Құстар — біздің досымыз Құстарға қызығып қарамау мүмкін емес. Өйткені құстар әуезді сайрағыштығымен, сымбатты да сұлу, алуан түрлі сыртқы бейнесімен орманның, саябақтардың, шалғындардың сәнін келтіреді, Құс атаулының бәрі пайдалы. Құстардың қайсысын болса да қорғау керек. Құстардың саябаққа, бау-бақшаға, егістіктер мен бақтарға үйірілуіне мүмкіндік жасап, ұсақ құстарға жем шашу, жазда ұялайтын үйшіктер дайындау арқылы қамқорлық жасау — табиғатты көркейтіп, құстарды аялай білудің негізгі шарты. Құстардың ұясын бұзып, жұмыртқасын жарудан аулақ болуымыз керек. Міне, қыс айы келді. Бұл кезде жылы жаққа ұшып кетпей, қар жауып, аяз түссе де туған жерінде қалған қанаттыларға ерекше мейіріммен қарағанымыз дұрыс болар еді. Құстарды қорғайық! Құстар — біздің досымыз.
Құстар өзгеше болып жаратылған құбылыс иесі. Бейне біздің аспан Әлеміндегі қорғаушымыз сияқты. Сияқты емес солай да. Себебі көк аспан олардың туған мекені. Көкті құссыз, құсты көксіз елестету қиын. Біздің көгімізде құстар сайрап жүрсе, жердегі адамдар да тыныш, бейбіт өмір сүре алады. Біз көкке қарағанда көзіміз ең әуелі ұшқан құсқа түседі. Көп жағдайда күйкі тірлікпен олардың тыныс - тіршілігіне мән беріп, тіпті көкке көз тастап, бір де қарамаймыз. Ал, олардың көкте ұшқанын, жерге қонғанын зер салып, бақылап қарайтын болсаң, олар бейне бір жұмбақ құбылыс сияқты. Ешнәрсені ашып айта алмайды. Қуанышы да, реніші де ішінде сияқты. Бір құдіретті күшің болып, құстардың тілін меңгеріп алсаң, яғни құстардың тілін түсінер болсаң, тіпті басқаша әлемде өмір сүрген болар ма едік. Өзім солай ойлаймын, себебі, құс киелі жануар.