Әнші құм
Қазақстанның кең байтақ дархан даласы әлі күнге дейін толық зерттелмеген, сыры ашылмаған құпияларға толы. Кең байтақ жеріміздің аумағында табиғаттың көз тартар небір құбылыстары мен қайталанбас өзіне тән ерекшеліктері бар. Солардың бірі «әнші құм» (кейбір деректерде Айғай құм) – Алматы облысы Кербұлақ ауданы жеріндегі Іле өзенінің аңғарын бойлай орналасқан Үлкен Қалқан тауы және Кіші Қалқан тауы етегіндегі құмды төбе, Алматы қаласынан 250 шақырым қашықтықта орналасқан. Биіктігі 150 м-дей, ұзындығы 8 км, ені 3 км-ге дейін жетеді. Қалқан тауларынан соғатын желдің бағыты үнемі өзгеріп отыруы нәтижесінде құм түйіршіктері електеніп, бірегей құм қо тұратын төбеге айналған.
«Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі «Айғай құм немесе Әнші құм» атты құмды төбені өз қамқорлығына алған. Кейбір деректерге сүйенсек, «Алтынемел» ұлттық қорығы кезінде Шоқан Уәлихановтың Қашқарияға сапарында пана болған деседі.
Ал енді бұл өңір неліктен «әнші құм» атанып кетті екен? Осыған тоқталып көрейік. Бұл құмның бір ерекшелігі – құрғақ күндері әуенді дыбыстар шығарады. Оның әуені бірнеше шақырымдарға жайылып, алыстан да естіліп тұрады.
Кейбір пікірлерге сүйенсек, құмның ұсақ бөлшектері бір-біріне үйкелген кезде осындай әуенді дыбыстар шығады екен: жеңіл самал жел шиқылдаған дыбыстар шығарса, қатты жел орган дыбысына ұқсас әуен шығарады. Алайда, желсіз күнде де құмның әуенін тыңдауға болады. Осы сиқырына байланысты, құм жайында көптеген аңыздар пайда болған. Құмның тағы бір ерекшелігі – ол басқа құмдар сияқты орнын ауыстырып, көшіп жүрмейді, керісінше, мыңдаған жылдар бойы Алтынемел аумағында, бір орында тұр.
Осындай табиғи ерекшелік әлемнің басқа жерінде жоқ деп айтсақ та болатын шығар. Тіпті кезінде Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан бұл табиғат ескерткішіне жолаушылар әдейілеп ат басын бұрған деседі.
Бұрынғы өткен заманда бір жесір кемпір болыпты. Бұл кемпірдің перзент дегенде жалғыз баласы болыпты, мал дегенде он шақты ешкісі болыпты. Бала ешкілерін бағып жүреді. Бір күндерде ешкілерін далада жайып жүріп, бір топ киікті көреді, оның ішінде бір алтын мүйізді киік жүреді. Бала бұл киіктерді күнде көріп жүріп, бір күндері шешесіне келіп:
– Далада бір топ киік көрдім, ішінде алтын мүйізді бір шұбар киік бар. Осы шұбар киікті ұстап алып, ханға тарту қылсам, хан маған сыйлық берер ме еді? — дейді. Шешесі:
– Ұстай алсаң, алып бар, хан сыйлық берер, — дейді.
Бір күндері бала далада ешкілерін жайып жүріп, алтын мүйізді шұбар киікті тағы да көреді. Сол арада бала әлгі шұбар киікті ұстап алады. Ханға алып жүреді. Ханға апара жатқанда, ханның үйінің жанында уәзір көреді де:
– Мұныңды ханға апармай-ақ қой, маған сыйлап кет, — дейді. Бала:
– Жоқ, саған әкеле жатқаным жоқ, ханның өзіне апарам, — деп уәзірге бермейді.
Бала алтын мүйізді шұбар киікті ханға тарту қылады. Хан уәзірін шақырып алып:
– Бұл баланың тартуына сыйлық беруге бола ма? – дейді. Сонда уәзір:
– Жоқ, бұған сыйлық беруге болмайды. Бұл киіктің астына қоятын бір тақ болады, оның екі қанаты болады: бірі алтын, бірі күміс. Бірі алтын суына малынған, бірі күміс суына малынған. Киік сол алтын тақтың үстінде тұрып ойнағанда, дүниенің қызығын көргендей боласыз. Сіздің салтанатыңыз сонда келіседі. Бала соны тауып әкелсін, сонда сыйлық беруге болады, — дейді.
Сонда хан балаға:
– Бұл киіктің астына қоятын тағы болады, оның екі жағында екі қанаты болады. Екі қанатының бірі алтын, екіншісі күміс суына малынған. Соны тауып кел. Сонда сыйлық беремін, ал таба алмасаң, басыңды аламын, – дейді.
Бала мұны естіп, жылап шешесіне келеді. Шешесі:
– Ойбай, балам! Бұған бола жыламай-ақ қой, өзім іздеп тауып әкелейін, — деп жолға шығады.
Бір жерлерге келсе, бір топ киік далада жайылып жүреді. Топ киіктің ар жағында жердің жарығын жамап бір кемпір отыр екен, бұған келіп, жұмысының мәнін айтады.
Сонда жер жамап отырған кемпір:
– Мысыр шаһарының бер жағында бір шаһар бар. Киіктің тағын істесе, сонда істейді, баланың қолына мың діллә беріп, соған жібер, — дейді.
Сонан баланың шешесі үйіне қайтып келіп, барлық дүние-мүлкін беріп, ешкілерінің барлығын да беріп, оның үстіне өзі неше жыл мал бағуға бір байға жалданыпты. Сөйтіп, баласына мың діллә құрастырып береді. Бала мың ділләні алып, киік астына қоятын тақты жасайтын Мысыр шаһарының жанындағы шеберге жүреді. Бірнеше күн жүріп, шеберге келеді. Бала шеберге келіп, осындай киік астына төсейтін тақты істетуге келгенін айтады.