Қаңтардың соңғы жексенбісі - «Халықаралық интернетсіз күн» болып жарияланған. Оның мақсаты - бір күн болса да компьютерден адамдардың көңілін бөлу. Соңғы жылдары Интернет өмірімізге мықтап енгені сонша, қазір онсыз өмірімізді елестету мүмкін емес. Коммуналдық қызметтердің ақысын төлеу, балабақша ақысын төлеу, білім беру қызметтері, пойыз/ұшақ/автобус билеттерін сатып алу, концерт, көрме, бізден мыңдаған шақырым жерде орналасқан көрікті жерлерге виртуалды экскурсиялар … Бұл тізімді ұзақ жалғастыра беруге болады. Ғаламтор өміріміздің барлық саласына еніп, бізді өзіне тәуелді етті десек те болады. Интернет арқылы кәсіпорындар тауарларын жарнамалайды, дәрігерлер әріптестерімен, оқытушылар мұғалімдермен онлайн-консультациялар ұйымдастырып, вебинарлар өткізеді. Тіпті БАҚ өз сайттарын құрып, сол жерде жаңалықтар жариялайды. Әрине, ғаламтордың арқасында сіз тек қоңырау шалып қана қоймай, сонымен бірге ғаламшардың басқа жағындағы туыстарыңыз бен достарыңызды көре аласыз, оларға жеделхат немесе бейне құттықтаулар жібере аласыз, қашықтан оқып, білім аласыз Дегенмен, әр нәрсенің шегі болу керек. Бұл сөздер ғаламторға да қатысты. Себебі бір нәрсе іздеп отырып, басқасын көзін шалып қалып, қызықтың жетегіне еріп, уақыттың қалай өтіп кеткенін байқамай да қаласың. Ал сол уақытты отбасыңмен немесе достарыңмен өткізіп, пайдалы іспен айналысуға болады. Қазір байқасаңыз жиын - тойларда, достардың кездесуынде жастар бір - бірімен сөйлесіп, әңгімелесудің орнына телефондарына үңіліп отырады. Бұл да ғаламтордың кері әсері деп білемін. Сондықтан ғаламторды тек қажетті уақытында пайдаланып, бос уақытты өзіңізге, отбасыңызға арнаған дұрыс деп есептеймін. Себебі айналаға қарасаңыз қызықты істер жетерлік: отбасылық кештер, таза ауада серуендеу, достармен кездесу, су, түрлі ойындар, жиындар, концерттер… Бір күнді ғаламторды өткізіп байқап көріңізші.
Бұрынғы өткен заманда апайтөс Арқаның бел ортасында бір қауымдық жұрт өмір сүріпті. Жағалары жайлауда, жандары рахатта тамаша ғұмыр кешкен. Шұрайлы жерден қоныс алған малға да, жанға да бай өлкенің тұрғындарында: «Бізде барлығы да бар. Бірақ сол мал-жанды қорғайтын батырымыз болса екен», - деген бір ғана армандары болыпты. Күндердің күнінде бір отбасында алтын айдарлы алып бала дүниеге келіп, ел-жұрты болып үлкен той жасайды. Сол нәресте жыл санап емес, күн санап ержете бастайды. Туған-туысқандары да көркейіп келе жатқан баланы өз атымен атамай көз тимесін деп, Толағай дейтін болыпты. Сөйтіп баланың аты Толағай атанып кетеді. Күндердің бір күнінде жер қуаңшылық тартып, жаңбыр болмай, ел күйзеліске ұшырайды. Халықтың басына түскен ауыртпалық Толағайды да қатты мазалапты. Сонан бері Толағай Дана деген қарт ақсақалға барып, ақыл сұрапты. Сонда қарт айтқан екен: - Қарағым Толағай, біздің жеріміз жазық, бұлт үйіріліп тоқтайтын тауы жоқ. Жаңбырдың болмауы сол себептен,- дейді. Толағай айтқан екен: - Ата, сіз рұқсат етсеңіз, мен барып бір жерден тауды арқалап алып келсем болмай ма? - дейді. Сонда қарт айтқан екен: - Шырағым Толағай, елді ойлап егіліп тұрсың-ау! Тау арқалап әкелу оңай болмас, дегенмен ондай талабың болса, оңтүстік өлкеде Алатау деп аталатын алып таулардың ақсақалы бар, рұқсатты сонан сұрарсың, - деп батасын береді. Сөйтіп, тауды арқалап әкелуге сайланған Толағай сапарға шығыпты. Арада ай өтеді, жыл өтеді. Бір күндері Ақ басты Алатауға жетіп, «Ассалаумағалейкум» деп сәлем беріпті, өзінің талап-тілегін айтыпты. Маңғаз Алатау талапты ерге зор қошемет көрсетіп, етегінде орналасқан бала тауды Толағайға арқалатып қоя береді. Алғашқыда аяғын ширақ басқанымен иығына түскен салмақ еңсесін езіп, бірте-бірте әлсірете бастайды. Арада көп уақыттар өтеді. Арқасында тау, әлсіреген, қансыраған Толағай елінің шетіне іліге бере тізесі бүгіліп, құлап түседі де ұйқыға кетеді. Арқасындағы тау болса батыр жігітінің үстінен басып қалыпты. Сонан сол Толағай күні бүгінге дейін тау астында ұйықтап жатыр дейді. Ал жаңағы Бала тауды ел «Толағай» деп атап кетіпті.
Айтыс 1895 ж. қазіргі Алматы облысыныңҚапал-Ақсу өңірінде Ешкіөлмес тауының баурайында Тоғызқұмалақ мекенінде Біржан Қожағұлұлы мен Сара Тастанбекқызы арасында өтеді. Бұл айтысты ең алғаш 1898 ж. Қазанда “Қисса Біржан сал менен Сара қыздың айтысқаны” деген атпен Жүсіпбек қожа Шайхисламұлы жариялады. Кейін Зайсаннан 2-нұсқасы табылып, “Біржан сал мен ақын Сараның айтысқаны” деген атпен Қазанда жеке кітап болып басылды. Айтыстың алғашқы нұсқасы — 969 жол, 2-нұсқасы — 1080 жол. Әріп Тәңірбергенов жазған тағы бір нұсқасы 1907 ж. жарық көрді. 1918 жылға дейін бұл үлгілер сегіз рет, Кеңес өкіметі тұсында он бір рет жарияланды. Сөйтіп, ел ішіне жазбаша да, ауызекі де таралып келді. Айтыстың жарық көруіне, таралуына, өңделіп сарапталуына Сара,Жүсіпбек қожа, Әріп ақын елеулі үлес қосқан.
Біржан мен Сара айтысы сол тұстағы қазақ әйелдерінің бас бостандығы мәселесін, адамгершілік пен әділдікті, шындықты өзекті де әлеум. тақырып етіп көтереді. Екі ақын өздері тұрған екі өңірдің жақсы-жайсаңдарын кезекпе-кезек сараптай отырып, олардың сан алуан адамгершілік қасиеттері мен келеңсіз іс-әрекеттерін жайып салып, оларға халық талабына сай келетіндей баға беріп отырады.