Жаратқан елімізге бейбітшілік, әрбір шаңыраққа, әрбір азаматына аман-саулық бұйырта көрсінші деп тілеймін!
Иә, Құдайым оңдасын,
Оң жолына бастасын.
Бір жарылқап тастасын.
Жамандыққа жазбасын,
Жақсылыққа бастасын!
Құдай құлымын дегейсің,
Мұхамед үмметімін дегейсің.
Шадияр досым дегейсің,
Шайтанның сәрінен сақта,
Патшаның кәрінен сақта.
Намаздың қазасынан сақта,
Пайғамбардың туында қыл,
Ауызды кәусәр суында қыл.
Иман байлығын бер,
Деннің саулығын бер.
Бір Аллаһ Жаратушы жарылқасын.
Ықыласты батамды қабыл алсын!
А, Құдайым оңдасын,
Оңдағанның белгісі,
Қайырлы етіп басыңа.
Бақ-береке орнасын.
Дұшпаның үстем болмасын,
Маңың үбірлі-шүбірлі болсын.
Келген ырыс кетпесін,
Жамандық келіп жетпесін.
Сапар жүрсең, жолың болсын,
Қалтаң толған пұлың болсын.
Жарылқасын Қорғаушың,
Бейбіт халқымызға заман болсын,
Табиғат таусылмайтын ризық беріп,
Тартылған дастарханға тағам болсын.
Қауіптен ел-жұртымыз аман болып,
Көп қылып үйіңізге бала берсін,
Оларға таудай талап, сана берсін,
Ер жетіп, балаларың батыр болып,
Өмірлері қызықты бола берсін.
Үйіңе жақсы адамдар келе берсін,
Тауфиқты, инабатты келін берсін,
Ақ көңіл, ата-анаға жақын болып,
Қызығын елі-жұрты көре берсін.
«Әумин» - деп үй иесі қол жайғанда,
Жақсылап қариялар бата берсін.
Әуелі Құдай жарылқасын,
Пайғамбардың берекетін берсін,
Ұлықманның жасын берсін.
Сүлейменнің тағын берсін.
Ескендір Зұлқайнардың бақытын берсін.
Атымтай Жомарттың даңқын берсін,
Дәуіт пайғамбардың даңқын берсін,
Ұл берсе, оразды берсін,
Қыз берсе, қылықты берсін.
Шашы ұзын болсын,
Жүзі қызыл болсын.
Сыр өңірі – белгілі бір дәстүрдің ғана жеке дамыған жері емес, тоғыз жолдың торабы, сан түрлі тарихи оқиғалар мен көзқарастар бір мүддеге тоғысқан өлке. Сол себепті өңірде өмір сүрген жырау, жыршы, ақын, күйші, әнші, сал – серілер шығармашылығы әлем әдебиетінде сирек кездесетін құбылыс ретінде өзіндік сипаты басым өнер түрі есебінде айрықша назар аударады. Сыр елінде өмір сүріп, аты үш жүзге мәлім болған ақын – жырауларымыз ұрпақ тәрбиесіне, инабаттылық пен ой – өрісінің дамуына, эстетикалық талғам биігінен көрінуін басты назарда ұстаған.Мысалыға, атақты Ешнияз сал, Жиенбай Дүзбенбетов, Сәрсенбай Бөртебаев, Тұрымбет Салқынбаев, Тасберген Құлманов, Шегебай Бектасұлы, Рүстембек Жиенбаев, Дайырдың Оңғары, Молдахмет Дабылов, Жүсіп, Ібаш, Дүйсен, Мұзарап, Үбісұлтан, Әкімгерей, Көшеней тағы басқа да есімі елге кеңінен танылған жыршы-жыраулардың туған, өмір сүрген жері Сыр бойы, Қасиетті Қармақшы жері.