іне, Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына да 60 жыл өтті. Бұл сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгілік қалатын күн. Бұл күнді соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің тылдағы қажырлы еңбегімен жеңісті шыңдаған, станоктың қасынан, егін даласында, күні-түні мал бағып, тынымсыз жұмыс істеген жұмысшылар, ауыл адамдары тойлайды. Бұл мейрамды біздің аяулы да даңқты әйелдеріміз - өздерінің әкелерін, ерлерін, ұлдарын және сүйіктілерін көзінен жасы сорғалай жүріп төзімділікпен күткен, олардың орнын жоқтатпаған аналар мен жұбайлар, қалыңдықтар мен қыздар тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің әкелері мен ағалары қанын төгіп, жанын қиып бақытты өмірін қамтамасыз еткен Ұлы жеңістің құрдастары тойлайды. Ұлы Жеңіс күні елі мен жері үшін жанын пида еткен, туған-туысқандарына, жақын-жарандарына, туған жеріне, ауылына оралмай қалған қаһарман ерлерді бүкіл елі болып еске түсіреді.
Бұл мейрамды бұрынғы кеңес одағына кірген 15 одақтас республика халқымен бірге, кеңес халқы неміс басқыншыларынан азат еткен Еуропа елдерінің Варшава мен Прага, Будапешт пен Бухарестің, София мен Белградтың, Париж бен Венаның, жер шарының басқа да көптеген қалаларының тұрғындары тойлайды.
Ұлы Отан соғысы халқымызға төнген ең ауыр күндер болды. Төрт жыл, 1418 күн мен түн бойы өз жері мен отаны үшін, келешек ұрпақ үшін жан қилы соғыс жүріп жатты.
Бір күшке жиналған орыс пен тәжік, грузин мен белорус, қазақ пен украин қарсы алдындағы жауға алмас қамал болып жұмылды...
Жаңа білім ордасындағы алғашқы күн.
Арман дәліз бойымен асығып келе жатыр. Бүгін оның университеттегі алғашқы күні. Кенет ол бір қарияны түйіп кетті. "Кешірім өтінемін!" деп қайтадан жүгіре бастады. Сабақтың басталуына санаулы минуттар қалды. Ал ол болса әлі лекция өтетін аудиторияны таба алмай әлек. Терезе алдында тұрған бір студенттен:
– Ғафу өтінемін, 235-аудитория қай жерде? Білмейсіз бе?-деп ентіге сұрады. Сөйтсе ол аудитория басқа ғимаратта екен. Қуанышқа орай ол ғимарат бас ғимараттың дәл жанында екен. Арман жүруін одан әрі тездетті. Ғимаратқа кіріп, күзетшіден де:
– Кешіріңіз! 235-аудитория қай жерде?-деп сұрады. Сөйтсе 2-қабаттың сол жақ бұрышында екен. Арман 2-қабатқа көтеріліп келе жатырып тағы бір қолы кітапқа толы студентті қағып кетті де "ғафу етіңіз!" деп екі беті қызарып аудиторияға жетті. Сабақ басталып кеткеніне 2 минут болған. Есікті қағып:
– Кеше көріңіз! Аудиторияны таба алмай жүріп қалдым. Бұл қазақ филологиясы ма?- деп лекторға қарады. Лектор:
– Иә. Алғашқы күн болған соң кешірімді. Бұдан бұлай қайталанбасын!-деп сабағын жалғастыра бастады. Алдағы парталардың біріне, бір қыздың қасына Арман отыра қойды.
– Мынау кітап па?-деді қыз алдында тұрған кітапқа көзі түсіп. Қыз жалт қарап:
– Жоқ, дәптер. Кітаптың қандай екенін білмеймісің?-деді.
– А, жоқ... Ренжіткен болсам әрі әбес қылығым үшін кеше көр. Жай мұқабасы қатты тозып кетіпті. Менде дәл осы кітаптың жаңасы бар. Қаласың берейін,- деді жымиып.
– Жарайды. Енді сөйлей бермей, лекторды тыңдайық!-деп тақырыпты жаза бастады. Арман да сабаққа кірісті.