1 мамыр жайлы шағын шығарма
1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні менің сүйікті мерекелерімнің бірі, себебі Қазақстан Республикасы әлемде татулығы мен ұлттар достастығы жарасқан ел ретінде танылған. Қазақстан кең байтақ дархан жерінде жүзден астам ұлт өкілдері бір шаңырақтың астында тату - тәтті өмір сүріп жатыр. Елімізде түрлі ұлт өкілдерінің татулық діңгегі ажыраған емес. Бұл ретте ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызы зор құрылым – Қазақстан халықтар ассамблеясы да үлкен рөл атқарады. Еліміздің республикалық, өңірлік, облыстық, қалалық ұлттық-мәдени бірлестіктері кіші ассамблея мүшелерінің бастарын біріктіріп, біздің ортақ үйіміз – Қазақстанда шынайы достықты қамтамасыз етіп келеді.
Біз жас ұрпақ осындай кең байтақ жеріміздің көгінде тек қана бейбіт құсы қалықтап ұшып, мемлекетіміз одан әрі көркейе беруін қолдаймыз. Себебі, бейбітшілік бар жерде, бақыт орнап, тыныштық болады. Одан әрі қарай да бейбітшілік пен татулықты сақтап, ынтымақтастықты ұстап тұрсақ, ата - бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қол жеткізген Тәуелсіздігіміз де мәңгі болмақ.
Бұл бір жағынан Елбасымыздың көреген саясатының арқасында деп білеміз. Болашақта жақсы білім алып, еліміздің гүлденіп, көркеюіне өзіміздің қомақты үлесімізді қосамыз деп білемін.
Әрбір азамат туған елін, жерін, салт-дәстүрін, тарихы мен мәдениетін құрметтейтін, сүйетін, мақтан тұтатын, ұлтжанды азамат болу керек. Өзі туған қасиетті Отанын оттан да ыстық бағалау, сүю керек деп ойлаймын. Барлық әлемде тыныштық орнап, бейбіт заманның ғұмыры баянды болғай! Себебі барлығымыз да бейбіт заманда өмір сүруге лайықпыз деп есептеймін.
Қазақстанның көрікті жерлері туралы ъат.
Сәлем, Алина! Қал – жағдайың қалай? Үйіңе аман – есен жеттің бе? Мен қазір саған ауылдан хат жазып отырмын. Екеуміздің халықаралық балалар орталығында танысқаныма өте қуаныштымын, енді осы хатымда мен саған Қазақстанның көрікті жерлері жайлы айтып кеткенді жөн көрдім.
Менің кіндік қаным тамып, алғаш тәй-тәй басқан, алғаш «ана» деп күлім қаққан, киелі жерім, атамекенім бар, ол – тәуелсіз Қазақстан. Мен өз басым Қарағанды облысына қарасты Жаңаарқа ауданында тұрамын. Ұлан байтақ еліміздің ірі қалаларын аралау - менің арманым, себебі Қазақстанда көрікті жерлер жетерлік. Әзірге осы арманымды ата - анамның арқасында ақырындап жүзеге асырып келемін. Жазғы демалыста отбасымызбен демалуға бір қаланы таңдап, сонда жол жүреміз. Әзірше біз киелі Түркістан, жер жәннаты Жетісудың орталығы - Талдықорған, оңтүстік астанамыз Алматы және еліміздің бас қаласы Нұр - сұлтанға сапар шектік. Әр қаланың өзіндік қайталанбас ерекшеліктері бар. Мысалы, Түркістанда біз киелі жерлерді аралап, аптап ыстықта жер асты құдығының суын ішіп, бұрынғы заманның сәулет өнері туындыларына тамсандық. Ал Жетісу өңірінде таудан сырқырап аққан Қаратал өзенінің бойында серуендеп, таза ауада демалып, табиғаттың сұлулығына тәнті болдық. Оңтүстік астанамыз аталып кеткен Алматыда серуендеп қыдыру мен аты әлемге әйгілі Алматы апортын татып көрудің өзі арман ғой, Алматыны тіпті өлең - жырға қосқан ақын - жазушылар қаншама десеңші... Алматыда серуендейтін жерлер өте көп. Солардың ішінде біз Көктебеге көтеріліп, әсем Алматыны жоғарыдан алақанымыздағыдай көріп таң қалдық. Аты әлемге әйгілі Медеу мұз айдынында коньки тептік, Абай атындағы ұлттық опера және балет теартының кезекті қойылымын тамашалап, Ә.Қастеев атындағы сурет галереясына да барып үлгердік. Еліміздің жүрегі – Нұр – сұлтан қаласының да көрікті жерлері аз емес, жыл сайын олардың қатары толықтырылып келеді. Тәуелсіз Қазақстанның сәулеттік символына айналған «Бәйтерек» монументі, «Хан-шатыр» сауда және ойын-сауық орталығы және «Думан» ойын-сауық кешені біздің отбасымыздың сүйікті демалу орындары.
Келешекте Қазақстанның Қостанай, Павлодар, қарт Каспийдің жағасында орналасқан Ақтау, Атырау, сонымен қатар шырайлы Шымкент қалаларын аралағым келеді.
