«Астана Опера» опера және балет театры Қазақстанның елордасы Астана қаласында Есіл өзенінің сол жағалауында орналасқан. Бұл театр сән-салтанаты асқақ ғимаратымен және залдардың көркемдігімен ғана емес, сондай-ақ талантты труппа орындайтын тамаша репертуарымен таң қалдырады. «Астана Опера» 2013 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен ашылды. Театр өзінің алғашқы маусымын М.Төлебаевтың ұлы туындысы «Біржан-Сара» операсымен ашты. «Біржан-Сара» операсы музыкалық-поэтикалық дәстүрдің жарқын көрінісі. Сол жылдың күзінде «Астана Опера» театрының әлемдік тұсаукесері болып, Дж. Вердидің «Аттила» операсы қойылды.
«Астана Опера» опера және балет театры әлемнің аса сәулетті театрларының бірі. Сәулеті бойынша ол Миландағы «Ла Скала», Мадридтегі Корольдік театр, Мәскеудегі Үлкен театр, Нью-Йорктегі Метрополитен-опера және т.б. атақты опера театрларының қатарынан орын алды. Театр сәулетінде ұлттық нақыш айқын көрінеді. «Астана Опера» - алыптығы мен техникалық мүмкіндіктері бойынша әлемдегі үшінші опера театры. Театрдың бас залы 1250 орынға есептелген.
Мәтіннен берілген сөздердің антоним, синонимін табыңыз. жабылды (антоним) -
керемет(синоним) -
«Екі езуі екі құлағында» тақырыбына шағын әңгіме құрау.
Желтоқсанның жиырма тоғызы жақындап келеді. Бұл дегеніміз – біздің үйдің кенжесі, менің кішкентай бауырымның туған күніне бірер күн ғана уақыт қалды деген сөз. Інім Жаңа жылмен қатарлас келетін туған күнін асыға күтуде. Күнделікті ұйықтар алдында «туған күніме бес күн қалды, төрт күн қалды» деп санап жүр. Үй ішімен ақылдасып, барлығымыз туған күннің қамына ертерек кірісіп кеткен болатынбыз, биыл кенжеміздің алғашқы кішігірім мерейтойы, бес жасқа толғалы отыр. Осы жолы тосын сый жасаймыз деп шештік.
Сонымен, әне – міне деп дайындалып жүргенде жиырма тоғызыншы желтоқсан да келіп жетті. Үй ішімізбен ертерек оянып, кенжетайдың оянуын күтіп отырмыз. Соңғы рет барлығын тексеріп алып, дайын отырмыз. Бауырым ұйықтап жатқан кезде әпкем екеуміз балалар бөлмесі мен қонақ бөлмесін шарлармен безендіріп қойған болатынбыз. Анам арнайы үлкен торт пісіріп, үстіне «Кенжетай 5 жасың құтты болсын!» деп жазу жазды. Ал әкеміз болса, ең басты туған күннің сыйлығын алған болатын.
Сонымен, кенжетай оянып, «бүгін менің туған күнім» деп қонақ бөлмесіне кіріп келгенде, барлығымыз шапалақтап, «Тосынсый!» деп, ән айтып, құттықтадық! Бауырым аң – таң болды. Ең қызығы, әкеміз кенжетайдың көптен күтіп, армандап жүрген кішкене күшігін қолына ұстатқанда, бауырымыздың екі езуі екі құлағына жетіп, мәз болғанын байқадық. Сыйлықты дәл тапқанымызға өзіміз де риза болдық.