Шығарма
Отан... Атамекен... Атажұрт... Тарих... Бұл қай құлаққа да асқақ естілер асыл ұғымдар. Адам өмірге келіп, ес жиып, етек жия бастаған сәттен өз Отанының тарихына ден қоя бастайды...
Адам адам болып жаралғаннан бері ұлан-асыр даму көшінің өн бойында жер үшін, ел үшін сан қилы дүрбелеңдер көп болған. Әдетте, осындай дүрбелеңдерден, яғни үлкен аумақтарды қамтыған қанқұйлы соғыстардан соң ғана, әлем картасы аталатын ала қағаз бетіне түзетулер түсетін. Ал жиырмасыншы ғасырдың соңында әлем келбеті ешқандай дүрбелеңдерсіз-ақ өзгеріп шыға келді. Оған жер жаһанның алтыдан бір бөлігіне иелік етіп, қаһарымен алыс-жақын жұрттардың бәрін ықтырып келген алып империяның ың-шыңсыз ыдырай бастауы себеп болды. Ыдыраған империяның орнына он бес тәуелсіз мемлекет өсіп шықты. Солардың бірі Орталық Еуразия алабындағы ғажайып әрі қайталанбас тарихы бар – Қазақстан Республикасы еді.
Қазақстан - қазақ халқының ата-баба мекені, ежелгі қонысы. Бұл жерде ата-бабамыз туды, тұрды, өмір сүрді, оның топырағында ата-бабамыздың кіндігі кесілген кең жазира жері. Бұл жерді мекен еткен көшпелілер мен отырықшылардың бір-бірімен шендескен әлемі ғасырлар қойнауында талай-талай ұлыстар мен ұлағаттарды дүниеге әкеліп, мәдениеті мен діні жаңғыра түлеп, әйгілі күре жолдардың үстінде саудасы қызып, Шығыс пен Батыс арасы тұтастанып жататын болған. Біздің еліміздің жерінен Жерорта теңізінен Қытайға дейін Еуразияны көктей өтіп жатқан «Ұлы Жібек жолының» керуендері тоғысқан кіндік Азияны басып өтетін Қазақстандық телімі болған.
Қазақстанның табиғаты таңғажайып: мұнда аспанмен тілдескен мұзарт шыңдарды, тұңғиығы тұнжыраған жұмбақ көлдерді, ақ жал толқындары асау арғымақтардай көкке шапшыған шалқар теңізді, күні от шашқан шөлейтті, арналы өзен, ну орманды көруге болады. Қазақстан картасы – қазына картасы қазір. Даласы дархан, топырағы қасиетті, қойнауы қазыналы. Қазынаның барлығы да қазақ жерінің топырағында тұнып жатқанын екінің бірі айтпай- ақ біледі.
Табиғат - тіршілік көзі. Табиғатты қорғау біздің парызымыз, оның әрбір әсері үлкен роль атқарады. Аяулы табиғатсыз осы ғаламда өмір сүру, тіршілік ету мүмкін емес. Жыл мезгілдерінің өзгеруі де табиғатты одан әрі әсерлендіреді. Әр жыл мезгілдері әр қилы. Төрт жыл мезгілі - төрт түрлі ғажайып күй сыйлайды. Табиғат бізге көп әсемдігін, таза суын, көк аспанын будақ бұлттарымен мөлдір суын береді. Таудан аққан өзен дауысы, жасыл шөптің сылдыры және әр нәрсеге, бізге әсемдік береді. Табиғаттың ғажайып әсемдігін көз алдыңа елестете отырып, өзің бір керемет сезімге бөленесің. Табиғаттың бар әсемдігін, бар кереметін, оның әрбір әсерін сөзбен де, жазумен де жеткізу оңай емес. Оның керемет көрінісі жаныңды тебірентеді. Бұлттары мақтадай, шөптері кілемдей төселген. Табиғатты аялау әр адам үшін маңызды, себебі адамда табиғаттың бір бөлшегі. Таразы басында екі қымбат нәрсе бірі табиғат, бірі адам. Бірі жеңіл тартса таразы аударылады, демек адам мен табиғат егіз ұғым. Бір - бірінсіз өмір сүре алмайды. Сондықтан табиғатты аялап, қорғауымыз керек