«Астана-отанымыздың жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі» Н.Ә.Назарбаев
Астана-ұлан ғайыр еліміздің бас қаласы, әлем таныған жас қала. Біздің дәуіріміздің ХІ-ХІІІ ғасырларында Арқада қыпшақ тайпалары көшіп - қонып жүрген. өткен ғасырда археологтар Ақмола жерінен көне қаланың орнын тапты. Бозақ-қазіргі Астанадан небәрі 15 шақырым жерде. Қалашық Х-ХІІІ ғасырларда гүлденіп, Жібек жолы бойындағы сауда орталықтарының біріне айналған. Сондай-ақ Бозақ қыпшақ билеушілерінің елордасы болған. Демек, Елбасымыздың Астана орнын Арқа төсіне таңдауы кездейсоқтық емес, тарихты болжап, болашақты түйген көрегендік. 1996 жылы Ақмола қаласын астана жасаймыз дегенде қоғамның басым бөлігі күмәнмен қарады. Алайда 1998 жылдың 10 маусым күні тәуелсіз Қазақстан жаңа да жас қала-Астананың атын бүкіл әлемге паш етті.
Етек-жеңін енді қымтап, есін жиған егемен елдің бірегей ұлдары Қазақ елінің болашағы үшін барын шаша еңбек етті. Халқымызда «Басы қатты болса, аяғы тәтті» деген дана сөз бар. Астана дамып, көркейе түсті. Айбынды Астанамыз жарық жұлдыздай жарқырады Астанамыз әр күні жылға татитын, әр жылы ғасырға тең қарқынмен дамудың даңғыл жолына түсті.
1999 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен Астана «Әлем қаласы» атағына ие болды.
Астана-сәулеті келіскен алып шаһар. Бас қаладағы ең ғажайып, әсем мұнара-Бәйтерек. Тіршілік иелеріне тірек, сүйеніш, қорған, пана деген ұғымды білдіретін алып мұнара еліміздің символына айналған. Гүлденген Астанамыз, түрленген жас қаламыз-елдік пен тұтастықтың ғажайып үлгісі.
Не деген махаббат сұрапыл,
Тәңірден берілген нұр, ақыл.
Астана қазақты ғаламға,
Танытпай қоймайды, тұра тұр, - деп
Қ.Әбілдақызы жырлағандай, Астана-Елбасының ғажайып ерлігі.
Жас ұрпақтың келешегін ойлайтын кемеңгер адам Нұрсұлтан Әбішұлының ұлы дала төрінен асқақ та ғажап қала тұрғызуы-теңдессіз қайсарлық. Әр елді Астанасы-сол елдің төлқұжаты. «Астанасына қарап елін таниды» деген Елбасы сөзінде терең мән бар. Нұрсұлтан Әбішұлы «Еуразия жүрегінде» атты кітабында: - қалалардың да адамдар сияқты өз тағдыры болады. Олардың әрқайсысының өз аты, қайталанбайтын өмірбаяны, дүниеде ешбір жерге ұқсамайтын өзіндік айрықша мінезі мен белгілері бар», - деп жазыпты. Британдық «The Sunday Times» газеті өзінің 2005 жылғы 20 ақпандағы нөмірінде: «Астанада жасалып жатқан жұмыстардың ауқымы адам нанғысыз. Оны жүзеге асыру үшін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан болу керек», - деп жазды. Ендеше, аяулы Астана - Елбасының тарихи қолтаңбасы. «Біз жаңа астананың негізін салдық. Бұл - бостандық туралы ежелден далалық арман мекен еткен қала. Бұл - біздің он бес жылғы жолымыз бастап әкелген және бүгінде осы жол енді ғана басталатын қала. Бұл - біздің жол, Қазақстан жолы», - дейді Н.Ә.Назарбаев.
«Бәйтерек – Елбасының өр тұлғасы,
Әкеліп өз қолымен Тәңір қойған!»
(«Бәйтерек» Несіпбек Айтұлы)
«Егемен Қазақстанда» бұл туындыны «қазақ әдебиетінің тәуелсіздік жылдарындағы толымды табысы» деп бағаланған. Сол сөздің орындылығын «Бәйтерек» поэмасы жарияланғаннан бері қоғамдық ой-пікір тағы да қуаттай түсіп отыр.
Осы жылдар ішінде баспа бетін көрген шығармалардың арасында Несіпбек Айтұлы поэмасы тәуелсіздік тақырыбын нағыз ақындық шабытпен жырлаумен, кемеліне келіп, кернеуі керіп тұрған көркемдік қуатпен кестелей білуімен оқшауланады. «Бәйтерек» - кең құлашты, еркін тынысты, сан қатпарлы шығарма. Ол жайында шағын сөзде қамтып айтып тастау оңай да емес.
Бір атап өтер жай – поэманың тілі. Несіпбектің бір деммен шығып, ақындық арынмен тұтас күйінде төгіліп түсе қалғандай әсер қалдыратын тамаша туындысы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалықтаған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез-келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен?» деген жүрек-жарды сөздерін ойға оралтады, аяулы ана тіліміздің қадыр-қасиетін айшықты ашуымен де жаныңызды жарық нұрға бөлейді.
Ең бастысы – поэманы оқи отырып сіз Ел үшін, ер үшін мақтаныш сезіміне бөленесіз. Біздің қазақтың асыл азаматты ардақтауының басты белгісі - өмірін өрелі өлеңмен өрнектеуі. Қай заманда да тарихи тұлғалар туралы халық дастандар, жырлар шығарып отырған, олардың таңдаулары ұрпақтан ұрпаққа жетіп жатқан. Сол дәстүр бүгін де жалғасын табуда. Шынайы шабыттан туған мұндайлық ақық жырдың арқауына айналу – тәуелсіздігімізді тұғырлы етіп берген тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа халықтық сүйіспеншіліктің бедерлі белгілерінің бірі.