Менің Отаным Қазақстан
Қазақстан кең-байтақ ел. Төбесі көкке тірелген таулары бар, көк-жасыл орман-тоғайлары бар, асу-асу белдері бар, қойнауы алтын астық пен малға толған кең жазира даласы бар Қазақстан әлемге әйгілі өте бай ел. Табиғаты әр алуан жан -жануарларға толы, аққулы көлдері бар, тулаған толқынды теңіздері бар, әсем қалалары бар достығы жарасқан көпұлтты мемлекет. Әнұранымен әйгілі, Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі егемен елімізге қызыға қарамайтын ел жоқ шығар. Қазақстан жер көлемі жағынан Дүниежүзі бойынша тоғызыншы орында. Кең байтақ жеріміз біз үшін мақтанышқа тұрарлық. Қазақ елінде 16 млн-ға жуық халық тұрады. Әрине, бұл өзге мемлекеттерге қарағанда орташа көрсеткіш. Қазақстанда 150-ге жуық өзге ұлт өкілдері өмір сүреді. Бұл нәтижеге жүгіне отырсақ, Қазақ елі өзінің жері сияқты кең пейілді, қонақжай, бірлігі мен ынтымағы жарасқан ел екеніне көз жеткізуге болады. Қазақстан тәуелсіз мемлекет. Сондықтан да оның өз әнұраны, президенті, рәміздері бар.Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болғандықтан өзінің ұлттық валютасы да бар. 1993 жылы 15 қарашада Қазақстан Республикасының Ұлттық Валютасы «теңге» болып қабылданды. Қазақ елі өте дамыған мемлекет. Оны басқа шетелдіктерде мойындаған. Себебі, Қазақстан соңғы он жылдың ішінде дами түсті, көркейіп, өз экономикасын жақсартып, ішкі сыртқы саясатын дұрыстады. Қазақ елінің ұлан байтақ жері былай тұрсын, оның табиғаты мен өнеркәсіп жөнінен ерекшеленеді. Қазақстан мұнай мен газ, химиялық өнеркәсібі өте бай ел. Көмір де қазып алынады. Химиялық өнеркәсіпте алтын, күміс, темір, мыс, қорғасын, мырыш және т.б бар. Пайдалы қазбалардан негізінен ванадий, скандий, теллур алынады. Өзге шетелдіктермен саудаласып, экономикасын дамытуда. Ал біздің халқымызда атамекенді ардақтау сезімі өте терең деп ойлаймын. халқымыздың басынан қандай қиын кезеңдер өткенде де ата-бабаларымыз елімізді сыртқы жаудан қорғай білген. Өз елі үшін жанын да, барын да аямаған. Халқымыздың осы бір қасиеті жанымызға ана сүтімен тарап, ана тілімен дарып, ақ нанымен бекуі тиіс. Өйткені Отан біз үшін оттан да ыстық.
Қазан, 19
Қазақтың ең орныққан, маңызды қағидасының бірі осы – үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету. Ұрпақтарға ең үлкен тәрбиені де осы бір ауыз сөзбен бойына сіңірген.
Үңілсек, бұл сөзде үлкен философия жатқан сияқты. Өзімізден үлкенді құрметтесек, өзімізден кішіге иіліп ізет көрсетсек, адамзатты сыйлаған, бәрімен жақсы қарым-қатынаста болмаймыз ба? Ал күллі адамзатты сыйласаң, өзің де сыйлы боласың, құрметке бөленесің.
Қазақта отбасының әр мүшесінің өз орны бар. Шектен шығып бара жатқан кісіні «Өз орныңды біл!» деген бір ғана сөзбен тоқтатқан. Балалары ата-әжесін, әке-шешесін құрметтейді, олар айтқан сөзге тоқтайды. Аға-әпкелері іні-қарындастарына қамқор болады, келіндер үлкенге тік қарамай, даусын бәсеңдетіп сөйлейді. Дастархан басында отырғанда да осы қағида сақталады. Үлкендер–төрде, олардың жанын ала бере, оң жағында қыздар, сол жағында ұлдары, одан төменірек балалар, келіндер жайғасады. Төр – құрметті орын. Сондықтан да онда құрметті кісілер отырады.
Бұрынғы уақыттарда ауылдағы, ру ішіндегі не ел арасындағы дау-дамайды да үлкендер шешетін болған. Ақсақалдар отырысында шешілген байламға екі жақ та тоқтаған. Оған қарсы шықпаған. Қазіргі соттың үкімінен де артық бағаланған десек қателеспеспіз.
Кішілер үлкенге құрмет көрсетеді. Ол құрмет өмірдің әр алуан кездерінде әр түрлі формада жүзеге асады. Кішкентайында үлкеннің жолын кеспейді, оларға әрдайым сіз деп сөйлейді, тіл қайтармай, айтқанын бұлжытпай орындайды. «Сен демек қиын емес пе, бұрынғы туған үлкенге?!» деп Шортанбай Қанайұлы қазақтың танымын көрсетеді. Басқа қарсылықтарды былай қойғанда, тек «сен» деп сөйлеудің өзін өте оғаш санаған. Бала кезінен-ақ қонақты күтіп ап, олардың қолына су құйып қызмет жасау үйдің кіші балаларының еншісінде болған. Есесіне үлкендер оларға ризашылығын батасымен, мейіз-өрік, тәттісімен білдіретін болған. Қазірдің өзінде біз қонаққа барсақ, ол үйдің балаларына міндетті түрді сый-сауқатымызды ала барамыз.
Кішіге ізет көрсету де үлкен жауапкершілікті, асқан мейірбандылық пен махаббатты қажет етеді. Жүрегі жұмсақ адамдар ғана кішіге мейірімділік танытады. Ертеректе бір үйдің баласы, екінші үйдің тамағын жеп, ойнап, тіпті сол үйде қонып жүре беретін. Ешкім алаңдап, баласын іздемейді де сонда. Бір қазан тамақ жасалып, үйдегінің бәріне тартылатын. Қазақтың дархан көңілінің арқасы ғой!
Бұдан бөлек ел арасында ағасының өз інілерін жеткізіп, үйлендіріп, үйлі етіп жатқан неше жағдайларды естіп те, кездестіріп те жүрміз. Ол да болса әке аманатын орындап, кішілерге қамқарлықпен қарап жүргенінің мысалы.
Үлкенге құрмет көрсету мен кішіге ізет көрсету жалпы қазақта тәптіштеліп үйретуден емес, күнделікті тіршіліктен-ақ баланың бойына сіңіп кеткен сияқты. Өйткені тәрбие айтудан емес, көрсетумен ғана бойға сіңеді. Үлкен даналық жатқан бұл қағида шынында атадан балаға мирас болып келіп жатыр. Еш заңда жазылмаса да халықтың санасы мен тыныс-тіршілігіне сіңіп кеткен. Қазақта қай істі бастасақ та осы қағиданы біліп-білмей ұстанамыз. Қонақ күтсек, әуелі үлкендерді шақырамыз, үлкендерге амандасамыз, «басты» үлкендерге береміз, белгілі бір мәселені де алдымен үлкендермен ақылдасып, сол кісілердің батасын алып барып қана бастаймыз. Кішілер қызметін жасайды, сый-сияпатын алады, дегенмен оларды аяймыз, ауыр жұмысқа жұмсамаймыз. Еркелетеміз, тентектігін кешіреміз. Өмірдің өзі қарым-қатынастан тұратын болған соң: әркімге өз жолы бойынша құрмет көрсетеміз. Сәйкесінше өзіміз де құрметке бөленеміз. Өмірді жақсы сүру деген де осы емес пе?!