Қазақ халқы үшін төрт түліктің осалы жоқ . Дегенмен ілгері заманда жылқы мен түйенің адам үшін атқаратын қызметі өте жоғары бағаланатын. “Жылқы – малдың патшасы, түйе – малдың қасқасы” деген мақал сол кезде туған болатын. Мереке-қуанышта, қайғы-қасіретте, басқа түскен не ауыр күндерде де бұл түліктер адамның жан серігі, айырылмас досы болған.
Барлық түліктен де жылқы өсіру жеңіл. Жылқыны бағып-қағуда артық шығын шықпайды, еті де сүті де өте арзанға түседі. Жылқы етінің арзандығы өз алдына, қазақ халқы үшін ол аса қадірлі тағам. Ғылыми орындардың арнаулы зерттеулері бойынша, жылқының қара етінің қоректік қасиеті орта есеппен сапалы сиыр етімен тең, бірақ жылқы етінде сиырдың етінен бөлек 24-25 % көп болады. Сондықтан ол қорытуға жеңіл, сіңімі тез. Жасы толған семіз жылқы 10-12 қойдың етін береді. Қазіргі кезде жылқы етінен жасалған қазы-қарта, жал-жаяны білмейтін адам сирек, қай жерде де бұл тағамдар үлкен сұраныста болып отырғаны аян.
Жылқының бір қасиеті – сүтінде. Бие сүтінен қымыз ашытады. Қазақтың ертедегі көшпелі өмірінде ауруға ем болып, сауға қуат берген осы қымыз. Бие сүтінде қант көбірек болады, оны жаңа сауған сүттің дәмін татып білуге болады.
Қымыздың құрамына кіретін түрлі заттардың бәрі де адамның бойына жақсы сіңеді. Бие сүтінде “ С” витамині мол болады. Сондықтан оның емдік қасиеттері, әсіресе туберкулез ауруынан емдеу үшін айрықша жоғары. Сондықтан да туберкулезді қымызбен емдейтін ең алғашқы курорт 1858 жылы Самара қаласының маңында ашылған екен. Оны ұйымдастырушы В. Толстиков деген дәрігер: “қымыз асқазанды ыстап, адамның өзін әлдендіреді, оның тәнін жаңғыртады” – деп жазған екен.
Халық арман еткен сол қымыз қазір де елдің қалаулы тағамы болып, көптің сүйсініп ішетін сусыны болып келеді. Бие басынан күніне орта есеппен 10-12 литр сүт сауылады; кейбір биелер 15-17 литрге дейін сүт береді. Биелерді 7-8 ай саууға болады, сонда бие басынан 1500-2000 литрге дейін сүт алынады. “Сауын саусаң бие сау, боз қырау түспей суалмас” деген мақал тегін айтылмаған. Жылқының жайылымы мен суаты сапалы болып, күтімі келіссе, бие сауудың биеге де, құлынға да зияны болмайды.
Қымызды, сондай-ақ бұзаулар мен құлындар диспепсия ауруына шалдыққанда, құлындардың, балапандар мен тауықтардың ащы ішегінде қабыну белгілері байқалғанда, бұзаулар мен құлындар қан бөлетін гастроэнтеритті ауруға шалдыққанда, ірі қара малдың асқазаны әлсірегенде, торайлардың іш ауруларына, балапандарға А және В витаминдері жетіспегенде, сол сияқты іріңдегенде, күйгенде, сиырлар, биелер мен қойларда кездесетін іріңді вагинит және эндометрит ауруларына, сиырлар мен биелердің іріңді желінсау ауруына және т.б. қолдануға болады.
Жеміс – жидек пен көкөкністің адам ағзасына пайдасы.
Үнемі жеміс – жидек пен көкөністерді тағамға пайдалану адам өмірін ұзартып, ағзаға оң әсер етеді. Әр жеміс – жидек пен көкөністің құрамында өзіндік ерекше табиғи дәрумендері болады. Пісу маусымына байланысты жылдың әр мезгілінде жеміс – жидек пен көкөністі үстеліңізден үзбей қолданған абзал, әсіресе, маусым арасында мұндай табиғи дәрумендердің маңызы арта түседі.
Ғалымдардың соңғы зерттеулеріне сүйенер болсақ, кейбір көкөністер мен жемістер кей аурулардың алдын алуға да септігін тигізеді. Мысалы, жасыл және сары түсті көкөністер: саумалдық, бұрыш және де шаршыгүлді өсімдіктерді, оның ішінде түсті қырыққабатты пайдалану қатерлі ісіктің алдын алуға үлкен септігін тигізеді. Ал жүрек-қан тамырлары ауруларын алдын алу үшін алма, алмұрт, цитрусты жемістерді көптеп пайдаланып, крестгүлді өсімдіктерден түрлі салаттарды дайындап жеген пайдалы. Сонымен қатар, көкөніс пен жемістерді күнделікті пайдалану ағзадағы холестерин деңгейін төмендетіп, қан қысымын қалыпты нормада ұстап, қан айналым жүйелерін ретке келтіріп және де иммундық жүйені жақсартуға ықпал етеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кем дегенде тәулігіне бес мәрте (400 грамм шамасында) кез-келген, тіпті мұздатылған, көкөніс пен жемістерді қабылдауға кеңес береді.