Төрт түлік малдың пайдасы туралы диалог құрастыру.
Немересі: Ата, маған тағы да сіздің көмегіңіз қажет болып тұр...
Атасы: Не болды, құлыным, айта ғой?
Немересі: Төрт түлік малдың пайдасы туралы хабарлама жазуым керек болып тұр.
Атасы: Ендеше жаза ғой. Халқымыз ежелден бері түйе, жылқы, қой және сиыр малдарын қастерлеп, төрт түлік деп атаған. Халық төрт түліктің әрқайсысының сақтаушы иесі бар деп ұғынып, оларды сәйкесінше Ойсылқара, Қамбар ата, Шопан ата, Зеңгі баба деп атаған.
Немересі: Ата, сонда төрт түліктің ішінде қайсысы ең пайдалы?
Атасы: Балам, қазақ халқы төрт түлік малдың бәрін де қастерлеген, дегенмен әрқайсысының өзіндік ерекше қасиеттері бар.
Мысалға, түйе малын байлық ретінде де, көлік ретінде, азық ретінде де аса қатты қастерлеген. “Нар жолында жүк қалмас” деген мәтел осының айғағы.
Түйенің түбіті мен шудасы қымбат саналады: түбіттен иіріп тоқыған киім ең жылы, ең төзімді болады; шудадан жіп, арқан еседі. Түйенің сүті де асыл. Одан ашытатын қышқылтым сусынды Батыс Қазақстанда «шұбат», Түркістан жағында «қымыран» деп атайды. Ғылымның дәлелдеуінше, шұбаттың дәрілік қасиеті қымыздан да артық саналады. Түйенің етінің дәмі де ерекше. Сонымен, түйе малының пайдасы осы.
Немересі: Мен сіз айтқан көп ақпаратты бұрын білмеппін. Ал жылқы малы несімен пайдалы?
Атасы: Көшпенді қазақ халқының төрт түлік малдың ішіндегі қастерлеп, пір тұтатыны жылқы. “Ат ердің қанаты”, “Мінсең - көлік, жесең - ет” деп жылқы малын аса жоғары бағалаған.
Немересі: Ал қой ше, ата, несімен пайдалы?
Атасы: Қой да көшпелі елдердің ерте заманнан малданған түлігінің бірі. Ол - әрі киім, әрі тамақ. Киім дегенде, оның жүнінен гөрі ертедегі көшпелі халыққа терісі қымбат болған. Өйткені қыс, күз айларында жылы киім керек. Оған илеген қой терісінен тігілген ішік, тон, тұлыптан жылы киім табылмайды. Ал жүнінен неше түрлі асыл жүн маталар тоқылады.Ол үшін биязы жүнді қойлар өсіріледі.Қазақ қойының жүні киіз басуға, кілем тоқуға, байпақ, пима дайындауға жұмсалады.Негізінен қойдың азықтық және киімдік пайдасы жылқы мен түйе түліктерінен артық.
Сиыр малының да пайдасы зор. Еті мен сүтінен бөлек, сиырдың мүйізінен тарақ та жасап, оны аса жоғары бағалаған.
Немересі: Ата, үлкен рахмет сізге! Енді біліп жүретін боламын, әрі сіздің арқаңызда "бес" алатын болдым!
Атасы: Оқасы жоқ, құлыным!
"Қатты тәртiп көрсе бала күнiнде,
Өнерiмен қуантады түбiнде.
Бала ненi бiлсе жастан, ұядан–
Өле-өлгенше соны таныр қиядан.
Өнер - бiлiм берем десең басынан,
Бер оқуға балаларды жасынан,
Ата - анадан өсiп ұрпақ тараған,
Жақсы-жаман болса, бала – соларда",1 деп, ХI ғасырда Жүсiп Баласағұн айтқандай, ата-аналар балаларының жеке ерекшелiктерiн жас күннен танып, соған қарай бағыт - бағдар, тәрбие берудiң маңызы ерекше. Ата-ана балаларына жақсы тәрбие беруде қоғам алдында жауапты. Сыйластық, түсiнiстiк, үлкен жауапкершiлiк сезiмдерi бар отбасы – бақытты отбасы. Бақытты отбасында ғана ата-ана және олардың балаларының өзара қатынасы мазмұнды, берiлген тәрбие сiңiмдi және негiздi.
Ата-ана бала тәрбиесiне ерекше мән беруi қажет. Ана– бала тәрбиесiндегi ерекше тұлға. Тәрбиенiң негiзi "ананың әлдиiнен" басталады емес пе?!
