Табиғаттың әрбір маусымы ерекше болатыны сөзсіз. Әр маусымның өзіне тән қызығы мен сейіл-серуені бар. Соның ішінде қыс мезгілі де өзіндік кіршіксіз аппақ қарымен, қаһарлы мінезімен, сықырлаған аязымен ерекше. Бұл мезгілде адамдар табиғаттың құпиясын, ерекше бір ұмытылмас сәттерін тамашалайды.Қара жердің бетін басқан аққұба ару сияқты үлпілдеген ақ ұлпа қар айналаға сән бергендей. Әркім бұл мезгілді асыға күтетіні рас. Бірі шаналарын арқалап, биік жоталарға, таулы қыраттарға бет түзейді. Дала төсінде қолдан сырғанақ жасайтын қызықты кездерде өз алдына бір бөлек әңгіме. Қолдарына шана сүйреген балалар, жүздері күлкіге толы адамдар барлығы бейне бір қыстың суығын емес, оның жылы нұрын, ыстық тартар сәулесін тауып алғандай қуанады.Даланың табиғаты тып-тыныш қалпынан, маужыраған күйінен серпіле түскендей күйде. Алатаудың сілемдері мен биік жоталарындағы қыс көріністері көздің жауын алады. Басында қашанда қар жататын қарт Алатау ару Алматының көркіне көрік қосып тұрғандай көрінеді. Ақындар жырға қосқан, әншілер әнге қосқан Алатау қыс мезгілінде ерекше сұлу ғой, шіркін!Қыс мезгілін тағы да асыға күтуіміздің бір себебі - Жаңа жыл. Сірә, бұл мейрамды еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін күтетіні айдан анық. Бүлдіршіндер аппақ қардан аққала жасап, шырша безендіріп, аяз ата мен ақша қарды көруге асығады. Барлығы ақ тілектерін білдіріп, сыйлықтарын береді. Қылышын сүйретіп жеткен қаһарлы қыстың бізге берер қызығы мен қуанышы көп. Осындай естен кетпес оқиғаларға толы қыс мезгілін керемет деуге толық негіз бар. Қыстың ғажайып ұмытылмас шақтары адам жанына шуағын шашып, нұрын төге түскендей, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды.
Қазақ халқының салтында үлкенді сыйлау әдептіліктің бір үлгісі болып табылады. Ата-ананы сыйлау, оларды қадірлеу, ізет көрсету адамның ең қастерлі қасиеттерінің бірі. Кіші үлкенді сыйласа, үлкендер де өз тарапынан оған лайық ықылас білдірген. Содан барып үлкен мен кіші арасында жарасымды қарым-қатынас орнаған. Ол әдетке айналып әдептілік ережелерін тудырған. Үлкендер отырған жерде сөз жарыстырмай, ізет көрсете білу, көңілге қарай сөз айту, қажет кезде өзіңді ұстай білу халық дәстүрінде қалыптасқан қасиеттер. Әдептілік адам бойында бірден қалыптаспайды. Ол - біршама жылдардың, қоршаған ортаның, жақсы тәрбиенің жемісі. Ата-ана өз балалары үшін тәртіптілік пен сыпайылықтың, жарасымдылықтың, қамқорлықтың үлгісі, отбасындағы тәрбие құдіреті осында. Адамдар арасындағы қарым-қатынас әдептілікке негізделсе, жан-жағына жылуын шашады, әдепсіз болса қапаландырады. Адам-ең әуелі адамгершілігімен, әдебімен көрікті. Әдептілік-өзіңді әр түрлі жағдайда мінез-құлықтың жалпы ережелеріне, эстетикалық, этикалық талаптарға сәйкес ұстай білу. Әдепті адам ыңғайсыздық тудыратын жағдайды болдырмауға тырысады. Әдепті болу үшін өзіңді-өзің ойша болса да басқа адамдардың орнына қоя білуің керек. Әдепті адам өзінің басқа адамды жек көретінін немесе өте жақсы көретінін көпшіліктің алдында білдірмейді, бұл басқаларды ыңғайсыз жағдайда қалдырмау үшін қажетті. Адам мәдениеті жоғары болған сайын, оның айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы сыпайы бола түседі.