Қожа Ахмет Ясауи - 1093 жылы Түркістанда туған қожа әулетінен шыққан ғұлама,әулие. Түркі халықтарының, соның ішінде қазақ халқының, байырғы мәдениетінің тарихында айрықша орны бар ұлы ақын.Сопылық поэзияның негізін салушы, күллі күншығыс мұсылмандарының рухани ұстазы болған ұлы ойшыл, діни қайраткер.Қожа Ахмет Ясауи түркі тілінде жатық әрі бейнелі жыр жазудың үлгісін жасап, түркі тілдерінің көркем шығармалар тудыру мүмкіндігінің мол екендігін дәлелдеді. Оның жазба әдебиет үлгісіндегі шығармалары түркі топырағында ертеден қалыптасқан суырыпсалмалық дәстүрдегі әдебиетке жаңа серпін, тың мазмұн алып келумен қатар, оны түр жағынан көркейтіп, кемелдендіре түсті.Жергілікті халықтың салт-санасы мен сенім-нанымына, әдет-ғұрпына қайшы келмейтін діни-мистикалық мектептің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи шығармашылығы сопылық ағымның түркілік дәстүріне даңғыл жол салды.
Мұхтар Әуезов – қажымас қайрат, үлкен дарын, сарқылмас шабыт, мол парасат, шалқар ой, терең сезім иесі, гуманист жазушы. Оның проза, драма, ғылым, аударма саласында жазып қалдырған еңбектері – қазақ халқы әдебиетінің зор қазынасы. Бұл өмірбаянда жазушы шығармаларының бәріне баға беру мүмкін емес, алайда түсінігіміз үстірт болмау үшін Әуезовтың өмірбаяны, 1917-18 жылдары жарияланған мақалалары, «Еңлік-Кебек», «Абай жолы» және Абай туралы жазған ғылыми еңбегі жөнінде кейбір ойымызды ортаға салмақпыз.
Жас шағынан үнемі үйрену, іздену үстінде – қоғам қайреткері, педагог, жазушы, аудармашы болып көрінген Мұхтар Әуезов өмірінің ақырына дейін осы салаларда қажымай еңбек етті. Батыс, Шығыс классиктері, қазақ халқының ұлы демократтары үлгі алды. Оның ойы сараланып, сөз шеберлігі арта түсуіне әсіресе Абай игі әсер етті.
Бір-біріне қара-қарсы екі түрлі қоғам өмірінің қос қыртыс аралығында әдебиет дүниесіне келген Мұхтар Әуезов өмірбаянында алғаш жазған көркем шығармаларының өзімен өрелі, байсалды, дарынды жазушы екенін аңғартқан еді.