
Қашаннан да елдіктің қайнар көзі – белгілі бір халық екендігі белгілі. Тарихи тұрғыдан келгенде, қандай болмасын мемлекет әдетте ұлттық мемлекет ретінде пайда болады. Оның мемлекеттік құрылтайшысы, әрі әлеуметтік базасы белгілі бір этникалық қауым болып табылады. Тарихи және жалпы азаматтық практикада, бұл солай. Яғни, ел болған жерде оның тілі-мемлекеттік тіл болуы керек. Біздің еліміз қазақ елі болғандықтан, мемлекеттік тіліміз де қазақ тілі. Бұл Ата заңымыздың 7-бабында «тайға таңба басқандай» етіп, мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп атап көрсетілген. Сондықтан да мемлекет өз тілін сақтап, оның қолдану өрісін кеңейту үшін қолдан келгеннің бәрін жасау керек.
Біз өзі намысшыл халықпыз. Біреу итің жаман десе де намыстанып қаламыз. Тіл білетін қазақ – намысшыл. Тіл білмейтін қазақ одан да намысшыл. Оларды тіл білмедің деп шетке итермеу керек. Қайта бауырға тарту керек. Бізге көп тіл білгеннің артықтығы жоқ. Күні ертең Бүкіләлемдік Сауда Ұйымына кіргелі отырмыз. Осы ретте бізге қазақ, орыс, ағылшын, тіпті қытай тілін де мықтап меңгеріп алу керек. Әлемдік бәсекеге түскелі жатырмыз. Домбыраны шерткендей, біздің мықты мамандарымызды да мемлекет ісіне шертіп-шертіп таңдап аларда олардың бірнеше тілді еркін меңгергеніне артықшылық беріліп тұрылуы тиіс. Қазақстан – көп ұлтты мемлекет болғандықтан тіл мәселесі аса күрделі мәселе болып отыр. Тіл мәселесінің өте нәзік екендігі, оның зорлықпен емес тек қана шынайы ынталылықпен ғана ыңғайланатын шаруа екендігі белгілі.
ХХІ ғасыр – білім, ғылым, технология ғасыры. Жаһандану қарқын алып, адам ресурстaры бaсты кaпиталға айналған уақытта құндылықтар өзгеріп жатыр. Сондай өзгерістердің бірі – кітап оқуға деген қызығушылықтың төмендеуі, жастардың кітапты ұялы телефон, гаджеттермен алмастыруы. Осыған орай сұраныстың өзгеруіне қарамастан, ел ертеңі болар жас ұрпақтың кітап оқуға деген көзқарасын өзгерту қажет. Ол үшін оқырманның оқылым дағдыларын жақсарту механизмдерін жетілдіріп, Оқылым стратегияларын меңгертіп, оқу барысында тиімді қолдануға жол ашу керек.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті ұлттық және жалпы азаматтық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар: оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді инновацияландыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу»[1],-деп білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттерін көздейді. Сол себептібүгінгі күннің талабына сай білім мазмұнын,оның құрылымдық жүйесін жақсарту – білім реформасының жүзеге асуының басты шарты.
Жаңартылған білім беру мазмұнына сай қазақ тілі пәні қоғамға араласуға қажетті тыңдалым, айтылым, оқылым,жазылым дағдыларын дамытады. Бұл дағдылар оқушының өмірде еркін қарым-қатынас жасауына; өзгелермен пікір алмасып, көзқарасын еркін білдіре алуына; өз ойын, көзқарасын жүйелі де нақты жеткізуіне; кез-келген ақпаратты тиімді қолдануына; түрлі ақпаратты құр оқымай, сараптай отырып оқуына; оқығаны бойынша өзіндік қорытынды жасап, тың идеялар жасауға жол ашары сөзсіз. Осы төрт дағдының ішіндегі ең маңыздысы – Оқылым дағдысы, себебі оқудың тиімді жолын меңгеріп, оқығаны бойынша анализ жасай алған адам ойын еркін айта да алады, сауатты жаза да алады. Оқылым дегеніміз не? Оның қандай түрлері бар? Оқылымды қандай стратегиялар арқылы жүзеге асыруға болады? Оқу барысында қандай әдіс-тәсілдерді тиімді қолдануға болады?
Ф.Оразбаева еңбегінде: «Оқылым – графикалық таңбалар арқылы қағаз бетіне түскен сөздер мен тіркестердің мағынасы мен мазмұнын ой мен сананың нәтижесінде қабылдай отырып, сауатты, дұрыс, мәнерлеп, ұғынықты оқу және одан қажетті деректі түсініп, сұрыптап алу»[2],-деген анықтама берілген. Оқылым дағдысы арқылы оқушылар мәтінді және оның мазмұны мен мақсатын, тілін түсінуге, негізгі ойды анықтауға және мәтіннің құрылымдық бөліктерін, мәтіннің стилі мен типін анықтауды, оқылған мәтін
негізінде сұрақ құрастыруды, әртүрлі деректерден қосымша ақпаратты айқындауды және мәтіндерге салыстырмалы сараптама жасауды меңгереді.
Отандық ғалымдар тілді үйрену барысындағы оқылымның бірнеше түрін анықтайды: аналитикалық оқу, синтетикалық оқу, дайындықты оқу, дайындықсыз оқу, аударма арқылы оқу, аудармасыз оқу, негізгі оқу, қосымша оқу, т.б. Ал Ф.Оразбаева өз еңбектерінде оқылымның танымдық, зерделік, ізденімдік, көрсетімдік оқылым сияқты түрлерін жіктеп көрсетеді. Өз зерттеулерінде Ф.Оразбаева«Оқылымның берілген материалды түсініп, ұғу ғана емес, ондағы әрбір тілдік-қатысымдық тұлғалардың мағынасын білу, қалпын тану және оны тілдік қарым-қатынаста кеңінен пайдалану керектігінің» [2] маңызды екендігіне баса назар аударады.Оқылым дағдысы арқылы білім алушының танымы кеңейеді, ойлау жүйесі дамитын болады.
Оқушының оқу дағдысын қалыптастырда бірнеше мақсаттар ұсынылған. Мәтіндерге салыстырмалы анализ жасау мақсаты арқылы оқушы тек мәтін мазмұнын меңгеріп қана қоймай, сол мәтінді жазу арқылы автордың нені көздегенін, кімдерге арнағанын, автордың сол мәселеге байланысты қандай көзқараста екенін, оқырманға жеткізу үшін қолданған тілдік бірліктерін саралап, сараптама жасау дағдысын қалыптастырады.