Көш жолдары – қыстаудан жазғы жайылымға немесе жаз жайлаудан қыстауға көшетін дәстүрлі көш бағыттары. Қазақстанның табиғи-климаттық жағдайына байланысты қалыптасып, халықтың үш мың жыл бойғы табиғатты пайдалануы мен тыныс-тіршіліктерін қамтамасыз етуінің негізгі формасы – көшпелі мал ш. болды.
Қысқы жайылымдар үшін көл жағалаулары, өзен аңғарлары, тау шатқалдары, тоғай шеті, мал табындарын қарлы борандардан және үскірік желден қалқалайтын табиғи ықтасындары бар жерлер пайдаланылды. Күзгі, көктемгі жайылымдар қыстауларға жақын, қар кеш түсіп, ерте кететін жерлерге орналасты. Жазғы жайылымдар міндетті түрде жауын-шашын сулары көп жиналатын, шөбі қалың өсетін және табиғи су қорлары бар өңірлерден таңдалған.
Қазақ әліпбиі — қазақ тілінің әріптерінің жүйелі тізбегі, қазақ халқының мәдени өмірінде басқа да түркі халықтарымен бірге пайдаланып келген әр түрлі әріп таңбаларынан тұратын дыбыстық жазу жүйесі.
Қазақ әліпбиінің жүйелері
Қазақ тілі үшін әр кезеңдерде және әр аймақтарда келесі жүйелер пайдаланылған:
Қазақстан Республикасында — кирил жазуы негізінде, ресми түрде Қазақстан бүкіл жерінде және Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында. Тағы да көршілес Қырғызстан, Ресей, Түрікменстан және Өзбекстан елдерін бірыңғай мекендеген қазақ жұрты пайдаланады, сонымен бірге басқа ыдыраған КСРО республикаларында да пайдаланылады.
Қытайда — араб жазуы негізінде, ресми түрде Шыңжаң Ұйғыр аутономиялық ауданындағы Іле Қазақ аутономиялық облысында. Тағы да Ауғанстан, Иран және Пәкістан елдеріндегі қазақ диаспорасы да пайдаланады.
Түрік Республикасында — қазақ диаспорасы ресми емес түрде латын жазуы негізіндегі түрік әліпбиін пайдаланады. Сонымен бірге Түркия, Германия, АҚШ т.б. батыс елдерінде қазақ диаспорасы әртүрлі қалыпты емес латын жазуын пайдаланады.