Наурыз - барша мұсылман әлемі тойлайтын ұлы мереке, Ұлыстың ұлы күні. Бұл күні күн мен түн теңеліп, Самаркандтың көк тасы жібиді. Осы күннен бастап күн жылына бастайды және күн ұзарып, түн болса, керісінше қысқара бастайды.
Ертеректе бұл мерекені бүкіл ауыл болып дайындалып, үлкен той қылып тойлайтын. Қазірдің өзінде Наурыз мейрамының орны ерекше. Бұл күні қаланың бас көшелеріне қазақ халқының дәстүрлі киіз үйлері тігіледі. Ұлттық тағам ет асылып, бауырсақ пен шелпек пісіріледі. Бірақ бұл күні ең басты тағам Наурыз көже болып саналады. Ол - жеті түрлі тағамнан дайындалатын көже. Киіз үйге келуші әрбір қонақ әдетте Наурыз көжеден ауыз тиеді.
Алаңға алтыбақан қойылып, жас жеткіншектер алтыбақанға мінеді. Ауылдық жерлерде ат жарыстары да ұйымдыстырылады.
Бұл күні адамдар бір - біріне деген реніштерін ұмытып, кешірімді болады.
Домбыра — қазақ халқының ең кең тараған екі ішекті, көп пернелі музыкалық аспабы. Ол – қазақтар өмірінде маңызды орын алатын, өзіндік музыкалық сипаты бар аспап. Алғаш эпикалық дәстүр шеңберінде жыр, толғау, термелерді сүйемелдеуге қолданылған домбыра кейін аспаптық шығарма – күй жанрының қалыптасуына ықпал еткен.
Домбыра дыбыс өткізгіштігі жоғары қарағай, дыбыс жаңғырту қасиеті бар тұт, қатты жынысты үйеңкі, емен секілді киелі ағаштардан, негізінен, екі түрлі әдіспен – құралып немесе ойылып (шауып) жасалады. Құрама домбыралардың шанағы жұқа тілшелерден құралып жасалса, бітеу домбыра тұтас ағаштан ойылады.
Домбыра құрылысы бірнеше бөліктен тұрады: басы, құлақтары, пернелер, мойын, шанақ, бетқақпақ, ілгек және ішектер. Сондай-ақ, оның көптеген қосымша бөлшектері бар (тиек, кемер ағаш, тұжым ағаш, бастырма, ойық, қалқа, түйме, өрнек, желкелік). Домбыра тиегі үш түрлі болады (шайтан тиек, негізгі тиек, табалдырық тиек).
Домбыраға қосалқы ішек тағылуы және ішекті қос-қостан тағу ол кездегі музыкант орындаушылардың аспаптың үнін жетілдіруді мақсат етіп, үнемі ізденіс үстінде болғанын көрсетеді. Ішкі ішектер сыртқылармен унисон түрінде күйге келтіріледі де, аспаптың даусын күшейте түседі.