Кәусар – таза, тәтті, мөлдір ұғымдарын білдіретін бейнелі сөз
Барқыт — бет жағы тығыз түкті, жұмсақ мақпал мата. Жіңішке жолақтарының арасы тақырланып келген түрін шибарқыт деп атайды. Түгі қалың болып, жолағы жуан келсе жуан шилі барқыт деп аталады. Барқытты киім тысына пайдаланады, сым тігеді.
Адыра қалғыр (Әдіре қалғыр) - қатты қорыққанда, ызаланып, ренжігенде, күйінгенде, айтылатын кейіс сөз тіркесі.
Көбе, көбе сауыт – дәстүрлі қазақ қоғамындағы батырлардың соғыста кебенек (киіз кеудеше) сыртынан киген сауыты.
Алатау — Орталық Азия мемлекеттері мен Ресей Федерациясының Сібірдегі тау жоталарының жалпы атауы. Оларға Күнгей Алатауы, Кузнец Алатауы, Талас Алатауы, Қырғыз Алатауы, Жетісу Алатауы, Iле Алатауы, т.б. жатады. Алыстан қарағанда мұндай таулардың төбесінен етегіне қарай мұздықтар мен көп жылдық қар жапқан ақтаңдақтары тау жоталарына ала түс береді. Атауы соған байланысты. Әдетте, мұндай таулар заңғар биік болып келеді. Тау етектерінде орман, аңғарында таулық шалғын және дала белдемдері алма-кезек орналасқан.