Абай қазақ әйелiнiң, ананың отбасындағы орнын ерекше жырлайды. Жалпы, " адам бойындағы барлық қасиеттер ананың ақ сүтiнен жаралған" деген ғұламалық ойды тарата келе, ол қасиеттердiң мiндеттi түрде тәрбиеленуi қажеттiгi туралы айтады. Абай жетiншi қара сөзiнде былай дейдi: "Жас бала анадан туғанда екi түрлi мiнезбен туады. Бiреуi iшсем, жесем, ұйықтасам деп туса, бiреуi–бiлсем екен демектiк. Не көрсе соған талпынып, жалтұр-жұлтыр еткен болса, соған қызығып, аузына салып, дәмiн татып, тамағына, бетiне басып қарап, сырнай, керней болса дауысына ұмтылып, онан ер жетiңкiрегенде ит үрсе, мал шуласа да, бiреу күлсе де, бiреу жыласа да тұра жүгiрiп, "ол немене", "ол неге үйтедi", " бұл неге бүйтедi" деп, көзi көрген, құлағы естiгеннiң бәрiн сұрап, тыныштық көрмейдi. Мұның бәрi өмiрге жаңа келген нәрестенiң жан құрамы, "бiлсем екен, көрсем екен, үйренсем екен" дегенi».
Қатыгез, зұлым адамдар да ақ сүт берген Ана алдында бас иген. Осы орайда Домалақ Ананың (Нұриланың) "Диһнат мама" атану тарихы да қызық. Бұлақ басында қара лашықта қалған қарапайым әйел тапқырлық танытып, қарақшылардың терiс қылығына тосқауыл қояды. Бұл эпизодтар бүгiнгi ұрпақты ұлы әжемiздiң адамгершiлiк өнегесiн қастерлеуге, тәлiм алып, оны көкiрегiне орнықтыруға үндейдi. 2 Әсiресе, Домалақ Ананың мейiрiмдiлiкке шақыруы Ана алдында бас игiзедi. Ұлы Жамбыл Домалақ ененiң қадiр-қасиетiн, әулиелiгiн терең түсiнiп, үлкен жүрекпен жырлайды. Өзi де ұлы анасына тағзым ете тiл қатады. Шерхан Мұртазаның сөзiмен айтқанда: «Ұлы анамыздың артында, батыстан шығысқа, шығыстан батысқа созылып жатқан қыруар ұрпақ бар. Олардың iшiнде ержүрек мықтысы да, осалы да жетiп жатыр".3
" ХҮIII ғасырдың аяғында дүниеге келген бала Пушкин де, ХIХ ғасырдың орта шенiнде қазақтың кең сахарасында дүниеге келген Абай да шешесi мен әжесi берген тәрбие уызын емiп өседi. Амал жоқ, 1630 жылдары жазылған словак педагогы Ян Амос Коменскийдiң " Аналар мектебi" еңбегi есiңе түседi де, ана құдыретiне амалсыз бас иесiң"4 деп толғанады " Ерте жастан тәрбиелеу тағылымдары» мақаласының авторы.
Ата-ана тәрбие беруде, ата-бабамыздың салт-санасы, әдет-ғұрпында жүргiзiлген үлгi-өнегесiнiң мәнi зор. Сөз қадiрiн бiлетiн заманда бiр ауыз сөздiң iшкi мағынасын жете түсiнiп, содан өзiне тәлiм алған бабаларымыздың қасиетiне не жетсiн. Сондай -ақ, атамыз Жүсiп Баласағұн өзiнiң "Құтты бiлiк" еңбегiнде:
Ақ сүтпен бiрге сiңген жақсылық
Айнымайды еш, алғанша ажал қапсырып.
Ет сүйекпен бiрге бiткен қылығың,
өзгермейдi салғанша ажал құрығын.
Мiне, Жүсiп Баласағұн атамыздың "Құтты бiлiк" еңбегiндегi ойлар ана сүтiмен дарыған қасиеттi дәстүрлер халықтың салт-санасынан берiк орын алатындығы айтылған.
Балаға, әсiресе, ана өте жақын келедi. Ал отбасы тәрбиесiнде әкенiң де, ананың да орны бөлек. Әке мен ана баланың алғашқы ұстазы. Әсiресе, әкенiң рөлi ер баланы тәрбиелеуде басым. Әке ұлына өзiнiң бар өнерiн, естiп-бiлген бiлiмiн түгел үйретуге тырысады. Ал ұл бала өз тарапынан ағаға, әкеге елiктеп, одан үйренген. "Ата көрген оқ жонар" деген осыдан шыққан.