Ал сен бұрын Қазақстанда болдың ба? Болмасаң, мен сені қонаққа шақырамын, жазғы демалыс уақытында келіп, қонақ болып кет. Әуелі елордамыз Астана қаласынан бастайық? Астанаға дейін жетсең, өзім ата – анаммен күтіп аламын. Сен пойызбен немесе ұшақпен келсең болады. Қалғанын уайымдама, біздің үйде жатып демаласың.
Хат жазып, хабарласып тұр.
Сәлеммен, досың Амира.
Аяғын үзеңгіге салып, арғымақты жалынан ұстап өмір жолындағы өз соқпағын таңдауға тәуекел еткен, айналайын талапкерлер, егер сендер журналистика әлемінің табалдырығынан аттап, есігінен енеміз десеңдер, бұл кәсіптің түбіне дейін терең бойлап, орта жолдан кері қайырылмайтындай арғы-бергісін таразыға тартқандай салмақпен ойлап барып шешім қабылдағандарың дұрыс.
Рас, алғашында журналистика адамды магнит тәрізді өзіне тартып алады. Газет-журналдарда жарық көрген мақала соңындағы аты-жөнің, радио эфиріндегі сөйлеген сөзің, яғни, әдеттен тыс ерекше естілген үнің, көгілдір экрандағы көрерменмен бетпе-бет келетін болмыс-бітімің – бәрі де талапкер үшін таңғажайып тартымды құбылыстар. Тіпті, арманыңа жол ашатын табыс кілті десе де болғандай. Бірақ, журналистика тек осынау жүрек тебірентер жағымды өмірлік құбылыстардан ғана тұрмайтынын, оның одан да өзге егжей–тегжейі мен қыр-сыры, күнгейі мен теріскейі, жотасы мен белесі, асуы мен асқары бар екенін ескерген абзал. Ал тек қана жігерлендіретін, қайратыңа қайрат қосып, қиялыңа қанат бітіретін кілең жағымды құбылыстар журналистиканың төл табиғатын, бар болмысын түгел қамти алмайды.
Себебі, журналистің бармайтын жері, баспайтын тауы, ашпайтын есігі, кірмейтін тесігі қалмайды. Журналист өмірдің ғажабын да, азабын да, қоғамның жақсылығын да, жамандығын да жазады. Қажет болса (егер кейіпкері түрмеде болса түрмеге, жындыханада болса жындыханаға, т.с.с) өртке де араласады, сотқа да кіріседі, ұрыс-шатаққа, қылмыстық оқиғаларға да, саяси шараларға да, өлім-жітімге де араласады (тіпті, өз шындығын қорғау үшін соттасуы да мүмкін, репортаж жүргізу үшін соғысқа баруы да ықтимал, керек болса өлімге де бас тігеді). Өйткені журналист бал арасына ұқсап, өзіне қажет ақпаратты жер-көкті кезіп, шартарапты шарлап, тірнектеп, теріп жүріп жинайды. Сол ізденістің барысында небір керемет ләззат алатын таңғажайып тамаша сәттерді, сонымен қатар, адам айтса сенгісіз сұмдық оқиғаларды, қилы-қилы күрделі процесстерді бастан кешіреді. Қызмет бабындағы кәсіби бәсеке – өз алдына бөлек дүние. Өздерің білесіңдер, басқа сала өкілдерін былай қойғанда экранда да эфирде де «жұлдыздардың» микрофонға жармасып, жүргізушілікке таласатыны – факт. Сонымен, БАҚ мінберіне барар жолдағы белестер жайлы кеңестер:
1. Тек қана шындықты айт; 2. Алған бетіңнен қайтпа, түбіне жетпей тынба, қысқасы – «қадалған жеріңен қан ал»; 3. Әдептілік әлемді бағындырады, әрдайым әдепті бол; 4. Батыл бол, қорықпа! (Аққа құдай жақ); 5. Мақтау естісең де, сынға ұшырасаң да кітапқа жүгін (ең сенімді дос сол); 6. Кез келген ақпаратты жария етпес бұрын тексеріп ал («Басқа бәле-тілден»); 7. «Ой қайталама, сөз қайталама» (Профессор Омашевтың теориясынан), т.с.с. толып жатқан толғамдар бар, қалғандарымен оқуға түскен соң дәріс кезінде танысасыңдар.
Сонымен, «Ата алмасам, маған-серт, атылмасаң саған-серт» деп аңшының мылтығымен серттескеніндей қазақ журналистика қарашаңырағының табалдырығынан аттамас бұрын бұл киелі кәсіпті басы бүтін таңдап, біржолата және түбегейлі шешім қабылдағаннан кейін есіктен ене бер. Ал «нар тәуекел» деп басынан сөз асырмаған бабалар жолын таңдап, босағадан аттаған екенсіңдер, демек, ұлттық журналистиканың қамын күйттейтін, шындық үшін шырқырайтын, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, ақпарат үшін ішкен асын жерге қоятын алған бетінен қайтпайтын, шындықтан басқаны айтпайтын радио мен телевизияның эфиріндегі қайтпас қарагер, басылымдар мен интернет сайттарындағы мәселені тарқатса түйінін шешіп айтатын, керек жерін дөп басып, кесіп айтатын көсем, шешен журналист болатындарыңа сене бер!