Алматы қаласы
Алматы - Алатау бөктерінде орналасқан ғажайып, әсем қала. Алматыда ауаның өзі ерекше таза болып көрінеді. Оның көркіне көз тоймайды. Тамаша табиғаты аспанмен таласқан заңғар тауларымен, сарқырап аққан өзен-суларымен, көк майса, жасыл желегімен, апорт алмасымен ерекше. Ал жылдан жылға саны артып жатқан зәулім ғимараттардың құрылысы мен көркін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
Алматының басты көрікті орындары - Медеу мұзайдыны, Шымбұлақ курорты, Көктөбе. Халық демалу үшін жиі баратын Көктөбеден Алматы алақандағыдай көрінеді. Ол жерден қаланың ғаламат көрінісін, ерекше сәулетін тамашалай аласыз.
Сонымен қатар, Алматыда Тұңғыш Президент саябағы, орталық цирк, Горький саябағы, орталық мұражай, Әуезов атындағы театр, Абай атындағы опера және балет театры сынды мәдениет орындары - халық көп баратын орындар бар.
Алматы Қазақстанның мәдени астанасы болып есептеледі.
Су - табиғат байлығы.
Су – тіршілік көзі. Дана халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Себебі, тамақсыз бірнеше күн өмір сүре алсақ, сусыз тіршілік жоқ. Тіпті, адам денесінің 2/3 бөлігі судан тұрады. Тіпті алғашқы тіршілік те судан басталған. Жер бетінде су - ең кең таралған зат.
Ал біз күнделікті судың қадірін біле бермейтініміз - шындық. Сарқырап су ағып тұрған соң бір тамшы суға зар болған жандарды түсіне бермейміз. Қазіргі кезде өнеркәсіпте көп қажеттіліктерге суды пайдаланғаннан, өндіріс қалдықтары суды ластауда. Сондықтан күн өткен сайын ішуге жарамды таза су азайып барады. Бұл ретте біз қолымыздан келгенше суды үнемдеп, оның басты құндылық екенін естен шығармауымыз керек.