Құстарға қызығып қарамау мүмкін емес. Өйткені құстар әуезді сайрағыштығымен, сымбатты да сұлу, алуан түрлі сыртқы бейнесімен орманның, саябақтардың, шалғындардың сәнін келтіреді, Құс атаулының бәрі пайдалы. Құстардың қайсысын болса да қорғау керек. Құстардың саябаққа, бау-бақшаға, егістіктер мен бақтарға үйірілуіне мүмкіндік жасап, ұсақ құстарға жем шашу, жазда ұялайтын үйшіктер дайындау арқылы қамқорлық жасау — табиғатты көркейтіп, құстарды аялай білудің негізгі шарты. Құстардың ұясын бұзып, жұмыртқасын жарудан аулақ болуымыз керек. Міне, қыс айы келді. Бұл кезде жылы жаққа ұшып кетпей, қар жауып, аяз түссе де туған жерінде қалған қанаттыларға ерекше мейіріммен қарағанымыз дұрыс болар еді. Құстарды қорғайық! Құстар — біздің досымыз.
Қазақстан - табиғаты көркем, жанға жайлы әсем жерлерге өте бай өлке. Жер жәннаты Жетісу, асқар шыңды Алтай, емдік қасиеті мол Алакөл, көрген көзді таң қалдырар Балқаш, суы балдай, шөбі шүйгін Баянауыл, ауасы шәрбат Қарқаралы... Біздің елдегі осы іспетті көрікті жерлерді айтып тауыса алмайтындайсың! Қарасаң көзің тоймайды!
Бурабай шатқалы
Жер шарының ең көрікті жерлері саналатын Ақмола облысының аумағында «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы орналасқан. Бурабай Қазақстандағы ең танымал демалыс орындарының бірі. Бұл жер бетінде сирек кездесетін өзіндік ерекшелігі бар демалыс орны.Биік таулар және қылқан жапырақты орман, айдынды көл және таза ауа. Табиғаттың шипалы қуаты жақсы демалуға және денсаулықты қалпына келтіруге мүмкіндік тудырады. Бурабайдың балшығы мен минералды суы емдік қасиетке бай.