Кез келген елдің тілегі де, оның арманы да халқының бейбітшілігін сақтау екені сөзсіз. Елінің экономикасын дамытып, халқының қауіпсіздігін нығайту арқылы ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Өйткені, бейбіт өмір бақыт, береке, бірлік әкелумен бірге, өрлеу мен өркендеуге жол ашады. Дана халқымыз «Байлық байлық емес, бірлік – байлық» деп бекер айтпаса керек. Бұқара халық әрдайым тыныштықта, мәңгілік бейбіт өмір сүруді армандайды. Ал ұрпағының амандығы келешегінің кемелдігін білдіреді. Өткен тарихқа көз салсақ, адамзат небір сұрапыл соғыстардан көз ашпады. Қаншама елдер соғыс зардабынан құлдырап, азып-тозды. Талай жазықсыз жандар сол зұлматтың зардабын шекті. Мұның барлығы бейбітшілік кеткен жерді берекесіздік жайлайтындығын тайға таңба басқандай етіп анық көрсетуде. Бейбітшілікті сақтау, соғыс отын тұтатпау, бейбітшілік үшін күресу қазіргі ХХІ ғасырдың да ең өзекті мәселелерінің біріне айналды. Содан болар, халықаралық қоғамдастық бейбітшілікті жалпыадамзаттық құндылықтар қатарына қосып отыр.
Қазақстанның әлем кеңістігіндегі имиджі.
Еліміз 1991 жылдың 16 желтоқсанында тәуелсіздігін жариялап, өз алдына егемен мемлекет болды. 28 жылдың ішінде елімізде бірқатар өзгерістер орын алып, бүгінде Қазақстан - әлемдік картада өзіндік орны бар, бүкіл әлем мойындаған тәуелсіз ел. Егемендік алғаннан бері ұлттық валюта енгізіліп, жаңа Астанамыз бой көтеріп, елдігіміздің нышандары (Әнұран, Ту, Елтаңба) белгіленді, қысқы Азиада ойындары, ЭКСПО 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі т.б. бірқатар елеулі оқиғалар орын алды.
Сонау ата-бабаларымыздың, аға-апайларымыздың рухын таптамас үшін, кейінгі ұрпақ тыныш елде мекен етсін деп ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен сақтап қалған жер үшін, атамекен ел үшін еңбектерін, төккен терлерін зая кетірмес үшін біз өз Тәуелсіздігімізді мықты әрі берік етіп сақтау - біз үшін міндет.
"Ер татулығы - ел татулығы" демекші, Қазақстан Республикасы әлемде татулығы мен ұлтаралық бірлігі жарасқан ел ретінде танылған. Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында жыл өткен сайын еліміз қарқынды дамып келеді. Қазақстанның әлемдік картада өзіндік ерекше орны мен мәртебесі бар. Қазақстандай дархан елде қаншама ұлт өкілдері тату - тәтті, бейбіт өмір сүріп жатыр.
Осындай кең байтақ жерде дүниеге келіп, батыр бабаларымыздың ұрпағы болғаным - мен үшін үлкен мақтаныш. Болашақта ер жетіп, Отанымның саясаты мен экономикасының дамуына бар күш - жігерімді арнағым келеді.