Байтұрсынұлы Алаш партиясы бағдарламасын даярлаған шағын топтың құрамында болды. Байтұрсынұлы пен Дулатұлы қазақ арасында бұрыннан келе жатқан ру – жүзаралық алауыздыққа байланысты Алаш Орда үкіметінің құрамына саналы түрде енбей қалды, бірақ олардың қазақ ұлттық мемлекеттік идеясын жасаушы топтың ішінде болғандығын замандастары жақсы біліп, мойындады.
Алаш Орда құрамын бекіткен 2-жалпықазақ съезі Оқу-ағарту комиссиясын құрып, оның төрағасы етіп Байтұрсынұлын бекітті. 1919 жылы наурызға дейін Алашорда үкіметінің Торғай облысы бөлімінің мүшесі болды.