Үш тіл – заман талабы 22 қыркүйек - ҚР халықтарының тілдері мерекесі. Әр халық өз тілінде сөйлеуге, оқуға құқығы бар. Әр азамат өзінің ана тілін біліп, сүюге, құрметтеуге міндетті. Сонымен қатар, әр адам өзге де тілді үйреніп, оларға да құрметпен қарап, өз кәдесіне жаратып жатса, «Жеті түрлі ілім біл, жеті жұрттың тілін біл» деп ата-бабаларымыз айтпақшы, нұр үстіне нұр болады. Сол себепті де біз бүгінгі шараны ана тілімізге және орыс тілі мен ағылшын тіліне арнаймыз.
Біздің еліміз – көпұлтты мемлекет. Елімізде жүздеген ұлт өкілдері достық пен бейбітшілікте өмір сүруде. Бабалар аманаты - дәстүріміз бен туған тіліміздің аясы кеңейіп, әлемдік өркениетпен ұштастығын тауып жатыр. Соның бір кепілі - ел болып атап өтіп жатқан - тілдер мерекесі. Тіл қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. «Әр елдегі қазақ әр елдің тілін мықтап игерсе, ол - білім. Ол шетел тілінде сөйлесе - тіпті жақсы. Бірақ ана тілін тұншықтырып, көміп тастаса - ол кешірілмес күнә» деген Н. Ә. Назарбаевтың сөзін басшылыққа ала отырып, мектепте оқытылатын тілдерден жарыс өткіземіз.
Жер шарында 900-ге жуық ұлт өмір сүреді. Қазір біздің планетамызда 5651 тіл бар, ол тілдерде миллиардтан астам адам сөйлейді. Өзінің тілін ана тілім деп атайтын бірден бір халық - қазақ. Өйткені, халқымыз Анасын қастерлеп, қадірлеген. Ең қасиетті, киелі нәрсені Анаға теңеген. Сөз мүшесінің саны жағынан алғанда қазақ тілі жер жүзіндегі 5651 тілдің арасында 70-орында.
«Төрт сөйлем» тәсілі
1. Пікір. Мәтіндегі деректерді қолданып, өз пікіріңізді жазыңыз. (1 сөйлем)
2. Дәлел. Өз ойыңызды аргументпен дәлелдеңіз.(1 сөйлем)
3. Мысал. Пікірді өмірмен байланыстырып, мысал келтіріңіз.(1 сөйлем)
4. Қорытынды.(1 сөйлем)
Жеті - қасиетті сан.
Қазақ - ырымшыл халық. "Қасиетті" сандарды білмейтін адамдар жоқ шығар: «үш», «төрт», «бес», «жеті», «тоғыз», «он үш», «қырықты» бала күнімізден естіп, біліп жүрміз.
Жеті саны киелі мәнде халық санасына, ұлттық ұғымға мықтап бекіген. Бұл санның тұрмыс-тіршілікте, халық фольклорында, діни ұғымдардағы маңызы ерекше. Оған дәлел, аптада неше күн бар – жеті, аспан неше қабат – жеті, жер неше қабат – жеті. Міне, қызық, бәрі де жеті. Нөсерден кейінгі жаратушының жаршысындай жауынмен жарысып шығатын кемпірқосақтың түсі – жеті, осыған қоса жинақтау сандары да жетімен шектеледі: біреу, екеу, ұшеу, төртеу, бесеу, алтау, жетеу. «Сегізеу», «тоғызау» болып айтылмайды. Міне, айта берсек «жеті» санының «сиқырын» сипаттайтын құбылыстар жетерлік. Қазақ халқының салт-дәстүрінде де жеті санының орны бөлек. «Жеті атасын білмеген – жетесіз», «жеті атасын білген ұл жеті жұртқа жөн айтар», «жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» немесе «жеті атадан әрі ғана қыз алысу заңы», яғни араға жеті атаны салып құда түсу әдеті ғасырлар бойы сақталып келеді. Жеті саны кейде жақсылықпен байланыстырылып айтылса, кейде жамандықпен де байланысып жатады. Мысалы, қазақ «жұт жеті ағайынды» дейді. Бұл тіркес халықтың басына аласапыран заман туып, ашаршылық, бүліншілік, індет, ауру келсе айтылады. Халық жеті жұтқа мыналарды жатқызады: құрғақшылық, жұт (мал қырылу), өрт, оба (ауру), соғыс, топан су, зілзала. Жеті санына байланысты культтік фразеологизмдер басқа сандарға қарағанда жұмсалу өрісі кең. Оларға: жеті ғашық, жеті шәріп (әулие); жеті қазына, жеті ғалам, жеті күн, жеті жұт, жеті жоқ, жеті қат көк т.б. жатқызады.