Ата – ана туралы диалог құрастыру.
Аспандияр: Сенің өміріндегі ең қымбат, асыл жандар кім деп есептейсің?
Еркебұлан: Менің ойымша, адам өмірінде қымбат та, асыл жандар жетерлік, бірақ солардың ішінде тек біреуін ғана атап, қалғандарын бөліп тастау мүмкін емес секілді, себебі жүрегімізде әрбір жанның алар орны ерекше.
Аспандияр: Дегенмен, кімді атап өтер едің?
Еркебұлан: Кімнен сұрамасақ та, ең әуелі барлығымызға АНА қымбат деп ойлаймын, себебі аналарымыз біздерге жарық дүние сыйлап, түн ұйқысын төрт бөліп, мәпелеп, тәрбие беріп,осы күнге жеткізді.Осы орайда ойыма «Анаңды үш рет Меккеге арқалап апарсаң да, ақ сүтін ақтай алмайсың» деген мақал түседі. Сонымен қатар, ардақты әкелеріміздің де орны бөлек. «Әке көрген оқ жонар» демекші, бала тәрбиесінде, отбасында әкенің қамқор, тірек, асыраушы ретінде алатын орны ерекше.
Аспандияр: Ия, дұрыс айтасың. Кімге болса да, ең әуелі ата – ана ыстық, қымбат. Анамыз бізге жарық дүние сыйлап, әкемізбен бірге бізді бағып – қағып, осы күнге жеткізді.
Еркебұлан: Біздің ата – ана алдында үлкен парызымыз бар. Ол дегеніміз берген тәрбие мен үлгі – өнегесіне құлақ асып, бізге артқан үкілі үміттерін ақтау, «мынау кімнің баласы, көргенсіз екен» деген сөздерден аулақ болу.
Отбасы – адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Отбасы белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы. Отбасында бала алғаш рет өмірмен, қоршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын игереді. Отбасы баланың азамат болып өсуінің негізі болып табылады.
Отбасының басты қызметі баланы тәрбиелеу. Отбасы тәрбиесі – бұл жалпы тәрбиенің ең басты бөлігі. Ата-ана және отбасы мүшелері жас нәресте дүниеге келген күннен бастап, оның өміріне қамқорлық жасап, болашағын жоспарлайды және саналы азамат болып өсуі үшін қажет жағдай жасайды. Бұған баланың қажеттігін толық қанағаттандыру, оны дене және ой еңбегіне үйрету, күн тәртібін дұрыс реттеуге , салауатты өмір сүруге, адал болуға тәрбиелеу, жақсылықты үйретуге, жамандықтан жиренуге үйрету, бойында жастайынан мәдени құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру жатады.
Қазақ отбасы тәрбиесінің өзекті мәселелері педагог- ғалымдар С. Қалиев, М.Смайылова, М.Оразаев, С. Ұзақбаева, К. Қожахметова, Ж.Б. Қоянбаевтардың еңбектерінде жан-жақты сөз болған.
Әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері арқылы сол халық отбасы тәрбиесінің де өзіне ғана тән мәдени құндылықтары қалыптасады.