Ауыл туралы шағын шығарма.
«Ауылым – алтын бесігім» деген сөздермен толықтай келісемін, себебі әркімге өзінің туып – өскен жері қымбат. Менің кіндік қаным тамып, ер жеткен жерім – Қарағанды облысына қарасты Жаңаарқа ауданы.
«Жаңаарқа он бес болыс елдің аты,
Қазақтың он ғасырлық өмір салты.
Құда боп, қыз ұзатып, қонақ күткен,
Қаймағы бұзылмаған елдің қалпы.» - деп жырға қосқандай, Жаңаарқа өлкесі тұнып тұрған қазақилық пен салт – дәстүрді ұстанатын өлке. Бұл өлкеден елімізге танымал қаншама ақындар мен әншілер шыққан.
Ауылым, туған жерім өзіме қашанда ыстық . "Акқу көлін аңсайды, адам туған жерін аңсайды" демекші, сапарға шыққанымда ауылға оралғанша тау етегіндегі қуыстарды қуалай өскен бұталы орманын, тау суын сарқырата кең далаға алып қашқан өзендерін, дән теңізіне шалынған жазық даласын, төрт түлік малға төсін ашқан құтты жайлау қырларын, көк жасыл желекке бөленген ауыл үйлерін сағынамын...
Ауылдағы тіршілік қаладағыдан мүлдем ерекше. Дегенмен, ауылдың ауасы таза, шөбі шүйгін, тамағы табиғи.
Соңғы жылдары ауыл мәселесі республикалық деңгейде қолға алынып, түрлі жобалар іске асырылуда. Осының арқасында ауылымыз одан сайын көркейіп, гүлдене түсетініне сенімдіміз, себебі ауылдың гүлденгені – еліміздің гүлденгені деп ойлаймын.
Еңбек, кәсіп туралы.
Кәсіп – кәсіптік оқу және тәжірибе жинақтау нәтижесінде игерілетін, белгілі бір білім мен машықтарды талап ететін еңбек қызметінің түрі.
Кәсіп таңдаудағы негізгі мақсат – өзіңе ұнайтын жұмыспен айналысып, еңбегіңнің жемісін көру.
«Кәсіп - бақыттың шырағы, еңбек - ырыстың бұлағы» демекші, өзіңе ұнайтын өмірлік кәсіп тауып, сол еңбегіңнің жемісін көрсең, өзіңді бақытты сезінесің. Себебі еңбегің еленеді, сол арқылы ақша тауып, несібелі боласың.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: “Жарқын болашақ жастардың қолында” дегендей, біздің болашағымыз өз қолымызда.
Мені өскенде кім боламын, қандай мамандықты таңдаймын деп ойланамын. Мамандық таңдау өміріңнің бір кірпішін дұрыс қалау деп түсінемін. Өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, өзің араласқың келетін ортаны да таңдау деген сөз. Өмірде адам мамандық таңдағанда қателеспеу керек. Өмірден өз орнымызды тауып, адал еңбек ету әр адамның арманы деп ойлаймын. Әрине, әр адамның да таңдауы әр түрлі.
Мамандық таңдау өте жауапкершілікті және маңызды іс. Мамандық таңдауда әр адам өзінің қызығушылығына, қабілетіне, бейімділігіне, қалауына сүйену керек. Қазіргі таңда мамандықтың түрі көп. Таңдау жасау оңай емес. Ең бастысы адам еңбекке қабілетті, зейінді болуы қажет және оның мамандығы өзі өскен ортаға маңызды, бағалы үлес қосатындай болуы шарт.
Менің арманым дәрігер болу. Дәрігер болуды жаным сүйеді. Дәрігер ол өзінің адамдарға берген шипасы, адамды сауықтырып, адамдарды өмір сүруге күш салатын жандар!