Он тоғызыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінде жыраулық поэзияны одан әрі дамытып, өзінің жарық жырлары арқылы жауынгерлік өлең үлгісін биік сатыға көтерген бірден-бір ақын – Махамбет Өтемісұлы. Ол 1830 жылдарда Қазақстанның батыс өлкесіндегі Исатай бастаған көтерілістің басшыларының бірі әрі басты насихатшысы болды. Исатай батырдың сенімді серігі, халықты оның төңірегіне топтастыра білген идеолог ретінде Махамбет ел билеушілеріне, олар арқылы отарлыққа қарсы батыл іс-әрекеттерге барды. Ақын өлеңдерінде көтерілістің мақсат-міндеттері де, себеп-салдары да айқын көрініс табады. Еділдің бойы ен тоғай, Ел қондырсам деп едім Жағалай жатқан сол елге Мал толтырсам деп едім, - деп асқақ арманын білдірсе, оны орындау үшін бас кедергі хандар билігін жою сияқты тағы бір мақсат туындайтыны да Махамбет өлеңінің негізгі объектісіне айналады. Еңсесі биік ақ орда, Еріксіз кірсем деп едім Керегесін кескілеп, Орын етсем деп едім Туырлығын кескілеп, Тоқым етсем деп едім Тақта отырған хандардың Төрде отырған ханымын Қатын етсем деп едім, - деп мақсат тұғырын толғайтын жыр төгеді. Мұның бәрін жүзеге асыру үшін ерлердің алдында қандай міндет тұрғанын да Махамбет қағида түрінде қалыптастырып қадап айтқан: Ереуіл атқа ер салмай, Егеулі найза қолға алмай, Еңқу-еңқу жер шалмай, Қоңыр салқын төске алмай, Тебінгі терге шірімей, Терлігі майға ерімей Алты малта ас болмай, Өзіңнен туған жас бала Сақалы шығып жат болмай, Ат үстінде күн көрмей, Ашаршылық шөл көрмей Өзі талып ет жемей Ер төсектей безінбей, Ұлы түске ұрынбай Түн қатып жүріп, түс қашпай, Тебінгі теріс тағынбай Темір қазық жастанбай Қу толағай бастанбай, Ерлердің ісі бітер ме?!! – деген жолдары тек батырларды ғана емес, өзінің бостандығы үшін қолына қару алып аттанған бүкіл халық алдындағы міндетін айқындап тұр. Махамбет өлеңдері – көтеріліс шежіресі, халық мұңының көрінісі. Махамбет тұлғасы азаттық жолындағы күрес басшыларының бірі ретінде азаматтық тарихымызда да, сөз өнерінің асқақ өкілі ретінде әдебиет тарихында да өзіне дейінгілерге де, кейінгілерге де ұқсамайтын қасиетімен ерекшеленеді.
Мұқағали Мақатаев.
Мәртебесі биік ақиық ақын Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысы Райымбек ауданы Қарасаз ауылында дүниеге келген. Ақынның шын аты — Мұхаметқали, бірақ ата-анасы пайғамбар атымен жүру ауыр тиеді деп сәби күнінен "Мұқағали" деп еркелеткен екен.
Балалық шағы соғыспен қатар өткендіктен, ақын тағдырдың ащы дәмін ерте татады. Жастайынан әдебиетке құштар болып, алғашқы өлеңдерін 14 – 15 жасынан бастап жаза бастайды. Ақынның тұңғыш өлеңдері “Қырман басында”, “Қойшы бала — Әкітай” ауданындағы 1949 жылы “Советтік шекара” газетінде жарияланды. Ал алғашқы жыр жинағы 33 жасында шыққан екен.
Аз ғұмыр кешкенімен бірнеше лирикалық жыр жинағы мен дастандарын жазған. Бүгінде лирик ақынның 1000 – нан астам өлеңі мен поэмасы қалды. Ал жыр аудармасы саласында Шекспирдің сонеттерін, Дантенің «Құдіретті комедиясын» қазақшалады.
Мұқағали поэзиясының қайнар көзі басты тақырыбы туған елі, өскен жері, Отан тағдыры, замана тынысы, замандастарының арман аңсары болды. Осы айтылғанның бәрін Мұқағали тек өзіне ғана тән қайталанбас шеберлікпен, асқан поэтикалық үйлесіммен, нағыз поэзияға ғана тән бейнелі образдармен бедерлеп, артынан келер ұрпаққа өлмес мұра ретінде қалдырған.
Алаш идеясы» – қазақтың мемлекеттік, елдің ұлттық идеясы. Өйткені Алаш - халқымызды бесігінде тербетіп, есейіп ат жалын тартып мінгенде бойына күш-қуат және сенім берген ұлттық идея. Алаш - ұлттың өзін бөлінбес тұтас жер, яғни территория ретінде сезінуі. Алаш - ұлттың аспан асты, жер үстінде өз орны бар ел ретінде өз еншісі мен үлесін анықтау харакеті.