Еңлік-Кебек" поэмасы - Шәкәрім Құдайбердіұлының туындысы. Ол қос ғашықтың махаббатын жыр етеді. Оқиға Найман мен Тобықты арасында бітіспес дау орын алған уақытта болған еді.
Тобықты руының қос басшысы Тоқтамыс деген кісі болады. Оның артынан ерген Кебек есімді інісі бар. 15 жасында-ақ көпшілік ішінде батырлығымен, кішіпейілдігімен танымал болған Кебек аузы дуалы Нысан абызды әдейі іздеп барып, бал ашуын сұрайды. Қобызын сарнатып, қалшылдап-дірілдеп Кебектің болашағын болжаған Нысан абыз жігітке:" Ажалың биік қабақ сұрлау қыздан, Батырым, ондай жанға көңіл берме", - деп ескертеді.
Абыздың сөзін көңіліне алса да, жын сөзіне сенбеген батыр өз жолымен жүре береді. Арада біраз уақыт өткен соң Кебек аң аулап жүріп адасып кетеді. Кешқұрым жолында кезіккен үйге кіреді. Ол Матай ауылына келген екен. Кірген үйінде кемпір-шал мен қойшы бала отырады. Және кемпір-шалдың бой жетіп отырған Еңлік есімді қызы бар еді. Ас ішіп, жөн сұрасқаннан кейін Кебек өзін таныстырады. Оның есімін естіген қыз Кебекке ұзақ қарап қалады. Ұйықтар уақыт болғанда Еңлік Кебекке өз төсегін салып береді. Кебек оны қыздың жеңілтектігіне балайды. Көз байланып, барлығы ұйқыға батқанда Еңлік Кебекті оятып, өз сырын айтады. Өзінің бір байдың баласымен атастырылғанын, оны өзіне тең көрмейтінін, атасқан жігітінің ездігі мен ынжықтығын айтады. Сырын ақтарған қыз Кебектен өзіне тең көрер болса алып қашуын өтінеді. Кебек те қызды сынап, оның ой-пиғылы таза екеніне көзі жетіп, алмаққа уағдаласады.
Қыз Кебекке Тобықты мен Найман бітіскен уақытта алып қашуы керектігін айтып, оған дейін жартас маңында кездесіп жүрелік дейді. Екеуі солай уағдаласқан соң жігіт еліне аттанады. Осылайша олар 6 ай бойы кездесіп жүреді. Осы уақытта Найман мен Тобықты да бітімге келеді. Бір күні Еңлік сүйгеніне қол ұстасып, бірге қашар уақыт келгенін айтады. Ол кезде Еңліктің аяғы ауыр еді. Араға біраз уақыт сала екеуі бірге елден қашып, жартасты паналап жатады. Қыздың қашып кеткенін естіген қалың Матай оны іздей бастайды. Сұрастыра келе оның Кебекпен қашқаны белгілі болады. Матай Тобықтыға кісі салдырып, Кебекті өз қолдарымен ұстап берулерін талап етеді. Тағы да бір-біріне өшіккен екі рудың арасына бұл оқиға бітіспес дау салады. Жартаста тығылып жатқан қос ғашық ұлды болып, соны қызықтап өмір сүріп жатады.
Ақыры екеуін тауып алған Найман мен Тобықты адамдары ғашықтарды өлтірмек болады. Осы тұста Еңлік өлер алдында үш тілегін орындауларын сұрайды. Алдымен Кебекпен араздастыруларын, өлтірсе бірге жерлеулерін және кінәсіз балаларын Кеңгірбай биге тапсыруын сұрайды. Көпшілік Еңліктің сұрауына рұқсатын береді. Бір-бірімен қоштасып, құшақтасқан екі жасты ашулы жұрт ат құйрығына байлап, сүйреп өлтіреді. Екеуін бірге жерлеп, бала жайлы ұмытып кете барады. Ертесіне бала естеріне түсіп, іздеп келсе оны жартас маңынан таба алмайды. Поэма осылайша аяқталады.
Жеті саны.
Сан мыңдаған дәуірді өткерген дана халқымыздың дәстүріне сай киелі ұғымдар бар. Соның бірі 7 саны. Барлығымызға білетіндей жеті ата, жеті қазына, жеті ғашық, т.б. мысалға келтіруге болады. Тіпті ерте замандардан бері қарай осы бір санның бойында тылсым құпия бар деп айтылып келеді. Ол қандай құпия? Оны әлі ешкім білмейді, әлі күнге дейін бізге жұмбақ. Қазақ халқы жеті санын киелі деп санап, өзінің дүниетаныма арқау етіп келеді. Сайтымызда жеті саны туралы көптеген материал жазылды. Бүгін онда қамтылмаған бірнеше деректі ұсынуды жөн санадық. Тәуке ханның тұсында қабылданған қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарының жинағы "Жеті жарғының" да жеті болуы тегіннен тегін емес.
Адамның жеті жетекшісі жайлы кезінде Саққұлақ би айтып кеткен екен.
7 жетекші.
1. Адамның басшысы ақыл.
