Ата-ана – отбасының негізгі діңгегі, бастапқы дәнекері. Дәстүрлі қазақ отбасында ата-ананың қадірі ерекше әспеттелген.
Әсіресе, тіршіліктің қайнар көзі, махаббаттың шуақ күні, мейірімнің кәусәр бұлағы – Ана есіміне қатыссыз дүниеде қасиетті ештеңе жоқ. Сондықтан ананы ардақтамайтын халық та жоқ.
Ана баланы тоғыз ай көтеріп, толғатып, дүниеге келтіріп қана қоймайды.
Бала, бала, бала деп,
Түнде шошып оянған.
Түн ұйқысын төрт бөліп,
Мұзды бесік таянған, -
да ана, көзінің қарашығындай қорғап, аялап өсіріп, аяғынан тік тұрғызатын да ана. Халықтың халықтығының басты нышаны – туған елінің тілін үйретіп, сазына қандыратын да ана. Сондықтан әрбір ұлттың рухани өзегі, қан тамыры болып табылатын тілі – Ана тілі деп аталады.
«Баланы – жастан» дегенге мен де толық қосыламын. Бірде Бернард Шоудан: «Маған ақылыңызды айтыңызшы, баланы қай жастан тәрбиелеген қолайлы?» деп сұрамай ма, сонда атақты драматург қарсы сауал қойыпты: «Балаңыз қанша жаста?». «Өмірге келгеніне екі апта болды», депті оған сауал қоюшы. Сонда Б.Шоу: «Сіз дәл екі аптаға кешіктіңіз» деген екен. Мұның өзі достық нақышта айтылғанмен, астарында шындық жатыр.
Өмір есігін жаңа ашқан нәрестенің бойына туған елінің рухын сіңіретін, балбыратып уататын тұңғыш тәтті сазы, жылауын қойғызатын ән өлеңі де сол ғазиз ана бесікке сүйеніп отырып, емірене айтатын бесік жыры.
Ал нәресте өмірінің нәрі - Ана сүті. Халқымыздың байырғы ұғымында баланың Анасы алдындағы парызын өтеуі «Ана сүтін ақтау» деп аталады. Оның жөнін халық: «Ана сүтін Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарып келсең де, өтей алмайсың»,- деп түсіндіреді. Атақты орыс жазушысы М. Горькийдің: «Дүниедегі асыл атаулының бәрі күннің нұрынан, ананың ақ сүтінен жаралған»,- деуі де сол шындықты айқындайды. Әрине, сондықтан да дүние жүзінің барлық елдерінде Отанға опасыздық пен Ана сүтін ақтамау ең зор қылмыс саналады.
Биыл Абайдың жасы он үшке толған еді. Денесі де бір аралық кейіпте. Бойы өскен. Қол-аяғы ұзарған. Бұрын мұрны шолақтау болушы еді, биыл біраз ұзарып қалыпты. Бет бейнесі баладан гөрі ірілеңкіреп, бала бозбалалық қалпына бейімденген. Бірақ әлі сол мүсінде үлкендік жоқ. Толық, балғын емес. Сидиып, арықтап, құр созылған сияқты. Күн көрмей өскен, реңі солғын, бойшаң ғана өсімдік бейнелес.
Бұрын қара болушы еді, бетінің қызылы да бар еді. Қазірде қаладан қайтқандық және ауру қосылғандық бар ма, әйтеуір бозшылданған. Сұйықтау қоңыр шашының арасынан бас құйқасы да қылаңданып көрінеді. О да ауырғандық пен күн көзінде болмағандық белгісі.
Абайдың осы сияқты қалпына ендігі мінез машығы да бір алуан боп өзінше үйлесті. Ол атқа мініп жүруге жарағанымен, үйден көп шықпайды. Өзге баладан гөрі басқа бір ермек, бөлек, бір дос тапты. Онысы, әсіресе әжесі. Одан қала берсе шешесі. Абай биыл ғана анық бағалады. Бұның әжесі біртүрлі шебер әңгімеші екен. Қызық сөйлейді. Әңгімесінің барлық жерін дәмді ғып, қызықтырып айтады. Әуелі Абай ауыра бастағанда бір күні кешке ұйықтай алмай жатып, әжесінен әңгіме айтуды сұрады. Сонда ол ойланып отырып:
– Е-е… Бұлдыр-бұлдыр күн өткен. Бұрынғыда кім өткен? – деп кішкене тақпақтап бастап еді. Абай соны ұғып қапты. Келесі жолы әңгіме сұрағанда әжесін тізесінен ақырын қағып:
– Е-е… Бұлдыр-бұлдыр күн өткен. Бұрынғыда кім өткен? – деп тағы да әңгіме тілегенін білдіруші еді.
Әжесі әуелде көп-көп ертектер айтқан. «Еділ–Жайық», «Жұпар қорығы», «Құла мерген» – бәрі де айтылды. Оның әңгімелерін түсте де, кешке де, тіпті көш бойы да Абай айтқыза беретін болды.
Бертін келе, тәуір болып алған соң, әжесінен тағы бір әңгімелер тапты. Ол осы ел ішінде Зеренің жасынан бергі көргені, естігені жайындағы әңгімелер. … Кейде әжесі шаршап, айтпай қойса, өз шешесіне жабысатын. Ұлжан да көп әңгіме білуші еді. Және ол көбінесе өлеңді сөзді жиі айтады. Оқымаған шешесінің әлі күнге ұмытпай, білдірмей сақтап жүрген зейініне таңғалады. Нелер ескі заман жырларын, айтыс, өсиет, әзілдерін де көп айтып береді. Екі анасын көңілдендіріп тағы айтқызу үшін кейде өзі де қаладан әкелген кітаптарының ішінен «Жүсіп–Зылиқа» сияқты қиссаларды оқып береді. Әндетіп, мақамдап қояды. Шешелеріне ұғымсыз болған түрік тілінің жеке сөздерін жолшыбай қазақшалап отырады. Осымен қайта көңілдендіріп алып, ескі әңгімелерді тағы айтқызады.
Ана жайлы ойыңды, айтып тауса алу мүмкін емес. Әркімнің өз анасына деген махаббаты шексіз. Мен де анамның маған сыйлаған мәнді өмірі үшін алғысымды айта отырып, өз ойымды аз да болса жеткізгім келеді.
Шіркін! Осы бір үш әріптен тұратын «Ана» деген қасиетті сөздің құдіреті қандай десеңші!
«Ана» десе селт етпей қалар жан бар ма екен? Бізге жарық дүние сыйлаған ана емес пе? Ана — әрбір а үшін ең ыстық, жанға жақын, мағыналы да қастерлі сөз. Біз үшін түн ұйқысын төрт бөліп, ағаш бесікке асылып бал бөбегінің тәтті ұйқысын тамашалап отырып, таңның да атқанын сезбеген шығар. Алдыңа қойған мақсатыңа жетуің үшін ана жанын қиюға да дайын. Ана баласының үлгілі азамат боп өсуі үшін бар күшін салып, тер төгеді.