Менің сүйікті пәнім - ағылшын тілі. Неліктен дейсіз бе? Біріншіден, жаңа тілді үйрену маған ұнайды. Тілмен бірге сол халықтың ерекшеліктерімен, мәдениетімен танысасың. Екіншіден, ағылшын тілі халықаралық тіл болып саналады, яғни оны білу арқылы мен халықаралық қатынастарға түсуге, не басқа мемлекеттерден келген адамдармен оңай тіл табысуға мүмкін аламын. Үшіншіден, ағылшын тілін тереңірек оқыған сайын онда кездесетін "тұрақты тіркестер" (идиомалар), ауыспалы мағынада құралған сөздерге таңданамын. Тіпті өзімді жаңа материк ашқандай сезінемін! Төртіншіден, қазіргі таңда бар әдебиеттердің көбісі ағылшын тілінде жазылған. Ол әдеби кітап болсын, не ғылыми дерек болсын, көбісі ағылшынша. Сөйтіп, мен бұл тілді білу арқылы ой-өрісімді дамыта аламын. Міне, осы 4 аталған факторлар менің ағылшын тілін сүюіме себеп.
Би - саз ырғағымен түрлі қозғалыстар жасап орындалатын, көңіл-күйге негізделе көрсетілетін көне өнер түрі. Адамның сөйлеуі ілкіде ым, ишара қимылдарынан басталып, кейін жекелеген дыбыстардың айтылуы нәтижесінде дамып, қалыптасқандығы белгілі. Осылайша адамның алғашқы дыбысы музыканың негізін салды. Ал шартты дағдыға (рефлекс) негізделген дене қимылы бидің алғышартын қалады.
Адамдардың күнделікті еңбек процесіндегі іс-әрекеттері, қоршаған дүниеден алған сезім-жерлері би арқылы көрсетілетін қимыл-қозғалыстар мен ишараларға негіз болған. Табиғат құбылыстарын, тұрмыстық, аңшылық және соғыс көріністерін белгілі жүйеге түскен ырғақты қимылмен, яки бимен бейнелеу көне дәуірде наным- сенімге байланысты болған өмір талабынан туды. Келе-келе тәжірибенің молаюына орай қимылдарды мәнерлеу мүмкіндігі артып, жеке би өнері қалыптасты.
Би - адам денесінің әуенге негізделген түрлі қимылдарының жүйелі түрде ауысып келуі арқылы көркем образдармен айшықтала бейнеленетін, кеңістіктік-уақыттық ауқымы көне заманғы наным-сенімнен бастау алатын өнердің бір түрі. Би ишаралық бейнелеулер арқылы әсерлі көңіл-күйді көрсететін, еңбек үрдістері бейнеленетін халықтық шығармашылық өнер түрі. Ілкі билер ғұрыптық-мифологиялық мәні мен магиялық қызметі бар салттық әрекеттердің құрамдас бөлігі еді. Қоғам дамуының алғашқы сатыларына адам мен кейбір жан-жануарлардың туыстығы болады деген нанымға сай туған тотемдік билер тән еді. Тотемдік билердің негізгі сипаты - тотемге еліктеу. Осыдан келіп жануарлардың қимыл-әрекеттерін бақылаудан туған образдарды бейнелеу мен мифологиялық түсінік түйісе келіп, билеу кезінде аң, құстардың қылықтары көрініс табады.