Қазақстанның көрікті жерлері
Менің кіндік қаным тамып, алғаш тәй-тәй басқан, алғаш «ана» деп күлім қаққан, киелі жерім, атамекенім бар, ол – тәуелсіз Қазақстан. Мен өз басым Қарағанды облысына қарасты Жаңаарқа ауданында тұрамын. Ұлан байтақ еліміздің ірі қалаларын аралау - менің арманым, себебі Қазақстанда көрікті жерлер жетерлік. Әзірге осы арманымды ата - анамның арқасында ақырындап жүзеге асырып келемін. Жазғы демалыста отбасымызбен демалуға бір қаланы таңдап, сонда жол жүреміз. Әзірше біз киелі Түркістан, жер жәннаты Жетісудың орталығы - Талдықорған, оңтүстік астанамыз Алматы және еліміздің бас қаласы Нұр - сұлтанға сапар шектік. Әр қаланың өзіндік қайталанбас ерекшеліктері бар. Мысалы, Түркістанда біз киелі жерлерді аралап, аптап ыстықта жер асты құдығының суын ішіп, бұрынғы заманның сәулет өнері туындыларына тамсандық. Ал Жетісу өңірінде таудан сырқырап аққан Қаратал өзенінің бойында серуендеп, таза ауада демалып, табиғаттың сұлулығына тәнті болдық. Оңтүстік астанамыз аталып кеткен Алматыда серуендеп қыдыру мен аты әлемге әйгілі Алматы апортын татып көрудің өзі арман ғой, Алматыны тіпті өлең - жырға қосқан ақын - жазушылар қаншама десеңші... Алматыда серуендейтін жерлер өте көп. Солардың ішінде біз Көктебеге көтеріліп, әсем Алматыны жоғарыдан алақанымыздағыдай көріп таң қалдық. Аты әлемге әйгілі Медеу мұз айдынында коньки тептік, Абай атындағы ұлттық опера және балет теартының кезекті қойылымын тамашалап, Ә.Қастеев атындағы сурет галереясына да барып үлгердік. Еліміздің жүрегі – Нұр – сұлтан қаласының да көрікті жерлері аз емес, жыл сайын олардың қатары толықтырылып келеді. Тәуелсіз Қазақстанның сәулеттік символына айналған «Бәйтерек» монументі, «Хан-шатыр» сауда және ойын-сауық орталығы және «Думан» ойын-сауық кешені біздің отбасымыздың сүйікті демалу орындары.
Келешекте Қазақстанның Қостанай, Павлодар, қарт Каспийдің жағасында орналасқан Ақтау, Атырау, сонымен қатар шырайлы Шымкент қалаларын аралағым келеді.
Егер мен хан болсам...
Егер мен хан болсам, қайтер едім? деген сұраққа жауап беру оңайға соқпас. Себебі хан болу үшін ең алдымен адамға үлкен жауапкершілік пен әділдік керек, өйткені ел билеу оңай шаруа емес. Сенім артқан халықтың үмітін ақтап, әділ ел билеуші болу өте қиын шаруа.
Мен өз басым хан болсам, алдымен қарапайым халықтың жағдайын жақсартуға бар күш - жігерімді жұмсар едім. Материалдық жағдайы қиын отбасыларын әбден оңалып кеткенше салықтан босатып, жұмысқа орналасу мәселелерін реттеуші едім.
Одан кейінгі ретте қарт кісілердің жағдайын ойластырып, әлеуметтік мәселелерді қолға алушы едім. Себебі "қарты бар ел - қазыналы ел" демекші осы үлкен кісілердің ақ батасын алып, пейіліне бөленудің өзі үлкен қуаныш.
Сонымен қатар қайырымдылқ жасау шараларын қолға алушы едім, себебі қайырымдылық жасау - кең пейілділік пен мейірімділік белгісі. "Кең болсаң, кем болмайсың" демекші, ол жақсылығың да саған міндетті түрде қайтып келеді. Әзірге осы.
Бірақ мен бір сәтте хан болып, ел билеу ісіне араласып кетпейтінім анық. Алдымен оқуымды жақсы оқып, қалаған мамандық иесі атанып, талмай білім алу керек. Себебі, білім - болашаққа жасаған үлкен инвестиция. Болашақта осы білімімнің арқасында үлкен жетістіктерге жетіп, ел басқару ісіне де біршама жақын болатыныма сенемін.