2. Жетекшiсi талап.
3. Жолаушысы ой.
4. Жолдасы кәсiп.
5. Қорғаны сабыр.
6. Қорғаушысы мiнез.
7. Сынаушысы халық.
Бұдан бөлек, 7 күн мен 7 ғалам бар.
7-күн
1. Бүгін.
2. Ертең.
3. Бүрсігүні.
4. Арғы күні.
5. Ауыр күн.
6. Азына күн.
7. Соңғы күн.
7 ғалам.
1. Күншығыс
2. Күнбатыс.
3. Түстік.
4. Терістік.
5. Аспан жоғарғы ғалам.
6. Жер ортаңғы ғалам
7. Жер асты төменгі ғалам.
7 амал.
1. Күннiң тоқыраүы.
2. Қарашаның қайтуы.
3. Үркердiң батуы.
4. Мұздың қатуы.
5. Киiктiң матауы.
6. Қыс тоқсан.
7. Ай тоғамы.
Халқымыздың жетіқарақшы жұлдызы туралы да наным түсінігі бар. "Жетіқарақшы" сөзін "жеті қараушы, жеті сақтаушы, жеті күзетші" деп түсінгеніміз абзал. Ел жадында сақталған "Жетіқарақшыны таныған жеті түнде ада " деген сөз осының айғағы болса керек. Халқымыз жетіқарақшыны аспан сағаты деп атайды. Себебі, ата-бабаларымыз оған қарап түнгі уақыттарын мөлшерлеп, ауа-райын болжаған. Жетіқарақшы.
1. Дубхе (Ерік)
2. Мерак Жігер)
3. Фекда (Қайрат)
4. Мегрец (Қуат)
5. Алиот (Ырық)
6. Мицар (Құдірет)
7. Алькаид (Дес)
Тағы айта кетерлік дүние қазақ халқында "жеті шелпек" деген ұғым бар. Үлкендер бір нәрседен қауіп қылса, үрейленсе, болмаса жайсыз жатып, жаман түс көрсе, жеті нан жеті шелпек айтады. Жеті нанды қасиетті жұма күндері, сәрсенбінің сәтіне пісіріп, жеті үйге таратады. Алушы: "Қабыл болсын", дейді, таратушы: "Әумин!" деп жауап береді. Жеті нанды таратып болғаннан кейін: "ата-бабаларға тие берсін" деп ауыз тиіп, әруақтарға арнап аят оқып, бата қылады. Сонда әруақтардың мұрнына нанның иісі тиеді. Сосын "Жеті нан әрқашан әруақ болып желеп-жебеп, бәле-жаладан қорғап жүреді", дейді. Ал, жапондықтардың ойынша "жеті" саны адамға жақсылық әкеледі. Осы сияқты жетінің киелі ұғымы немесе өзге де жоғарыдағылардай мағыналық көріністері орыс, корей, монғол, т.б. халықтарда да бар. Демек "жетінің" киелі мән алуы түркі халықтарына ғана емес, басқа халықтарға да тән құбылыс. Мәселен, Қытай мәдениетінде де "жеті" саны киелі сан. Қытайлар адам қайтыс болғаннан соң 7-ші, 21-ші күні, 49-шы күндері оған арналған аза білдіру салтын өткізеді. Бұл күндері олар "жетісі", "үш жетісі", "жеті айы" деп атап "аруақтар күндері" деп есептейді. Ақыртас жөніндегі аңыз бойынша аса зор денелі де күшті құрылысшы кетпенімен жеті жерге тастаған топырағынан жеті төбе пайда болған. Ал, "Алпамыс батыр" эпосында Байбөрі мен Аналық бір бала көтеру үшін дүниенің жарымын аралап, жеті әулиенің зираттарына түнеп жүріп армандарына жеткен... Иә, шынында да біздің әлемде қызықты әрі жұмбақ жайттар өте көп кездеседі. Ал, тарих дәстүріміздегі құпиялар мен ашылымдар қаншама... Қорыта айтқанда, "жеті" қазақ халқының ұғымында қалыптасқан киелі сан. Ұлттық түс алған көне мәдениет құбылысы. Бұл құбылыстың басқа халықтарда да кездесуін олардың бір-біріне тигізген әсерінен гөрі әрқайсысының өзіндік дүние танымынан туындаған ортақ құбылыс деп қараған жөн. Қазақ халқында 7 саны ерте замандардан киелі сан болып есептеледі. Ол дегеніміз 7 қазына, ұлттық тағамдардағы 7 түрлі қоспа, әлемнің 7 кереметі, аптаның 7 күні, кемпірқосақтың 7 түсі, Жетіқарақшы жұлдызы, т. б. Ертегілерде 7 батыр, 7 ағайынды, 7 ұл, 7 қыз, т.с.с болып кездеседі. Халқымыздың ежелгі дәстүрінің бірі бала туғаннан кейін 7 күннен кейін тойлап, адам дүниеден өткеннен кейін 7 күннен кейін жетісін өткізеді. Егер адам 7 ұлттың тілін білетін болса дана адам болып есептеледі.