Көш жолдары – қыстаудан жазғы жайылымға немесе жаз жайлаудан қыстауға көшетін дәстүрлі көш бағыттары. Қазақстанның табиғи-климаттық жағдайына байланысты қалыптасып, халықтың үш мың жыл бойғы табиғатты пайдалануы мен тыныс-тіршіліктерін қамтамасыз етуінің негізгі формасы – көшпелі мал ш. болды. Бұл реттегі өндіруші шаруашылықтың басым кәсібі экстенсивті (сан жағынан көбею, жайылымды кеңейте түсу) көшпелі мал ш. болатын, ал оның басты ерекшелігі – мал азығы мен су көздерінің тапшылығы себепті, малды жыл он екі ай бойы жайып бағу еді. 15 – 17 ғ-ларда далалық аудандардағы қазақтарда шаруашылық саласы ретінде басым тұрғыда – тарихи қалыптасқан, қуаң дала мен жартылай шөлейт жерлердің табиғи-климаттық жағдайына сәйкес келетін көшпелі және жартылай көшпелі мал ш. сақталды. Малдың негізгі түлігі – қой, жылқы, түйе болды. Ірі қара мал аз мөлшерде, негізінен алғанда отырықшылықты жерлерде өсірілді. Көктеу, жайлау, күздеу, қыстау секілді маусымдық жайылымдарды алмастырып көшіп-қонып отырудың бұрыннан қалыптасқан жолдары мен жылдық айналымы орнықты.
Қайырымдылық — көмекті қажет етушілерге (адам және барлық жандыларға) білдірілетін сүйіспеншілік пен нақты көмек. Қайырымдылық ізгіліктің анық көрінісі болып табылады. Қайырымдылық — адамның асыл қасиеттерінің бірі. Кісінің айналасындағы адамдарға деген ықыласы мен көмегін адамгершілік қарым-қатынастарын білдіреді. Қайырымдылық ұғымының екі қыры бар.
Бірі — рухани-экономикалық жағы (басқаның басына түскен ауыртпалықты қабылдау),
Екіншісі — іс-тәжірибелік жағы (іс жүзінде нақты көмек беруге ұмтылу).

Қайырымдылық көрінісі
Сондай-ақ, қайырымдылық этикалық және интеллектуалдық болып та бөлінеді. Этикалық қайырымдылыққа ұстамдылық, батылдық, жомарттық, әділдік жатады. Ал интеллектуалдық Қайырымдылыққа даналық, парасат, ақыл-ой тапқырлығы мен өткірлігі сезімталдық жатады. Адам өз ұрпағына қайырымдылықты жастайынан үйретіп, адамгершілік қасиеттерге баулуға ұмтылады. Біреуге жақсылық, жан-жануарларға, табиғатқа қамқорлық жасау — қайырымдылықтың көрінісі. Рақымды, мейірімді, жан жылуы мол адамды қайырымды адам дейді. Ал ешкімге жаны ашымайтын, жүрегінің жылуы жоқ, қатыгез адамды қайырымсыз деп атайды. Қайырымдылықты мүсіркеушілік және жарылқаушылық деп те түсінуге болады. Ол кейде кедейкепшік, жарлы-жақыбай жандарға көмектесумен, қайырсадақа берумен де көрініс табады. Қазір біздің елімізде түрлі қайырымдылық қорлары ұйымдастырылған, қайырымдылық іс-шаралары өткізіліп тұрады