1. Бір басты,екі тілді бір мақұлық,
Жүреді айдалада ырғатылып,
Менсініп ешбір жанмен тілдеспейді,
Өзінің сөйлеспесе досты барып.
Жиһанда қанша ділмар болсаң-дағы
Тұрасың сөйлесе алмай болып ғарып,
Онымен тілдесе алсаң сөз шығарып,
Кісіге пайдасы көп, залалы жоқ,
Дос болсаң бар мұқтажың бітер анық. (Қалам)
2. Жаны жоқ болса да,
Ақылды адам ісін істейді. (Кітап)
3. Дәмі жоқ, түсі жоқ,
Көзге көрінбейді,
Бұл не? (Ауа)
4. Қабат-қабат қаптама.
Ақылың болса аттама. (Кітап)
5. Астында төсегі бар салған тағы,
Адамша сөз сөйлейді тілі жоқ, жағы,
Теңізден салған жолы сайрап жатыр,
Мүдірмей ойлап тапшы мұны-дағы. (Қалам)
6. Жаны жоқ, бірақ ізі бар,
Жетектеп өзің жүресің.
Сол ізді қайта зерттеп кеп,
Көп нәрсені білесің. (Қалам, жазу)
Жеті жұт. 1. Құрғақшылық. 2. Жұт (мал қырылу). 3. Өрт. 4. Оба (ауру). 5. Соғыс. 6. Топан су. 7. Зілзала (жер сілкіну).
Жеті жоқ. 1. Жерде өлшеу жоқ. 2. Аспанда тіреуіш жоқ. 3. Таста тамыр жоқ. 4. Тасбақада талақ жоқ. 5. Аллаһта бауыр жоқ. 6. Аққуда сүт жоқ. 7. Жылқыда өт жоқ.
Жеті қазына. Ол жөнінде пікір талас көп. Алайда қазақтар ертеде жеті қазынаға мыналарды жатқызған: 1. Ер жігіт. 2. Сұлу әйел. 3. Ілім-білім. 4. Жүйрік ат. 5. Құмай тазы. 6. Қыран бүркіт. 7. Берен мылтық.
Жеті жетім.
Тыңдамаған сөз жетім.
Киюсіз тозған бөз жетім.
Иесіз қалған жер жетім.
Басшысы жоқ ел жетім.
Аққу, қазсыз көл жетім.
Жерінен айырылған ер жетім.
Замандасы қалмаса –
Бәрінен де сол жетім.
Жеті ғашық. 1.Ләйлі – Мәжнүн, 2.Жүсіп – Зылиха, 3.Фархад – Шырын, 4.Тахир – Зухра, 5.Арзу – Қамбар, 6.Уәлик – Ғарра, 7.Уәки – Күлшаһ.