Бата беру — адал ниет, жақсы тілек білдірудің ұлттық дәстүрі. Дастарқан басында, түрлі жиын-тойларда, т.б. адам өмірінде кездесер ірілі-ұсақты қуаныштар кезінде той, қуаныш иесіне арнап қол жайып, бата береді. Сондай-ақ, қиын сапар, алыс жолға аттанған азаматына ақ жол тілейтін халқымыздың ежелден келе жатқан, кең таралған дәстүрлерінің бірі. Бата беретіндер, көбіне, көпті көрген ақсақалдар мен кемеңгер де дуалы ауызды билер болып келеді. Бата қысылғанда — қуат, қиналғанда—медет беріп, әрбір іс-әрекетіңе даңғыл жол ашып, бәле-жаладан қорғайды деп есептелген. Бата көзі тірілерге ғана емес, аруақтарға да жасалған. Батасыз, тілексіз өмір болмайды. “Батамен ер көгереді, жаңбырмен жер көгереді” деп халқымыз текке айтпаған. Батаның да қисыны, айтылатын, айтылмайтын жері болады, қуаныш пен тойдың ретіне қарай, соған лайық Бата тілегі болады.
Өнер - білім бар жұрттар
Тастан сарай салғызды;
Айшылық алыс жерлерден,
Көзіңді ашып - жұмғанша,
Жылдам хабар алғызды.
Аты жоқ құр арбаны
Мың шақырым жерлерге,
Күн жарымда барғызды.
Адамды құстай ұшырды;
Мал істейтін жұмысты
От пен суға түсірді;
Отынсыз тамақ пісірді,
Сусыздан сусын ішірді.
Теңізде жүзді балықтай,
Дүниені кезді жалықпай,
Білгендерге осылар
Бәрі - дағы анықтай,
Білмегенде танықтай;
Біз де бекер жатпалық,
Осыларға таныспай;
Ат өнері білінбес
Бәйгеге түсіп жарыспай;
Желкілдеп шыққан көк шөптей
Жаңа өспірім достарым,
Қатарың кетті-ау алысқа-ай,
Ұмтылыңыз, қалыспай.
Біз надан боп өсірдік
Иектегі сақалды.
Өнер – жігіт көркі деп
Ескермедік мақалды...
Біз болмасақ сіз барсыз,
Үміт еткен достарым,
Сіздерге бердім батамды.