Қазан, 19
Қазақтың ең орныққан, маңызды қағидасының бірі осы – үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету. Ұрпақтарға ең үлкен тәрбиені де осы бір ауыз сөзбен бойына сіңірген.
Үңілсек, бұл сөзде үлкен философия жатқан сияқты. Өзімізден үлкенді құрметтесек, өзімізден кішіге иіліп ізет көрсетсек, адамзатты сыйлаған, бәрімен жақсы қарым-қатынаста болмаймыз ба? Ал күллі адамзатты сыйласаң, өзің де сыйлы боласың, құрметке бөленесің.
Қазақта отбасының әр мүшесінің өз орны бар. Шектен шығып бара жатқан кісіні «Өз орныңды біл!» деген бір ғана сөзбен тоқтатқан. Балалары ата-әжесін, әке-шешесін құрметтейді, олар айтқан сөзге тоқтайды. Аға-әпкелері іні-қарындастарына қамқор болады, келіндер үлкенге тік қарамай, даусын бәсеңдетіп сөйлейді. Дастархан басында отырғанда да осы қағида сақталады. Үлкендер–төрде, олардың жанын ала бере, оң жағында қыздар, сол жағында ұлдары, одан төменірек балалар, келіндер жайғасады. Төр – құрметті орын. Сондықтан да онда құрметті кісілер отырады.
Бұрынғы уақыттарда ауылдағы, ру ішіндегі не ел арасындағы дау-дамайды да үлкендер шешетін болған. Ақсақалдар отырысында шешілген байламға екі жақ та тоқтаған. Оған қарсы шықпаған. Қазіргі соттың үкімінен де артық бағаланған десек қателеспеспіз.
Кішілер үлкенге құрмет көрсетеді. Ол құрмет өмірдің әр алуан кездерінде әр түрлі формада жүзеге асады. Кішкентайында үлкеннің жолын кеспейді, оларға әрдайым сіз деп сөйлейді, тіл қайтармай, айтқанын бұлжытпай орындайды. «Сен демек қиын емес пе, бұрынғы туған үлкенге?!» деп Шортанбай Қанайұлы қазақтың танымын көрсетеді. Басқа қарсылықтарды былай қойғанда, тек «сен» деп сөйлеудің өзін өте оғаш санаған. Бала кезінен-ақ қонақты күтіп ап, олардың қолына су құйып қызмет жасау үйдің кіші балаларының еншісінде болған. Есесіне үлкендер оларға ризашылығын батасымен, мейіз-өрік, тәттісімен білдіретін болған. Қазірдің өзінде біз қонаққа барсақ, ол үйдің балаларына міндетті түрді сый-сауқатымызды ала барамыз.
Кішіге ізет көрсету де үлкен жауапкершілікті, асқан мейірбандылық пен махаббатты қажет етеді. Жүрегі жұмсақ адамдар ғана кішіге мейірімділік танытады. Ертеректе бір үйдің баласы, екінші үйдің тамағын жеп, ойнап, тіпті сол үйде қонып жүре беретін. Ешкім алаңдап, баласын іздемейді де сонда. Бір қазан тамақ жасалып, үйдегінің бәріне тартылатын. Қазақтың дархан көңілінің арқасы ғой!
Бұдан бөлек ел арасында ағасының өз інілерін жеткізіп, үйлендіріп, үйлі етіп жатқан неше жағдайларды естіп те, кездестіріп те жүрміз. Ол да болса әке аманатын орындап, кішілерге қамқарлықпен қарап жүргенінің мысалы.
Үлкенге құрмет көрсету мен кішіге ізет көрсету жалпы қазақта тәптіштеліп үйретуден емес, күнделікті тіршіліктен-ақ баланың бойына сіңіп кеткен сияқты. Өйткені тәрбие айтудан емес, көрсетумен ғана бойға сіңеді. Үлкен даналық жатқан бұл қағида шынында атадан балаға мирас болып келіп жатыр. Еш заңда жазылмаса да халықтың санасы мен тыныс-тіршілігіне сіңіп кеткен. Қазақта қай істі бастасақ та осы қағиданы біліп-білмей ұстанамыз. Қонақ күтсек, әуелі үлкендерді шақырамыз, үлкендерге амандасамыз, «басты» үлкендерге береміз, белгілі бір мәселені де алдымен үлкендермен ақылдасып, сол кісілердің батасын алып барып қана бастаймыз. Кішілер қызметін жасайды, сый-сияпатын алады, дегенмен оларды аяймыз, ауыр жұмысқа жұмсамаймыз. Еркелетеміз, тентектігін кешіреміз. Өмірдің өзі қарым-қатынастан тұратын болған соң: әркімге өз жолы бойынша құрмет көрсетеміз. Сәйкесінше өзіміз де құрметке бөленеміз. Өмірді жақсы сүру деген де осы емес пе?!
ӘНШІ ӘМІРЕ
Қолыңыздағы естелік кітап – әншілігі елден асқан қазақтың дарынды ұлдарының бірі, сонау жиырмасыншы ғасырдың басында-ақ қазақ әншілік өнерін әлемге паш етіп, орыстың, батыстың ұлы мәдениет қайраткерлерінің ауыздарына түскен ән атасы Әміре Қашаубаев жайлы. Бұл жинақ асқақ әншінің 125 жылдық мерейтойы қарсаңында арнайы шығарылып отыр. Мұнда мемлекет, өнер, ғылым қайраткерлерінің, танымал ақын - жазушылардың және оның замандастары, шәкірттерінің естеліктері мен зерттеу мақалалары іріктеліп берілген. Олар әнші өмірінің қиын-қыстау кезеңі, беймәлім қырлары, оның теңдессіз орындаушылық шеберлігі, әртістігі жайлы тереңнен сыр шертеді. Сонымен қатар аталмыш жинаққа Әміреге арналған туындылар мен оның орындауындағы бірқатар әндер енгізілді.
Берілген сөздермен сөйлем құрау.
Анам маған жаңа жылға әдемі көйлек тігіп берді.
Еліміздің бас қаласын көптеген ақындар жырға қосып, «әсем қала» деп атап жатады.
Менің ағамның жолдасы - көрікті жігіт.
Жеңгемді алғаш көрген адамдардың барлығы «келбетті екен» деп сұлулығына тамсанып жатады.
Бет терісі ажарлы болсын десеңіз, бетке түрлі күтім жасап тұрған абзал.
Біз тұратын облыс орталығы мен нағашыларым тұратын аудан орталығының арасы - қашық жер.
«Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жас мамандар еліміздің шалғай ауылдарына жұмысқа орналасуда.
Әкемнің мерейтойына алыс – жақындағы ағайын – туыстың бәрі жиналуда.
Қазақ халқы қашанда қыз баланы "жат жұрттыққа жаратылған" деп айтып жатады.
Ата – аналар балаларға «көшеде бөтен адамдармен сөйлеспеу керек» деп үйреткені дұрыс деп есептеймін.
Тез өзгеріп жатқан дүниеде өмір сүріп, өз орныңды табу үшін жан – жақты болу керек.
Телефонмен сөйлесіп болған соң, Мадияр шапшаң киініп, есік алдына шығып кетті.
Өз басым қойылған сұраққа лезде жауап беретін адамдарды ұнатамын.
Менің ағам жарыс кезінде жылдам жүгіріп, бірінші орынға ие болды.