іне, Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына да 60 жыл өтті. Бұл сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгілік қалатын күн. Бұл күнді соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің тылдағы қажырлы еңбегімен жеңісті шыңдаған, станоктың қасынан, егін даласында, күні-түні мал бағып, тынымсыз жұмыс істеген жұмысшылар, ауыл адамдары тойлайды. Бұл мейрамды біздің аяулы да даңқты әйелдеріміз - өздерінің әкелерін, ерлерін, ұлдарын және сүйіктілерін көзінен жасы сорғалай жүріп төзімділікпен күткен, олардың орнын жоқтатпаған аналар мен жұбайлар, қалыңдықтар мен қыздар тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің әкелері мен ағалары қанын төгіп, жанын қиып бақытты өмірін қамтамасыз еткен Ұлы жеңістің құрдастары тойлайды. Ұлы Жеңіс күні елі мен жері үшін жанын пида еткен, туған-туысқандарына, жақын-жарандарына, туған жеріне, ауылына оралмай қалған қаһарман ерлерді бүкіл елі болып еске түсіреді.
Бұл мейрамды бұрынғы кеңес одағына кірген 15 одақтас республика халқымен бірге, кеңес халқы неміс басқыншыларынан азат еткен Еуропа елдерінің Варшава мен Прага, Будапешт пен Бухарестің, София мен Белградтың, Париж бен Венаның, жер шарының басқа да көптеген қалаларының тұрғындары тойлайды.
Ұлы Отан соғысы халқымызға төнген ең ауыр күндер болды. Төрт жыл, 1418 күн мен түн бойы өз жері мен отаны үшін, келешек ұрпақ үшін жан қилы соғыс жүріп жатты.
Бір күшке жиналған орыс пен тәжік, грузин мен белорус, қазақ пен украин қарсы алдындағы жауға алмас қамал болып жұмылды...
Табиғаттың әрбір маусымы ерекше болатыны сөзсіз. Әр маусымға тән сейіл-серуені де болады. Жазда адамдар суға шомылып, күнге қыздырынса, қыста шаналарын арқалап, биік жоталарға, таулы қыраттарға бет түзейді. Дала төсінде қолдан сырғанақ жасайтын қызықты сәттер де – өз алдына бір әңгіме. Барлығы қыстың суықтығын емес, бейнебір жылы нұрын, ыстық тартар сәулесін тауып алғандай қуанысады. Биік қыраттан төмен қарай аппақ қардың үстінде ізін қалдыратын шанасымен ызғиды.
Қаңтар айының алғашқы күндері, міне, осындай қуанышты шақтарға толы. Күн сәулесі Жер-анаға шуағын төгіп, барша адамдарды өзінің жылы нұрына бөлеп, қысқы суықтың бетін қайтаруға бел шеше кіріскендей. Алыстағы таулы қыраттардан арқан бойы ұзап шыққан дала құстары әсем табиғаттың осынау ғажап шағына мейілінше құмарта қанат қағады. Алыс қия-белдердегі қалың қар көктемнің жылы лебі келгенше басқа тіршілікке орын босататын емес. Табиғаттың әдемі мезгілі – қыстың ерекше көрінісімен өріле түскен.
Даланың табиғаты тып-тыныш қалпынан, маужыраған күйінен серпіле түскендей күйде. Алатаудың сілемдері мен биік жоталарындағы қыс көріністері көздің жауын алып, жан баурайды. Қыс мезгілінің аязды күндерімен де қоса, ерекше бір жылылық сыйлайтын күндері аз емес. Әрбір төрт мезгілдің өн бойында бірімен-бірі астасып, қабаттасып жатқан ортақ күн райы бар. Қаңтар айы жаңажылдық көңіл күйді одан арі көтере түсіп, өзінің жылы күндерін аямай-ақ сыйлап жатыр. Мейірімін төккен Жер-ана да адам үшін өзінің ішкі сырларын ақтарғандай тылсым сырмен үн қатады. Көгілдір аспандағы шарбы бұлттар да өздерінің бағытын бір сәт тежеп, бейнебір сырласып тұрған арулардай. Ағаштар қыс мезгіліне дайындалып, шымырлана түскен. Олар көктем келісімен бүр жарып, айналаны көк бояуға бөлеуге әзір тұр. Алыстан мұнарлана көрінген тау бөктерлеріндегі қалың қарлар да бір сәт тыныстап, терең ойға шомады. Аспанмен таласқан Алатаудың асқақ шыңдары айналаға сабырлы көзбен барлай қарайды. Өзі биік тұғырда болғанымен, төмендегі тіршілік атаулыға көз тастап, қысқы ғажайыптарды бір өзінің бойына жия түскендей. Қыстың ғажайып ұмытылмас шақтары адам жанына шуағын шашып, нұрын төге түскендей, көтеріңкі көңіл күй сыйлайды.