түрлерін әзірлеген. Ал ағаш шеберлері киіз үйдің сүйегінен бастап, үй мүліктері: сандық, кебеже, асадал, тостаған, ожау, астау және музыка аспаптары: домбыра, қобыз, шертер, т.б. даярлаған. Зергерлер сәндік әшекейлік бұйымдар: сырға, білезік, алқа, өңіржиек, бойтұмар, шашбау, т.б. жасаған. Ісмерлер тоқыма, киіз басу, киім тігу өнерін дамытқан.
Бүгінгі ғылым мен техниканың дамыған заманында ұлттық қолөнеріміз жас ұрпақ үшін қалыс болып бара жатқаны бәрімізге аян. Ұлттық болмысымызды жоғалтпай, ұлттық қазынамызды сақтап қалуды Елбасымыздың өзі «Қазақстан – 2030» мәдени мұра бағдарламасын стратегиясында алға міндет етіп қойған болатын. Сондықтан ұмыт болып бара жатқан қолөнерімізді қолға алып, одан әрі дамытып, кәдемізге жарату керек деп ойлаймын. Қазіргі кезде егеменді елімізде бізге жастарға әсемдік тәрбие беруде ерте заманның мәдени мұрасы айрықша қызмет атқарады. Сондықтан ұлттық қолөнерді қайта жаңғыртудың бірден – бір жолы сынып сағаттарына ақ жаулықты апа – әжелерімізді шақырып, олардың өсиетімен қоса, өнерін де бойымызға сіңіру керек деп ойлаймын.