Әнді сүйсең, менше сүй ...
"Құлақтан кіріп, бойды алар
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй..." деп Абай атамыз жырлап кеткендей, жақсы ән қашанда адамға көтеріңкі көңіл - күй сыйлап, ішкі жан - дүниесін тебірентері анық. Ән тыңдағанда адам ерекше тебіреніп, өзге сезімге тап болады.
Менің ойымша, бүгінгі таңда бұл өлең жолдарын Димаш Құдайберген толық сенімділікпен айта алады. Себебі, бұл әнші өнерлі отбасында дүниеге келіп, туа біткен дарынын шыңдап, бүгін әлем мойындаған, барша жұрт өнеріне тәнті болған, атағы жер жарған Димаш Құдайбергенге айналды. Өз таланты мен қажырлы еңбегінің арқасында тек Қазақстанда ғана емес, барша әлемге танымал тұлғаға айналды. Дарынды отбасынан шығып, музыкалық білім алып, талантын одан әрі қарай шыңдай білген. Ең алдымен Қытай елінде өткен әншілер сайысына қатысып, екінші жүлделі орынға ие болып, бар әлемді өз талантымен сүсіндірді. Бұл әншіні бар қазақ елі мақтан тұтады. Жақында ғана Лондонда лық толы зал жинап, жеке концертін берді.
Жас та болса, бірнеше байқау жеңімпазы мен лауреаты атанып үлгерген. Солардың ішінде Витебск қаласында өткен XXIV Халықаралық эстрадалық ән орындаушылар «Славян базары-2015» байқауында Гран-при жеңіп алған, «Халық сүйіктісі» Ұлттық сыйлығының лауреаты, «Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға лайықты үлес қосқаны үшін» Қазақстан Республикасының Президенті Құрмет грамотасымен марапатталған, «ABU TV song» халықаралық фестивалінің қатысушысы.
Димаш – менің сүйікті әншім. Мен де ер жеткенде Димаш ағама ұқсап, танымал әнші болуды армандаймын.
Ана! Ана! Ана! «Ана» дегенде толқымайтын жүрек, толғанбайтын жан жоқ. Осы үш қана әріптен тұратын «ана» сөзінің астарында ұшан теңіз ой жатыр. Ана — әрбір а үшін ең ыстық, жанға жақын, мағыналы да қастерлі сөз. А алғаш дүние есігін ашқанда ананың ақ сүтімен бойына нәр алады, ана құшағына еніп, ана мейіріміне бөленеді. Адамның аузынан шығатын ең алғаш сөзі де – «ана». Міржақып Дулатов ағамыз айтқандай, бізді сүйетұғын, күйетұғын, әрқашан қамымызды ойлап жүретұғын абзал жанды адам, бұл – ана. Алдыңа қойған мақсатыңа жетуің үшін ана жанын қиюға да дайын. Ана баласының үлгілі азамат боп өсуі үшін бар күшін салып, тер төгеді. Ананың махаббатына, құдіретіне тамсанған талай ақын әнін арнап, жырын жазып, талай жазушы қалам тербеген.
«Анаңды меккеге үш арқалап барсаң да, қарызын өтей алмайсың» деген дана қазақ халқы. Шынында да, осыншама қиналып, көз жасын төге жүріп, бізді өсірген анаңа қолыңнан келгеніңнің бәрін істесең де, оның бәрі анаңның түн ұйқысын төрт бөлген бір күніндей ғана. Өз парызыңды өтеу, бұл – ана алдындағы парызды өтеу.Қаншама байлық иесі болсаң да, әлемге әйгілі адам болсаң да, анаңды, оның саған жасаған жақсылығын ұмытпау – сенің өмір бойындағы борышың. Қай адам қолынан келген сый – құрметін жасамады десеңші, шіркін! Бірақ соның бәрі анаңның бір ауыз жылы сөзіне де жетпейді. Дүниенің нұры, өмірдің гүлі, қызықтың қызығы – ананың қолында. Ана бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді.
Қорыта айтқанда, барлық адам ана алдындағы парызын өтеп, ақ сүтін ақтап, ананың шашына ақ түсірмей, тек осы киелі жандардың бақытты болуын ойлау керек. Себебі ең бақытты адам – анасы бар адам. Жер бетіне жақсылық нұрын себетін аналарымыз аман болсын!