Тауыс (Павлин)
Павлиндер, тауыстар (лат. Pavo) – тауықтәрізділер отрядының қырғауылдар тұқымдасына жататын құс. 2 түрі бар: кәдімгі павлин (Р. crіstatus) және көкқанатты павлин (Р. mutіcus). Бұлар Үндістан түбегі мен Шри-Ланка, Суматра аралдарында қалың бұталар арасын мекендейді. Павлиннің дене тұрқы 110 – 125 см, салмағы 5 кг-дай болады. Әдемі құйрық үсті қауырсынының (жергілікті халық оны құйрық деп атайды) ұзындығы 120 – 130 см. Мекиендері реңсіз, сұр түсті. Көбіне жерде жүреді, жақсы жүгіреді, қауіп төнгенде ағаш басына шығып кетеді. Жәндіктер мен олардың дернәсілдерімен, құрттармен, моллюскалармен қоректенеді. 3 жасында жыныстық жағынан жетіледі. Полигамды. Күйге келген қоразы неше түрге боялған “көздері” бар әдемі құйрық үсті қауырсындарын желпуіш тәрізді жазып жіберіп, тік ұстай алады. Ұясын жерді шұңқырлап, оған құрғақ шөп пен жапырақ төсеп жасайды. Ондағы 4 – 7 қызғылт дақтары бар сұр түсті жұмыртқасын мекиені 30 – 35 күндей шайқайды. Балапандары тез жетіледі, бір айдан соң өз бетінше ұша алады. Көбеюден басқа уақытта топтанып тіршілік етеді. П-дер Қазақстанда тек хайуанаттар паркінде және жеке адамдардың қолында ұсталады. Павлиндердің саны жылдан жылға азаюда, сондықтан қорғауға алынып, халықаралық табиғат қорғау одағының “Қызыл кітабына” енгізілген.[1]
СУ ТАСҚЫНЫ - бұл қардың еруі, жауын-шашын, суды желмен айдаған және кептелу кезінде өзендердегі, көлдер мен теңіздердегі су деңгейінің көтерілуі нәтижесінде жерді айтарлықтай су басу. Өзендер арнасына суды желмен айдау арқылы болған су тасқыны ерекше түрге жатады. Су тасқыны көпірлер, жолдар, ғимараттар, құрылымдардың қирауына, елеулі материалдық шығынға, ал судың көп жиналуы (4 м/с астам) және су үлкен биіктікке көтерілсе (2 м көп) адамдар мен жануарлардың опат болуына әкеліп соқтырады. Қираудың негізгі себептері ғимараттар мен құрылымдарға су массасының, жоғары жылдамдықта жүзіп жүрген мұздардың, әртүрлі сынықтар мен жүзіп жүрген заттардың, т.б гидравликалық соққысы болуы мүмкін. Су тасқыны кенеттен пайда болып және бірнеше сағаттан 2-3 аптаға дейін созылуы мүмкін.
Апиын” соғыстары – Батыс Еуропа елдерінің Қытайға қарсы жүргізген соғыстары. Бірінші “апиын” соғысы 1840 – 42 жылдары болды. Соғысты Англия бастап, Қытайды тәуелді елге айналдыру мақсатын көздеді. 1840 жылы маусым айында басталған соғыстың сылтауы ағылшын отаршыларының контрабандалық жолмен сауда жүргізіп тұрған апиындарын 1839 жылы Қытайдың үкімет комиссары Линь Цзэ-сюйдің жоюы болды. Ағылшын және Қытай әскери кемелерінің арасындағы қарулы қақтығыстар 1839 жылдың соңында-ақ басталып кеткен еді. 1842 жылы ағылшындар Сянган (Гонконг) аралын, Динхай, Нинбо, Сямынь, Шанхай, Чжэньцзян қалаларын басып алды және 1842 жылы тамызда Нанкинге таяп келді. Қытай халқы басқыншыларға қатты қарсылық көрсетті (Гуандуньдегі шаруалар қозғалысы). Алайда Цинь үкіметі елді қорғауды ұйымдастыруда қабілетсіздік танытып, халықтың қолдауын пайдалана алмады. 1842 жылы 29 тамызда Нанкин бітіміне қол қойылды. Екінші “апиын” соғысына (1856 – 60 жылдары) Англиямен бірге Франция да қатысты. Қытайдағы азамат соғысын (Тайпиндер көтерілісі) пайдаланып, Англия 1856 жылы Гуанчжоу ауданында әскери қимылдарын бастады. 1857 жылдың басында оған Франция қосылды. 1858 жылы әскери қимылдар астаналық Ужили провинциясының аумағына ауысты. 1858 жылы мамырда ағылшын-француз армиясы Дагу портын басып алып, Тянь-цзинь мен Пекинге қауіп төндірді. Қытай үкіметі Англия және Франциямен кіріптарлық шарт жасасуға мәжбүр болды. Бір жылдан кейін Қытайдан жаңа жеңілдіктер алу мақсатымен Англия мен Франция соғыс қимылдарын қайта бастады. 1860 жылы тамызда ағылшын-француз әскерлері Тяньцзиньді, қазанда Пекинді басып алды. Қытай үкіметіне жаңа кіріптарлық шарттар таңылды “Апиын” соғыстары Қытайдың жартылай отарға айналуындағы маңызды кезең болды.