Туған жер – алтын бесік
Менің туып-өскен жерім, кіндік қаным тамған жерім – ауылым. Ауыл деген, ойпырым-ай, еске түссе, көзден жас шығып, бетіңнен күлкі кетпес! Балалардың у-шуы, кемпір-шалдың дүбірі, сарқыраған су, табын-табын жылқы шабуы әлі де есімде...
Шіркін, әжем айтқандай, «Өткен өмір - соққан жел» деп, биыл, міне, мектеп бітіріп, азамат болдым. Енді бірнеше жылдан соң жоғары білім алып, өз мамандығым бойынша жұмыс істемекпін. Міне, кешегі көбелек қуған қазақтың қара домалақ баласы бүгін ер жетіпті.
Мен атам мен әжемнің қолында өскендіктен бе, әлде ... кім білсін?! Туған жер дегенде кешегі шал-кемпірлерім есіме түседі.
Жаздыгүні бір қызық... Атам таң атпастан ат жегіп, бізді оятатын. Мен сіңлім екеуіміз созылып-керіліп оянғанша, күн сәскеде. Әне-міне дегенше киініп, ат үстінде (яғни ат арбаның үстінде) саяхатқа дайын отырамыз. Атамыз өзінше жоспар құрып, ауылдың ана шеті мен мына шеті бойынша карта жасайды. Ең бірінші біз жидек жинауға барамыз. Жол-жөнекей ән айтып, жолда кездескен зираттарға құран қайтарып, шілікке де жетеміз. Шілік дегеніміз жидектің тұнып тұрған жері еді. Сол жерде қымыз дәмін шығаратын шөптен де аламыз. Жидек жинаған тағы бір қызық. Менің анам қатал адам. Неге екенін білмеймін, мүмкін сіңлім екеуімізді жалғыз өсіргендіктен. Әйтеуір бір жидекті аузымызға түсірмейді. Сонда марқұм атам жидекті тақиясына жинап, шөптің арасына тығып қояды. Түгеліміз жиналып, енді атқа отырар кезде, ол тақиясын алып шығып бізге беретін.
Келесі карта бойынша қарақат теруге барамыз. Бұл жерде, әрине, аузымызға біраз нәрселер түсетін. Себебі, қарақаттың биіктігі жидекке қарағанда тығылуға болатын. Мен тығылып, қарақатқа жақсылап тұрып, тойып алып қып-қызыл аузыммен шығамын. Сонда қарақат жинаған шелегім тап-тақыр бос. Әрине, анамнан біраз сөз еститінмін, бірақ қарын тоқ болғасын, оны уайымдайтын Медресегүл қайда?! Сонымен одан әрмен жылжығасын біз үш құдыққа да жетеміз. Сонда Үш құдық дегеніміз қазіргі артезиан, бірақ үшеуі де бір өзенге тоғысқан. Сол жерде шомылып (атам да жасы сол кезде 78-де болса да, бізбен бірге шомылып), доп ойнайтынбыз.
Шынымен, «жас кезінде бір бала, қартайғанда бір бала» деген осы. Атамның бетіндегі күлкісі әлі есімде.
Кеш бата біз ауыл сыртына жақын келгенде, атам шалғысын алып, малға шөп шауып алатын. Сонымен күн ұясына батқасын үйге өлердей шаршап қайтамыз. Бағанағы тақиясын шешкен атам түгелімізді күлдірді. Өйткені жидек тергенде, жидектің қызыл түсі тақиясында қалып, атамның басы қып-қызыл болды. Көрші-қолаң, көшедегі балалар атамды «қызыл бас» деп атап кетті.
Міне, бұл менің өмірімдегі және ауылымдағы бір күндік оқиғасы. Сондықтан ауыл, қария, кемпір-шал деген сөздер менің есіме бүкіл өмірімді, туған жерімді түсіреді. Бұл менің балдай тәтті бала кезім. Туған жерге деген ыстық сезім, ауылымның елесі, алтын бесіктей табиғаты әлі де көз алдымда...
Егер сіз жұмыс уақытыңызды келесі демалысқа қанша сағат және минут
қалды деп есептеумен өткізсеңіз, онда сіз ешқашан миллиардер бола алмайсыз. "
Дональд Трамп
Уақыт - біздің өміріміздегі ең маңызды баға жетпес құндылықтарымыздың бірі. Бұл бағалы ресурсты кері қайтарып алуға немесе қалпына келтіруге болмайды. Ақшамызды жоғалтып алсақ, оны күндердің бір күнінде қайтадан табуға болады. Бірақ, уақыт бір орнында тұрмайды, өз ағымымен жүріп жатады. Көп жағдайда адамдар өткен өмірлеріне кері бұрылып қарағанда, қаншама жылдарының қалай өтіп кеткенін енді ғана аңғарып жатады." Осы күнге дейін не бітірдім? Қандай мақсаттарға жеттім?" деп өздеріне сұрақ қойып, " Қайран алтын уақытым-ай!" деп те өкінбесі бар ма. Сондықтан, әркім өз уақытын барынша тиімді әрі пайдалы істерге жұмсау керек.