Таңбадағы ақпарат.
Таңбадағы ақпарат дегеніміз - жол жүру белгілері деп түсінемін, себебі белгіде көрсетілген ережеге сай біз қайда, қалай жүру керектіген біле аламыз. Ал осы жол белгілерінің тарихына келер болсақ, ертеректе аталарымыз атқа мініп немесе ат жеккен күймемен баяу жүретін болған. Уақыт өте келе жолдың қажеттігі туындаған. Жол пайда болғаннан кейін ар жеккен арбалармен қатар түрлі көлік түрлері де пайда бола бастады. Көлік түрлері көбейген сайын жолдағы тәртіпсіздік те көбейе түсіпті, сондықтан 1742 жылы ат жеккен күймелердің айдаушыларын жауапқа тартатын заң енгізіліпті. Тарихтан 1812 жылы Ресейде тұңғыш рет оң жақ қапталмен жүру тәртібі енгізіліпті және жылдам жүрушілерге шектеу қойылып, экипаждардың жүріс-тұрысын реттеуге алғашқы қадамдар жасалғанын білуге болады.
Елімізде жолда жүру ережелері алғаш рет 1931 жылы Алматы қаласында пайда болыпты және ол тек қала аумағындағы көшелер мен жұмысшы поселкілеріне қатысты болған екен. Сол дылы Алматы қаласы бойынша тек 109 көлік қана болыпты. Дегенмен көліктің санының аздығына қарамастан сол кездің өзінде жол - көлік оқиғалары орын алыпты. Ал еліміз тәуелсіздік алғаннан бері жолда жүру ережелері Жолда жүру халықаралық Конвенциясының талабына сай өзгертілген болатын.
Жолда жүру белгілерін "халықаралық тіл" деп атап жатады. Себебі жолда жүру белгілерін тану үшін шет тілін білу қажет емес, сіз қай тілде сөйлесеңіз де, жол белгілері ортақ, бірдей әрі түсінікті болады. Жол белгілері "халықаралық тіл" болғандықтан олардың көмегімен қандай бағытта жүру керектігін білуге болады.
Жалғаулық шылаулар
Жалғаулық шылау сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді салаластыра (тең дәрежеде) байланыстырады. Жалғаулық шылаулар жалғаулықтар деп те аталады.
Олар мыналар: мен (бен, пен), да (де, та, те), не, не болмаса, яки, немесе, я, және, әрі, біресе, бірақ, алайда, әйтпесе, әйткенмен, дегенмен, сонда да, әлде, өйткені, себебі, сондықтан, сол себепті, т. б. Жалғаулықтар бірыңғай мүшелердің немесе салалас кұрмаластың сыңарларын әртүрлі мағыналық қатынаста байланыстырады. Ондай мағыналық қатынастар мыналар:
1. Ыңғайластық қатынасты білдіретін жалғаулықтар: мен (бен, пен, менен, бенен, пенен), да, де, та, те, және, һәм, әрі.
2. Қарсылықты қатынасты білдіретін жалғаулықтар: бірақ, алайда, дегенмен, әйтпесе, әйткенмен, сонда да.
3. Талғаулықты қатынасты білдіретін жалғаулықтар: әлде, біресе, бірде, не, немесе, я, яки, болмаса, кейде.
4. Себеп-салдарлық қатынасты білдіретін жалғаулықтар: себебі, өйткені, сондықтан, сол себепті.
5. Шарттық қатынасты білдіретін жалғаулықтар: егер, егер де.
Мысалдар:
Санжар мен Айсана бір сыныпта оқиды.
Мен сәрсенбі немесе бейсенбі күні жолға шығатын шығармын.
Бұл қойылым маған да, анама да өте үлкен әсер қалдырды.
Сен Алмаға сонда да тағы бір хабарласып көрші, мүмкін, жауап беріп қалар?
Атамның қан қысымы біресе жоғарылап, біресе төмен түсіп кетіп отыр.
Егер де қалыпқа келмесе, дәрігер шақыруға тура келеді.