Қыпшақ — қазақ халқының, басқа да бірқатар түркі халықтарының негізін құраған ежелгі тайпа, орта ғасырларда Орта Азия мен Шығыс Еуропаны мекендеген аса ірі ұлыстардың бірі.
Қыпшақ атауы ежелгі түркінің Шина Усу ескерткішінде алғаш кездеседі (қазақша “Қыпшақтану”). Мақмұт Қашқари еңбегі бойынша, 9 ғ-дағы Қыпшақтардың құрамына имақ, субар, қаңлы, қарабөрікті, тоқсаба, жете, бөрілі, т.б. рулар мен тайпалар енген. Қыпшақ Түркі қағандығы ыдырағаннан кейін алғашында Қимақ қағандығының құрамында болып, 11 ғасырда бөлініп шыққан. Қыпшақ хандығы тез арада күшейіп, Қыпшақ Орта Азия мен Шығыс Еуропаға тарала бастады. Шыңғыс хан империясының батыс бөлігіндегі Жошы ұлысын (Алтын Орда) тарихшылар Дешті Қыпшақ деп атады. 13—14 ғасырларда Қыпшақ сөзі жалпы “түркі” ұғымын алмастырып, Алтын Ордадағы саудагерлер үшін қыпшақ сөздігі — “Кодекс Куманикус” шығарылды. Алтын Орда ыдырағаннан кейін Қыпшақ көптеген ұлыстарға бөлініп кетті. Бір бөлігі Қазақ хандығының құрамына кірді. Н.А. Аристов қазақ халқының құралу кезінде көлденең, ұзын, танабұға, қарабалық, т.б. Қыпшақ рулары болған деп көрсетсе, В.В. Радловтың айтуынша ол кезде Қыпшақ тайпасы құрамында торайғыр, түйшіке, қытайқыпшақ, бұлтың, қарабалық, көлденең, танабұға, ұзын, көкмұрын рулары болған. Қазақ шежірелерінде 92 баулы Қыпшақ деп аталады, бірақ ешқайсысында оның барлығы бірдей таратылмайды. Шежіре бойынша Қыпшақтардың өсіп-өнуі төмендегіше сипатталады: Қыпшақтардан ақтамсопы, одан құлан-қытай, одан сүлімалып, одан кебекалып, одан мүйізді сарыабыз. Мүйізді сарыабыздан қытай-қыпшақ, қарақыпшақ, сарықыпшақ, құланқыпшақ тарайды. Қазақ құрамына енген Қыпшақ шежіресі бойынша, қарақыпшақтың ірі-ірі бес атасына (ұзын, бұлтың, көлденең, қарабалық, торы) бөлінеді.
Қазақстан жеріндегі тұңғыш теміржол магистралі 1894 жылдың 25 қазанында Покров слободасы (бүгінде РФ Саратов облысындағы Энгельс қ.) - Орал тар табанды темір жол телімінің құрылысы аяқталғаннан кейін ашылды. Осы жолдың 130 шақырымы қазіргі Қазақстан жері арқылы өткен. Арада 4 жыл өткеннен кейін Урбах-Астрахан тар табанды темір жол іске қосылды. Мұның да 77 шақырымы қазақ даласын басып өтті.
Солтүстік Қазақстанның дамуы үшін 1891-1896 жылдары салынған Транссібір магистралінің, дәлірек айтқанда, оның «қазақстандық» 190 шақырымының маңызы зор еді. Бұл жол қазақ пен орыс халықтарының экономикалық және мәдени жақындасуына үлкен үлесін қосты.
1901-1906 жылдары Қазақстан жерінің 1660 шақырымдық аумағын алған, Орта Азия мен Ресейдің орталығын қосатын, Орынбор-Ташкент темір жолы салынды.
1914-1917 жылдары болашақ Түрксібтің бір бөлігі Жетісу жолының Арыс-Пішпек телімі салынды.
1915 жылы Челябинскі-Троицкі-Қостанай (Қазақстан арқылы 166 км.) магистралі салынды.
1915-1917 жылдары соғылған Алтай темір жолының (Новосибирск-Семей) 122 шақырымы Қазақстан жері арқылы өтті. Бұдан басқа 1918 жылға дейін 117 шақырымдық Екібастұз-Ермак тар табанды темір жолы жұмыс істеп тұрды. 1918 жылға қарай Қазақстан аумағындағы шойын жолдың жалпы ұзындығы 2,6 мың шақырымға жетті.
Кеңес заманының алғашқы темір жолы 1920-1922 жылдары салынған Петропавл-Көкшетау телімі болды. Қазақстанның түкпірдегі аймақтарын дамыту және астықты шығару қажеттілігіне байланысты 1926-1931 жылдары Бурабай-Курорты және Ақмола стансалары арқылы Қарағандыға дейін жалпы ұзындығы 700 шақырымнан асатын жол салынды. 1924 жылы Құлынды-Павлодар теміржол желісі құрылды. Ембідегі мұнай кәсіпшілігінің дамуына 1926 жылдан басталған Гурьев-Доссор тар табанды жолы ықпал етті.
1927-1930 жылдар аралығында салынған ұзындығы 1444 км Түркістан-Сібір (Түрксіб) магистралінің аяқталуы заманалық оқиға болды. Ол Қазақстанды Сібірмен байланыстырып, республиканың экономикалық дамуына және шөлді жерлердің игерілуіне әсер етті.
Орталық Қазақстан өңірінің өндірісі үшін 30-шы жылдары салынған Ақмола-Қарағанды, Қарағанды-Балқаш (490 км), ал оңтүстік үшін Шымкент-Ленгір жол телімдері зор маңызға ие болған. Алтай тау кен өндірісінің дамуында 1930 жылы салынған Локоть-Защита (235 км), сосын Лениногорскіден Зыряновскіге дейін созылған жол шешуші рөл атқарды.